Әлем • 17 Маусым, 2020

Жаһандық сауда дағдарысқа ұшырады

387 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы қаржы дағдарысынан кейінгі ең төмен көрсеткіш салдарынан транс­ұлттық корпорациялар өндірістегі жаңа қиындықтарды ескеруге мәжбүр.

Жаһандық сауда дағдарысқа ұшырады

 

Пол ХЭННОН,

Стю ВУ

Жаһандық сауда ағыны бірінші тоқсанда  күрт құлдырады. Ал бұл халықаралық сауданың соңғы он жылдағы ең үлкен қысқаруы деген алдын ала болжамға алып келеді. Өйткені коронавирус пандемиясы саясаткерлер мен трансұлттық корпорацияларды әлемдік экономиканың негізі – тауарларды жеткізудің жаһандық тізбегін қайта қарауға мәжбүрлейді.

Нидерландық Экономикалық саясат  талдау бюросы нау­рыз айында шекаралар арқылы өтетін тауар айналымы осы жылдың ақпан айына қарағанда 1,4 пайызға төмен болғанын, ал алғашқы тоқсан нәтижесі 2,5 пайызға қысқарғанын мәлім­деді. Бұл – жаһандық қаржы дағдарысынан кейін анық­талып отырған алғашқы ең төмен көрсеткіш.

Шектеулер алынғаннан кейін де экспорт пен импорттың тез арада қалпына келетініне көбі сенбейді. Оның орнына мамандар трансшекаралық жеткізу тізбегінің жұмысы қиындай түседі деген ойда.

1

Дүниежүзілік сауда ұйымы экономистерінің болжамына сәйкес, 2020 жылда тауар айналымы 13-32 пайызға қысқармақ. Айналым 3 есе қысқарса, «Ұлы тоқырау» кезіндегі көрсеткішпен тең болмақ. Алайда ол сол кездегідей үш емес, бір жылға созылуы мүмкін.

Вирустың таралуы тоқтап, экономикалық белсенділік қалпына келетін болса, тауар айналымы да келесі жылы реттелуі мүмкін.  Дегенмен сауданың күтпеген жерден тоқтауы мемлекеттердің бір-біріне тәуелділігін көрсетті. Бұл – көлік өндірісінен бастап желдеткіштер мен смартфондарға дейінгі барлық өндіріске қатысты тәуелділік.

Қытай мен АҚШ арасындағы сауда қатынасы, тех­но­логиялық шиеленіс пен коронавирус трансұлттық кор­по­­ра­циялар мен саясаткерлерді өндірісті өздеріне мей­лінше жақын аймаққа бағыттауға, сонымен бірге қауіпті тауар­лардың өндірісін қорғап, олардың Қытайға тәуел­ділігін азайтуға мүмкіндік іздеуге итермелеуде.

1980 жылдардан бері қарайғы тарифтердің төмендеуі мен басқа да сауда тосқауылдары логистика мен байланыстың дамуымен бірге өндіріс үдерісін өзгертіп, оны басқа елдерде үлестіруге әсер етті. Мемлекеттер арасында бөлшектерді тасудан бастап дайын өнімді соңғы тұтынушыға дейін жеткізу жаһандық қаржы дағдарысына дейінгі ғаламдық өндіріске қарағанда тез дамыған сауда ағынының өсуіне әкелді. БҰҰ бағалауына сәйкес, әлемдік сауданың үштен бірі көпұлтты компаниялардың арасында жүреді екен.

Әлем бойынша көлік байланысын тоқтатып, зауыттар­дың жабылуына әкелген пандемия ұзақ тізбекті жеткізуге қатысты күмәнді күшейте түсті. Әсіресе Қытайға қатысты мәселелерде өршіп жатқан күмән күшейе түскен тәрізді. Дегенмен Қытай не басқа да жеткізуші кезекті кедергіге тап болып немесе басқа да табиғи апаттан зардап шексе,  құрылымдарға басқа балама табу қиынға соқпақ.

Саясаткерлер жеткізу тізбегі пандемия және АҚШ – Қытай арасындағы ұзаққа созылған сауда соғысы салдарынан өзгереді деп күтуде. Жеткізу тізбектері екі ел арасындағы шиеленіс нәтижесінде бұған дейін де өзгеріске ұшыраған еді. Кейбір компаниялар өндірістерін АҚШ-қа арналған тауарлар тарифінен қашу мақсатында Қытайдан Вьетнам сияқты елдерге ауыстырды. Оған қоса технология өндірісі де АҚШ үкіметінің «Huawei Technologies» компаниясына залал келтіру жоспарының негізіне айналды. АҚШ «Huawei» мен Бейжіңнің жоққа шығаруына қарамастан компанияны ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер деп тануда.

Үкіметтер сақтық киімдері мен басқа да медициналық құрал­дармен қамтамасыз етуге тырысумен бірге жеткізу тізбегін бақылауды күшейтті. «Global Trade Alert» швей­цариялық сауданы бақылау тобының дерегіне сәйкес, осы жылдың басынан бастап 85 ел медициналық құралдар мен дәрі-дәрмекті бақылаудың 186 жаңа шарасын, ал 27 ел азық-түлік экспортына қатысты 37 жаңа шектеу енгізген.

АҚШ-пен қатар бірнеше үкімет алғашқы қажеттіліктегі құралдарды өндіруге өздері  қадамдар жасаса, Ұлыбритания медицина тауарларының импортына тәуелділіктен құтылу жолдарын қарастырып жатыр.

Саясаткерлер мен трансұлттық корпорациялардың жеткізушілерді әртараптандыруға байланысты кейбір елдер жаңа мүмкіндіктерді пайдалануда. Мысалы, Еуропалық қайта құру және даму банкі Еуропа одағына мүше шығыс аймақтағы мемлекеттерге өздерін тұрақты жабдықтау базасы ретінде ұсынуға көмектесіп жатыр.

 

Дайындаған

Светлана Ғалымжанқызы,

«Egemen Qazaqstan»