Таяуда партия Төрағасы қазақстандық ең белсенді волонтерлерге өз ықыласын білдіріп, Алғыс хаттарға қол қойған еді.
«Төтенше жағдай кезінде Jas Otan бүкіл ел бойынша бес мыңнан астам еріктіні жұмылдырды. Олар демалыссыз жұмыс істеп, мұқтаж адамдарға көмек жеткізді. Нағыз патриоттардың, жауапкершілігі мол жас көшбасшылардың жаңа буыны қалыптасқаны қуантады. Олардың ең белсенділеріне арналған Алғыс хаттарға қол қойдым», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Салтанатты шара барысында Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Jas Otan жастар қанатының волонтерлері республика бойынша 250 мыңнан астам отбасына азық-түлік себеттерін, маскалар мен ең қажетті заттарды жеткізіп бергенін атап өтті. Сондай-ақ жасотандықтар алғашқылардың бірі болып Мақтаарал ауданына аттанғанын, 500-ден аса жас әлі де табиғи апаттан зардап шеккен ауыл тұрғындарына ақысыз көмек көрсетуді жалғастырып жатқанын хабарлады.
«Өздеріңіз білетіндей, Елбасының бастамасымен Nur Otan партиясы Мемлекет басшысының қолға алған дағдарысқа қарсы шараларына қосымша мұқтаж азаматтарымызға қарқынды көмек көрсетіп жатыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қорының желісі бойынша меценаттардың қолдауымен 470 мыңнан астам отбасы 50 мың теңгеден біржолғы төлемақы алды. Тұңғыш Президент Қорымен бірге аса мұқтаж отбасыларға атаулы қолдау көрсету ұйымдастырылды. Осынау жұмыстарды атқаруда волонтерлеріміздің рөлі зор болды. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлы 2019 жылды Жастар жылы деп белгілесе, ал 2020 жылды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Волонтер жылы деп жариялауы символдық мәнге ие болды. Сіздер Отанға деген сүйіспеншіліктеріңізді, азаматтық пен жанашырлықтарыңызды таныта отырып, бүкіл қазақстандық жастарға үлгі көрсеттіңіздер», деді Бауыржан Байбек.
Сонымен бірге партия Төрағасының бірінші орынбасары жастарды алдағы партияішілік таңдау – праймеризге қатысуға шақырды.
«Жақында партия Лидері биылғы 17 тамыздан 3 қазанға дейінгі аралықта Праймериз өткізу туралы қаулыға қол қойды. Біздің мақсатымыз – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына партиялық тізімдер қалыптастыру үшін жаңа лидерлерді анықтау бойынша барынша ашық әрі бәсекелестік негізде іріктеу өткізу. Бұл ретте 35 жасқа дейінгі жастарға – 20%, ал әйелдер үшін 30% квота көзделген. Осы арқылы біз дарынды да бастамашыл жастарымыз үшін партиялық «әлеуметтік лифтіні» қамтамасыз етпекпіз», деді Бауыржан Байбек.
Осы аптаның ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Алғыс хаттармен үш мыңдай қазақстандықты марапаттау жоспарланғанын атап өткен жөн. Олардың арасында партияның өңірлік филиалдарының волонтерлері мен белсенділері, сондай-ақ меценаттар бар.
«Төтенше жағдай режімі енгізілген кезде қиын жағдайға тап болған азаматтар көп. Менің оларға қандай да бір көмек бергім келді. Әлеуметтік желілерден Nur Otan партиясы мұқтаж азаматтарға азық-түлік жеткізіп беріп жатқанын және бұл іске көмек беретін еріктілер қажет екендігін білгеннен кейін ұйымдастырушыларға бірден хабарластым. «Biz Birgemiz» секілді ауқымды акцияға қатысқаныма шексіз ризамын», дейді волонтер Эльмира Айғалиева.
Jas Otan жастар қанаты белсенділерінің бірі Сергей Матюшенко өз кезегінде Елбасының Алғыс хатын алу ерекше мәртебе екенін және оның адамдарға көмек көрсетуге күш-жігер сыйлайтынын атап өтті.
«Еліміз үшін осынау күрделі уақытта Nur Otan партиясы барша ақжүрек азаматтар мен жастарды біріктіре отырып, жұртқа өзінің жауапкершілікті арқалап, халықтың қамын ойлайтын саяси күш екендігін көрсете білді. Алдағы праймериз – партияның жастарға өз қабілеттерін ашулары үшін нақты жағдай жасап отырғанына тағы да бір дәлел», деді ол.