inform.kz
Аталған іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова және азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар, БАҚ өкілдері қатысып, екпені міндеттеу мәселесіне қатысты пікірлерін ортаға салды.
Алдымен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева сөз алып, дәл қазір халықтың қауіпті жұқпалы дерттен амандығы басты назарда тұрғанын, бұл ретте вакциналау мәселесінің өте маңызды екенін атап өтті.
– Біздің министрлік қоғамдағы ең өзекті, елдің ең қарама-қайшы пікірлері тоғысқан мәселелерді ортаға салып, осындай ой-талас алаңында талқылап, дұрыс тұжырымдар жинақтауды дәстүрге айналдырды. Бүгінгі тақырыбымыз – елді жаппай вакциналау мәселесі. Әңгіме ауаны «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасының алдын алу екпелерін салуға қатысты кейбір тармағы туралы болып тұр. Біз бұл тақырыпты өзекті болғаны үшін ғана таңдап алған жоқпыз. Аталған шараларды заңнамалық деңгейде бекітудің қажет екенін әрбір азаматқа түсіндіру аса маңызды. Бүкіл әлем коронавирус індетімен күресіп жатқан кезде вакциналаудың маңызын қайта бағалау күрделі екені сөзсіз. Оның үстіне вакцина әзірлеудің оңынан болғанын тағатсыздана күтіп отырмыз. Осы тұста екпеге қарсылардың идеялары мен пікірлерін де түбегейлі жоққа шығаруға болмайды. Өйткені олардың көбі екпенің өзіне емес, оның сапасына қарсы, – деді Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, жаңа кодексте аталған мәселенің ерекшеліктері ескеріліп, жауапкершілік, оның ішінде сапасыз екпе үшін нақты тетіктер енгізіледі. Ол осы тұрғыда барынша сындарлы саясат қажеттігін, бұл болашақ ұрпақтың амандығы үшін маңызды екенін айтты. Сондықтан да осындай ортада мәселені жан-жақты талқылап, сарапшылардың түрлі пікірлеріне құлақ асу құптарлық қадам болды.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова кейінгі кездері әлеуметтік желілерде вакциналау жиі қозғалып жатқанын, министрлік алаңында бірнеше мәрте өткізген онлайн талқылауда екпе жасаудың маңызын түсіндіргендерін мәлімдеді. Сондай-ақ ол осы жиын барысында да ата-аналарды толғандырған сауалдардың жауабы табылады деген ойын жеткізді.
– Вакциналау инфекциялық аурулардан қорғанудың тиімді тәсілі болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша екпе жасау жыл сайын 3 миллионнан аса адамның өмірін сақтайды, – деді Людмила Бюрабекова.
Конференцияға мамандар мен сарапшыларға қоса ата-ана ретінде қатысқандар да болды. Солардың бірі елордадағы М.Горький атындағы театрдың әртісі Светлана Фортуна ата-аналар екпеден кейінгі асқыну жағдайларын зерттеуге біраз уақыт жұмсайтынын алға тартып, екпелердің құрамына қатысты алдын ала нақты ақпараттандыру шаралары қарастырылуы керек екенін айтты. Осы орайда ол екпеге қатысты барлық мәлімет қамтылатын үкіметтік сайт құру туралы ұсынысын жеткізді. Онда екпенің құрамы, асқыну жағдайлары, тиімділігі жөнінде толық мағлұмат берілсе, құба-құп.
Екпелердің құрамына қатысты күмән туғанда әңгімеге «Ұлттық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау орталығы» басқармасының төрағасы Арнұр Нұртаев араласып, вакцина өндірісі процесінің қалай жүргізілетінін, вакцина құрамына не кіретінін айтып берді.
– Ұзақ уақыттан бері адъювант, протеин, қант, формальдегид, сынап не үшін қолданылатынын түсіндіруге тырысып келеміз. Вакцина әзірлеу үшін түрлі тұрақтандырғыштарды, инактивацияларды пайдалану қажеттігі туындайтын өте күрделі биологиялық тізбек қажет. Айталық формальдегид вирустарды, полиомиелитті инактивациялау үшін пайдаланылады. Бірақ вакцина құрамындағы формальдегид көлемі өте аз. Адамдар су ішкенде, тамақтанғанда формальдегидті әлдеқайда көп алады. Жан-жақты орталықтандырылған зерттеулер бар. Олар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Органикалық зерттеулер де өте көп өткізіледі. Ондаған мың түрлі зерттеулер вакцина өндірісі барысында пайдаланылатын заттардың мүлдем қауіпсіз екенін көрсетіп отыр, – деді ол.
Бұл ойды қостаған Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің, Еуразиялық медициналық қауымдастықтың төрайымы Надежда Петухова қазіргі вакциналардың сапасы төмен емес екенін алға тартты.
– Екпеге қарсы шығып жүрген дәрігерлердің де тобы пайда болыпты. Олар аутизм жайында, екпеден кейінгі асқынулар туралы пікір білдірді. Вакциналау сіздің балаңыздың ғана емес, сонымен қатар бүкіл қоғамның қорғаушысы екенін айтқым келеді. Қазіргі уақытта коронавирус індетіне байланысты жағдайды көріп отырмыз. Егер біз бүгінгі таңда вакциналау маңызын жете түсіне алмасақ, онда екпе салынбаған, белгілі бір аурулардан қорғалмаған балалар көп болған сайын ұмытып кеткен инфекциялардың қайта шығу қаупі туындайды, – деді Надежда Петухова.
Нұр-Сұлтан қалалық №4 емханасы педиатрия бөлімшесінің меңгерушісі Виктория Виниченко вакциналау арқылы кейбір ауру түрлері толықтай жойылғанын, сондай-ақ елімізде екпеден бас тартатындар өте көп деген мәліметтің жалған екенін атап өтті. Оның мәліметі бойынша, 2019 жылы вакцинадан бас тартудың 6 003 фактісі тіркелді. Бұл – 1 пайыздан да аз, яғни 0,12 пайыз шамасында. Аталған мерзімде 4 841334 балаға екпе жасалды, соның ішінде иммундаудан кейін қолайсыз көріністер 143 балада (0,003) байқалды. 2019 жылы Қазақстанда жарақаттан көз жұмған балалар саны 1 200 болса, ал вакцинадан – 0.
– Екпе түрлі аурулардың өршуіне алып келеді деген сияқты әңгімелер негізсіз. Мәселен, ағылшын дәрігері Уэйкфилдтің қызылша, паротитке қарсы аралас вакцина аутизмді тудырады деген шулы жарияланымын айтуға болады. Дәрігер өзінің бақылауында болған 170 баланың 12-сіндегі аутизмге тән мінез-құлық пен сөз сөйлеуіндегі кемшіліктердің себебі қызылша, паротитке қарсы аралас вакцина болған деген қорытынды шығарады. Дәл осы қадағалау барысы бір ғана ғылыми жарияланымға негіз болған және ол кейінірек жалған деп танылған. Ал дәрігердің өзі мәліметтерді бұрмалағаны анықталды. Аталған жарияланымда балалардағы аутизм белгілері екпе салынғаннан кейін бірнеше күннен соң пайда болғаны айтылады. Ал негізінде балалардың бойындағы мұндай белгілер екпе салынғаннан кейін бірнеше айдан соң білінсе, енді біреулерінде екпе салынбай тұрып аутизм белгілері болған. Сәл кейінірек доктор Уэйкфилдтің аралас екпеден бас тартуға мүдделі болғаны және аутизмі бар пациенттерді зерттеуге әдейі таңдап алғаны анықталды. Өйткені ол қызылшаға қарсы жаңа моновакцина шығаруға қатысқан. Уэйкфилд әрекеті заңға қайшы әрі клиникалық сынақ жүргізудің барлық ережелерін бұзады деп танылды. Сондықтан Ұлыбританияның бас медициналық кеңесі оны өмір бойы медицина қызметімен айналысу құқығынан айырды. Қазіргі уақытта вакциналау мен аутизм арасында байланыс жоқ деп саналады, – деді Виктория Виниченко.
Сонымен қатар бұл жиынға Парламент Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова қатысып, аталған кодекс жобасындағы екпеге қатысты өзгерістер жөнінде пікірін білдірді. Бұл кодексті талқылау барысында 3 мыңнан аса ұсыныс түсіп, салыстырмалы кестеде 1,5 мыңға жуығы қаралып, 717 түзету мақұлданды.
Сөз соңында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева екпе төңірегіндегі даулы мәселелердің түйінін тарқатуға осындай кездесулердің септігі тиетінін, айтылған ұсыныстар мен сын-ескертпелер назарға алынатынын айтты. Қорыта айтқанда, денсаулықтың қадірін ұқтырған қазіргі қысылтаяң шақта «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің азаматтардың амандығын қамтамасыз етуге бағытталғаны анық.