Экономика • 17 Маусым, 2020

Ипотекалық қарыздарды жеке-жеке қарайды

150 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде борышкерлерге қосымша қолдау көрсету шараларын іске асыру үшін қоғам­дық бірлестіктердің басшыларымен кездесу өткізді.

Ипотекалық қарыздарды жеке-жеке қарайды

Агенттіктің хабарлауынша, бүгінгі таңда екінші деңгейдегі банктер мен ипоте­ка­лық ұйымдар 256,7 млрд теңге сомаға 37 191  ипотекалық қарызды қайта қаржылан­дыру­ды мақұлдаған. Бағдарлама бірнеше блок­тан тұрады. Ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру бағдарламасы борыш­керлердің жалғыз баспанасын сақтауға, борыш жүктемесін төмендетуге және оларды  валюта бағамдарының құбылуынан қорғауға бағытталғанын айта кетейік.

 2004-2009 жылдары бағдарламаның бірінші блогында Ұлттық банк борышкер­лердің берешегін жеңілдету үшін 130 млрд теңге бөлді. Ол қаржыны банктер игерді. Ендігі кезекте қайта қаржыландыру бұған дейін қарыздарды өтеуден түскен ақша есебінен жүзеге асырылуда. Қазір жалпы көлемі 174,7 млрд теңгені құрайтын 28 117 өтініш мақұл­данды, 161 млрд теңгені құрайтын 27 006 қарыз қайта қаржыландырылды.

Бағдарламаның екінші блогында 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін алынған жеке тұлға­лар­дың валюталық ипотекалық қарыз­дарын Ұлттық банк 2015 жылғы 18 тамыздағы теңге бағамы бойынша теңгемен қайта қар­жыландырмақ. 1 маусымдағы жағдай бо­йынша 82 млрд теңге сомаға 9 074 өтініш ма­құл­­данып, 68,4 млрд теңгенің 7 750 валю­­та­лық ипотекалық қарызы қайта қар­жылан­дырылды.

Биылғы қаңтар айынан бастап Қаржы на­ры­ғын реттеу және дамыту агенттігі ха­лық­­тың әлеуметтік осал топтары санатына жа­та­тын қарыз алушылардың ипотека­лық жү­к­те­месін төмендетуге, сондай-ақ аза­мат­тар­­дың жалғыз баспанасын банктің бала­нсы­­­нан кепіл берушінің меншігіне қай­таруға ба­ғыт­талған қосымша шараларды енгізгенін атап өткен ләзім. Бұл бағдарла­маның үшінші блогы шеңберінде атқарылған жұмыс.

Валюталық ипотекалық қарыздарды қай­та қаржыландыру мерзімі 2020 жылғы 31 жел­тоқсанға дейін ұзартылды. Қарыздың бағ­дар­лама талаптарына сәйкестігін анықтау үшін азаматтар кредитор-банкке жүгінуі қажет.

Агенттік банктерге бақылау жүргізеді, еліміздің барлық өңірлерінде банктің қарызды қайта қаржыландырудан бас тартуының заңдылығы туралы қарыз алушылардың шағымдарын қарайтын арнайы комиссиялар құрылған. 2020 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша комиссиялар қарыз алушылардың 5 094 шағымын қарады. Қоғамдық бірлестіктердің өкілдері өз кезегінде комиссиялардың өкілеттіктерін кеңейтуді және екінші деңгейдегі банктердің ипотекалық қарыздар бойынша өтініштерді қарау мерзімін жеделдетуді ұсынды.