Саясат • 18 Маусым, 2020

Партия жақтастарының лигасы құрылды

220 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордада Еуразиялық интеграция институтының директоры, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров бастаған бірқатар азамат БАҚ өкілдерімен кездесу өткізіп, Nur Otan партиясы жақтастарының лигасы құрылғанын мәлімдеді.

Партия жақтастарының лигасы құрылды

Кездесуге қатысушылардың қатарында саясаттанушы, «Мир Евразии» қоғамдық қорының президенті Эдуард Полетаев, «Серпін» ұлттық білім беру және инновация палатасының президенті, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов, саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Марат Шибұтов, публицист Бибігүл Дәулетбекқызы, «Ана тілі» газетінің бас редакторы, публицист Жанарбек Әшімжан, белгілі блогер Яков Федоров болды.

– Демократия, пікірлердің плюрализмі елімізде қалыптасуы керек. Бұларға ешқандай балама жоқ. Дегенмен, осы демократия­ға, саяси плюрализмге деген ұм­тылыс еліміздің мемлекеттік іргетасын девальвацияға алып келмеуі тиіс... Әлеуметтік желі­лерде және қоғам алдында сөз айтып жүрген азаматтар еліміздегі әлеуметтік процестерге үлес қосу­ға қабілетті. Сондықтан эконо­микалық мәселелерді шешу­ге өзінің рецептін бере алатын, елі­міздегі қоғамдық процестерді прогреске жетелейтін Nur Otan партиясы жақтастарының лигасын құруды жөн көріп отырмыз, – деді Е.Саиров. Оның ай­туынша, Nur Otan партиясы жақтастары лигасының ең не­гізгі қағидасы – центристік болмақ. 

Е.Саировтың сөзіне қараған­да, лига өз жұмысын үш бағытта жүр­гізеді. Бірінші бағыт – әлеу­мет­тік әділеттілік, екіншісі – қоғам­дық-саяси трансформация, ал үшіншісі – экономикалық өр­леу. Кезек күттірмейтін мәселе ре­тінде жақтастар лигасы Nur Otan партиясы жариялаған партиялық праймеризді қатаң қоғамдық ба­қылауға алады.

– Елдегі саяси ұсыныстар мен идеялардың бәсекесіне зәру. Өз­деріңіз жақсы білетіндей, ел заң­намасына бірқатар өзгеріс енгізіліп, соның нәтижесінде саяси сахнаға көтерілуі үшін әйелдер мен жастарға жол ашылды. Сол секілді Nur Otan партиясында прай­мериздің жариялануына бай­ланысты көптеген азамат саяси процестерге қа­ты­су мүм­кіндігіне ие болды. Бұл – өте дұрыс қадам. Себебі біз­­дің елі­мізге өзгеше ойлайтын, оң ше­шім қабылдай алатын аза­мат­тар ауадай қажет. Ондай аза­мат­тар көптеп табылып жатса, пар­тия­ішілік іріктеудің де барын­ша ашық өткендігі деп айтуға бола­ды. Сондықтан жақтастар лигасының жүйелі жұмысына Nur Otan партиясы да мүдделі, – деді Э.Полетаев.

Nur Otan партиясының праймериз жобасына қатысты пікірін М.Әбенов те білдірді.

– Қазір тек Қазақстанда ғана емес, дүние жүзінде болып жат­­қан саяси-қоғамдық про­цесс барлығын ойландырады. Америка, Еуропаны алып қарай­тын бол­сақ, азаматтық қоғамның даму деңгейі өте жоғары және бұ­рын­ғы басқару жүйелері өз дең­гейінде қызмет атқарып жатыр деп айта алмаймыз. Жұрттар кө­шеге шығып, әртүрлі талаптарын қойып жатыр. Мемлекеттік органдар барлық жағдайда соған қажетті шешімдер қабылдап үлгермей жатқанын байқап отырмыз. Дәл осындай проблемалар бізде де бар. Оны өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Өкінішке қарай, мемлекеттік органдардың халық алдындағы беделі көп жағдай­да қажетті деңгейде емес. Өзара сенім жоқ, – деді М.Әбенов. Оның айтуынша, мұндай проблемалар қоғамдық бақылаудың жоқтығы мен халық көтерген мәселелерді биліктің естімеуі салдарынан туындап отыр. Өткен жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылып, соның алғашқы отырысында Президент «Парламенттің мәртебесін, беделін көтеруіміз керек. Ал Парламент халықтың үнін билікке жеткізуі керек» деп анық айтқан болатын. Сондықтан М.Әбенов елімізде халықтың үнін жеткізетін Парламентті қалып­тастыру қажет деп есептейді.

– Елімізде алғаш рет мәсли­хат­қа сайлау партиялық тізім бойынша жүргізіледі. Алайда сайлаушылар саны 13 млн бол­ғанымен, партия мүшелерінің саны одан шамамен он есе аз. Сондықтан олар­дың партия­іші­лік процестер­ге әсер ете алу мүмкіндігі өте төмен еді. Енді партия қызметі халықпен барынша тығыз қарым-қатынас орнатуды мақсат тұтып отыр. Мәселен, елі­міз­де пандемия жағдайы орын алмас бұрын аймақтарды дамыту жос­парына қатысты бірқатар бас­тама­ қолға алынған еді. Сол жұмыс­тарды жалғастыру қажет. Реа­лизмді жақтаушылардың қа­тарында болғандығымнан, бас­таған ісімнің аяқсыз қалмауын қалаймын. Сондықтан Nur Otan партиясы жақтастарының лигасына қосылып, ел мүддесі жолын­да еңбек етуге бел байладым, – дейді М.Шибұтов.

– Nur Otan партиясы жақтас­тарының лигасына қосыла оты­рып, ашық пікір алаңын қалыптас­тырсақ, ел ырысын еселеуге өз үлесімізді қоссақ дейміз, – дейді Ж.Әшімжан.

Кездесу барысында танымал журналист Б.Дәулетбекқызы мен бел­гілі блогер Я.Федоров те өз ой­ларын ортаға салып, прай­ме­риздің артықшылығын алға тартты.