Коллаждарды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Ол – Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құрамына кіретін мекеме жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің өсімін молайту және сақтаумен айналысады. Бұл комитетке 53 ведомстволық бағынысты ұйымдар кіреді, мұның ішінде ұлттық парктер мен қорықтар, резерваттар мен облыстық аумақтық инспекциялар, балық өсіру зауыттары, бұдан бөлек селекциялық және орман орналастыру мекемесі бар.
Киік популяциясы – Қазақстанда
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жан-жануарларды қорғау мақсатында жыл сайын әртүрлі шаралар ұйымдастырылады. Соның бірі – «Киік» кең ауқымды табиғат қорғау акциясы. Киік еліміздің 10 облысының аумағында мекен етеді. 2019 жылғы санақ бойынша киік – 334 400 басты құрады, өсім 55% болған. Қазақстанның Қызыл кітабына енбеген, аңшылық түрге жататын, реттелетін жануарды 2023 жылға дейін атуға тыйым салынды. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы киікті атуға тыйым салынуы себептерін айтып берді. «2015 жылы 200 мыңға жуық киік қырылып, саны күрт азайды. Киіктің санын молайту үшін мемлекет осындай мораторий жариялады. Орман шаруашылығы комитеті мен 14 облыстық аумақтың инспекциясы және «Охотзоопром» мекемесі киікті және Қызыл кітапқа енген жануарларды қорғаумен айналысады.
Биыл 15 сәуір мен 15 мамыр аралығында Экология, геология және табиғи ресурстар және Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесіп, «Киік» атты кең ауқымды табиғат қорғау акциясын бастады.
Бұл акцияға орман шаруашылығы комитеті тарапынан 200 инспектор, 64 жоғарғы жылдамдықта жүретін автокөлік, 6 блок-пост, сонымен қатар 16 бірлік кунг, 5 бірлік мотоцикл және биыл қорғау жұмыстарына ұшқышсыз ұшатын аппараттарды қолданып жатырмыз. Негізгі мақсат – акция кезінде киік мүйізіне деген сұранысты тыю», дейді С.Ділдахмет. Қазіргі таңда киік мүйізінің контрабандалық жолмен шетел асып жатқаны үлкен проблемаға айналды. Бұл іспен айналысатын ұйымдасқан топтар бар, ауыл-аймақта киікті атып, мүйізін жинайтындар бар. Тіпті, қабырғаларға арнайы хабарлама іліп, әртүрлі сату сайттарында «киіктің мүйізін сатып аламыз» деген хабарламалар жарияланады. Осындай тізбектелген тірлікпен айналысатын азаматтарды анықтау мақсатында акция басталған болатын.
«Акция басталғалы бері 6 киікті заңсыз сатудың браконьерлік фактісі тіркелді, 27 ұшасы және 697 мүйізі тәркіленді. Қарап отырсақ, акция барысында осындай кең көлемді табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықтар анықталуда. Таяуда ғана Батыс Қазақстан облысында 200-ден аса киіктің мүйізін заңсыз сатқан азаматтар ұсталды», дейді С.Ділдахмет.
Киіктің ерекшелігі – мүйізі тікелей бас сүйегімен байланысқан. Мысалы, маралдың мүйізін кесіп тастасаң, қайта өсіп шығады. Ал киіктер өте сезімтал аң болғандықтан, қансырап өледі. Егер текелері көп көлемде атылса, онда киіктердің саны өспейді. Бұл тікелей киіктердің генофондына әсер етеді.
Инспекторлардың қауіпсіздігіне кім жауапты?
Өткен жылы инспектор Ерлан Нұрғалиев өлімі елдегі браконьерлермен күрестің осал тұсын көрсетіп бергендей. Қоршаған ортаны қорғаймын деп жүріп қаза тапқан инспекторлардың қауіпсіздігіне кім жауапты? Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев халыққа есеп беру кездесуінде осы мәселеге тоқталды. «Мемлекет басшысы браконьерлікпен күрес мәселесіне ерекше мән беруде. Министрлік ІІМ және БП-мен бірлесіп, 2019 жылы браконьерлік үшін жауапкершілікті күшейту бойынша қолданыстағы қылмыстық заңнамаға түзетулер енгізді. Қылмыстық кодекске біз табиғатты қорғау инспекторлары мен қорықшылардың өмірі, денсаулығына қол сұғушылық үшін қатаң жаза қарастыратын жеке бап енгіздік», дейді М.Мырзағалиев. Яғни 2019 жылы Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне өзгертулер енгізілді. Біріншіден, браконьерлік үшін жаза қатаңдатылды. Яғни 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаралады. Екіншіден, инспекторларды техникамен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Инспекторлар браконьерлерді ұстап, оларды жеткізуге құқық алды. Бұрын браконьерлерді ұстаған кезде табиғатты қорғау инспекторлары міндетті түрде Ішкі істер органының қызметкерлерін күтуі тиіс еді. Сондай-ақ қару қолдануға мүмкіндік берді. Инспектордың өміріне браконьер қауіп төндіретін болса немесе шабуыл жасап, денсаулығына зақым келтіретін болса, қауіп деңгейінің категориясы енгізілді. Сондай-ақ министрдің айтуынша, инспекторлардың ауыр еңбегін сезіне отырып, Президенттің тапсырмасы бойынша инспектор мәртебесін көтеру көзделген.
Сексеуілді брендке айналдыру керек
«Орман шаруашылығы комитеті 2007 жылдан бері Арал теңізінің құрғап қалған табанына Қызылорда облысындағы жергілікті орман шаруашылықтарымен бірге орман отырғызуда. Егер Қызылорда облысына барсаңыз, ауылдардың құм астына кетіп жатқанын байқауға болады. Оны тоқтатудың бір ғана жолы – сексеуіл егу. Бір сексеуілдің ағашы, түп-тамыры 4 тоннаға жуық құмды ұстайды екен. «Жыл сайын Арал теңізінің табанынан 100 млн тоннаға жуық тұз, құм атмосфераға көтеріледі. Ғалымдар Арал құмының Антарктидаға жеткенін анықтаған. 2017 жылы Қазақстан Корей Республикасымен бірлесіп ортақ жоба бастады. Бұл жобаға корей орман қызметінің мамандары қатысты. Жоба мақсаты – Арал теңізінің құрғап қалған табанына фитоорман мелиорациясы жұмыстарын жүргізу. Яғни сексеуіл отырғызу. Корея Қазақстанға 1 млн доллардан аса инвестиция құйды. 2018-2020 жылдары ортақ жоба аясында 13 мың 300 га аймаққа сексеуіл отырғыздық. 5 млн-ға жуық сексеуіл көшеттері отырғызылды. Бұл жұмыстар қыс түсер алдында және көктемде болды. Арал теңізі аумағында ешқандай су жоқ. 2007-2020 жылдар аралығында жалпы Арал теңізінің түбіне 91 мың га ауданға сексеуіл көшеттері отырғызылды. 2007-2008 жылдары отырғызылған көшеттер бүгінде ну орманға айналған», дейді С.Ділдахмет. Оның айтуынша, ел территориясының 4,7 пайызын орман қоры құрайды. Сол орман қорының 50 пайызы – сексеуілдер. Қазақстанда сексеуілдің қара, ақ және зайсандық үш түрі бар. Қара сексеуіл 80 пайыздан аса аумақта кең таралған. Жыл сайын 9 мың гектар жерге сексеуіл көшеттері отырғызылады, 20 мың га ауданда сексеуіл дәні себіледі. «2014 жылы Қазалы ауданында сексеуіл тұқымбағын аштық. Тұқымбақ жыл сайын 5 мыңға жуық сексеуіл көшеттерін дайындайды. Сол жердегі көшеттер Арал теңізінің түбіне отырғызылады. Орталық Азияда сексеуіл орманының ең көп көлемі Қазақстан жерінде. Браконьерлік әр салада бар. 2017 жылы сексеуілдің сатылуына тыйым салынды. 2023 жылға дейін кесуге мораторий жарияланған. Мейрамханаларда кәуап жасау үшін қолданылса, ауылды аймақтарда отын көзі ретінде қолданылады. Ресейге барсаңыз, аққайыңдарымен, Жапония елі сакурасымен мақтанады. Орталық Азияда ең көп тараған сексеуіл, сондықтан да еліміздің брендіне айналуы тиіс. Бұл үшін оның маңызын, бір сексеуілдің қасиеті қандай екенін түсіну керек», дейді Сәкен Ділдахмет.
Қызыл кітап тізімі жаңарды ма?
Қызыл кітап – жойылып бара жатқан жануардың паспорты. Оған жануарларды енгізу немесе шығару үшін кем дегенде 3-4 жыл ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. «Арнайы мекемелер мен институттар жабайы аңның немесе өсімдіктің мекен ететін ортасында жыл сайын бақылау жұмыстарын жүргізіп, шешім қабылдайды. Мысалы, 2017 жылы кутум деген балықты Қызыл кітаптан шығаруға Балық шаруашылығы институты мамандарына ұсыныс білдірілді. Еліміздің Қызыл кітабына жолбарысты, Пржевальский жылқысын, қабыланды енгізуге ұсыныстар беріліп жатыр. Енді арнайы заңға сәйкес зоологиялық комиссияның отырысы өтіп, олар шешімін берген кезде ұсыныстар қабылдануы мүмкін», дейді Сәкен Ділдахмет.
Экомәдениетті қалай қалыптастырамыз?
Соңғы кездері әлеуметтік желіде үй жануарларын қинап, тіпті тірідей өртеп жіберген жағдайларды көріп жүрміз. Атыраулық азамат иттің басын тоңазытқыш есігіне қысып қинаса, Алматы облысына қарасты Қабанбай ауылында болған оқиғада күшікті қапқа салып, бензин құйып өртеп жіберген. «Ит – адамның досы» деген қанатты сөздің қадірі кеткен бе дерсің... Өкінішке қарай қоршаған ортаны ластамаудан бұрын, оны қорғау әрбір азаматтың борышы екенін шынайы сезінетіндер аз. Қазақстандықтардың эко-белсенділігін әлеуметтік желідегі көтеріліп жүрген бастамалар арқылы бағаласақ болады. Мәселен, әрбір қаланың жануарларды қорғау парақшалары тұрақты түрде жұмыс істеп, қоршаған ортаны қорғайтын еріктілер көбейген.
«Экологиялық мәдениет пен тәрбиелеуді қалыптастыру мәселесі – біз үшін басым бағыт. Былтыр министрлік «Бірге. Таза Қазақстан», «Бірге. Жасыл Қазақстан» экологиялық акциялары бойынша бастаманы көтерген болатын, осы шараларға 560 мыңнан астам адам қатысып, 340 мың тонна қоқыс жиналып, 1 млн-нан астам ағаш отырғызылды», деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі
М.Мырзағалиев. Еріктілер жылы аясында «Birgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық жобасы шеңберінде қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазалау, ағаш отырғызу және қоқысты сұрыптауға үйрету бойынша іс-шаралары жүзеге асырылуда. Ақпан айында эко-белсенділердің алғашқы республикалық слеті өтті. Бүкіл ел бойынша экологиялық бастамаларды үйлестіру және ілгерілету үшін әр өңірде эко-амбассадорлар анықталды.
«Егер халықтың 5 пайызы күнделікті өмірде экологияға саналы түрде қараса, онда бүкіл халыққа экологиялық мәдениет пен сананы сіңіруге болады деп сенемін. Құрметті азаматтар, мен еліміздің әрбір тұрғынын үй қоқыстарын сұрыптаудан бастап, электр энергиясы мен суды үнемдеуге, полиэтилен пакеттерін пайдалануды азайтуға және қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуға шақырамын», деп атап өтті министр.