Агенттіктің Түркістан өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Нұржан Ормановтың айтуынша, микрокредиттік ұйымдар, ломбардтар ресми қайта тіркеуден өтіп, заң талаптарына сай жұмысын бастайды.
"Түркістан облысында 25 микрокредиттік ұйым ресми жұмыс істесе, бүгінгі таңда оның 22-сі өтініш беріп, 17-інің құжаттары тіркелген. Қалғаны қаралуда. Сондай-ақ, өңірде 141 ломбард жұмыс істейді, оның 41-і өтініш беріп, 35-інің құжаттары рәсімделді. Тіркеу жұмыстары 1 шілдеге дейін жалғасатын болады", деді Нұржан Қонысұлы.
Агенттік шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау шараларын көрсету тәртібін де қадағалайды. Сонымен қатар, Ұлттық Банктің еншілес ұйымдары арқылы жүзеге асырылатын жеке тұлғалардың ипотекалық тұрғын үй қарыздарын және ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламаларын іске асыру, осы бағдарламалар шеңберінде банктер қабылдаған міндеттемелердің орындалуын бақылайды.
Сондай-ақ брифингте басқарма басшысы агенттіктің қызметтік міндеттері жөнінде мағлұмат берді.