Руханият • 19 Маусым, 2020

Жошы хан кесенесінің құббасы

724 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлытау ауданының орталығындағы «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінде көне заман тарихынан сыр шерткен аса құнды жәдігер бар. Ол – кезінде Жошы хан кесенесі күмбезінің ұшар басында қойылған құбба.

Жошы хан кесенесінің құббасы

Құбба дегеннің өзі араб сөзі екен, мағынасы «күмбез» дегенді білдіретін көрінеді.

Құнды жәдігер 1973 жылы ұйым­дастырылған экспедиция кезінде Жошы хан мазарынан табылған. Мамандардың ұйғарымы бойынша, құбба XV ғасырда кесенедегі кіші күмбездің төбесіне орнатылған болса керек. Кейін күмбез қирағанда құббаның қалдығы сол жердегі үйіндінің астында қалып қойған.

«Құббаның сыртына көгілдір глазурь жылтырақ жалатылған. Күмбездің төбесіндегі ойыққа бір ізді сызық арқылы ортасына ағаш өзекше кигізіліп, өзекшені мықты ұстап тұруы үшін ішіне «алебастр» ерітіндісі толтырылған. Өкінішке қарай, құббаның ең жоғарғы бөлігі жоғалған. Ал ең төменгі бөлігі күмбездің өзекше өтетін ойығын жабатын төңкерілген тостаған тү­рінде болған. Оның үстіне түбі жоқ «мүйізді» ыдысқа ұқсайтын, төменгі тар және жіңішке тартылған мойыны бар дөңгелек денелі ыдыс киіледі. Оған киілетін үстіңгі бөлшегінде екі жағынан «мүйіздің» жоғары иілген ізінің қалдығы сақталған. Ал ең жоғарғы жарты ай екі мүйіз бейнесінде әшекейленген», деп суреттейді жә­дігердің сипатын музей директоры Бақтияр Қожахметов.

Құбба 2009 жылдан 2011 жылға дейін көшпелілердің мәдени мұрасы мәселелері жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтта болыпты. Аталған институт жабылғаннан кейін, 2011 жылы «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейіне сақтауға берілген.

 

Қарағанды облысы,

Ұлытау ауданы