Руханият • 19 Маусым, 2020

Жанашыр жастар

217 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде төтенше жағдай режімі енгізілгеннен кейін волонтерлер жұмысына да сұраныс артқаны белгілі. Волонтерлердің аймақтық фронт-офисінде Шығыс Қазақстанның 19 қаласы мен ауданынан мыңнан астам белсендіден тұратын еріктілер базасы құрылған.

Жанашыр жастар

Облыстық Ішкі саясат басқармасы жастармен жұ­мыс бөлімінің басшысы Ерке­бұлан Балтабековтің айтуынша, өңірдің волонтерлері «Biz birgemiz» акциясына белсенді қатысқан. «Аймақ волонтерлерінің бастамасымен облыс тұрғындары арасында коронавирустың алдын алу туралы ұсыныстары бар жадынамалар мен газеттердің арнайы шығарылымдарын, көп реттік бетперделерді тігу және оларды халыққа тарату бойынша акциялар ұйымдастырылды. Волонтерлер құқық қорғау ор­ган­дарымен бірлесіп халық­қа түсіндіру жұ­мыс­тарына да қатысты. Өске­мен, Семей қалаларының 93 волон­тері азық-түлік пен бірінші қа­жеттіліктегі тауарларды, 70 жас­тан асқан адам­дарға және I, II санаттағы мүге­дек­терге дә­рі-дәрмектерді жеткізу жұ­мыс­тарына тар­тылған», дейді ол.

Акция шеңберінде 17 мың­ға жуық медициналық бет­перде, көп балалы, аз қам­тыл­­ған отбасыларға, жал­ғыз тұра­тын қарттарға 800-ден астам азық-түлік себеті және 845 мыңнан астам ар­найы шығарылған газеттер тара­тылыпты. Облыс волон­тер­лері, сонымен қатар «Жылу сыйла», «Мейірімді көр­шілер» акция­ларын да өткізіпті. Аталған іс-шаралар аясында волонтерлер полиция және әскери қызметшілерге, дәрігерлерге ыстық шай, бауырсақ, сүт өнімдерін таратып, қарияларға аулаларды жинауға, азық-түлік пен дәрі-дәрмек алуға көмектесіпті. Әлеуметтік желілерде «Мен үйдемін» («Останься дома»), «Дома с пользой» атты төтенше жағ­дайда үйде отыруға шақы­ратын челлендждер ұйым­дастырылып, 300-ден астам бейнеүндеулер жарияланыпты. «Ерекше атап өтер жайт, облыста шектеу шаралары енгізілгеннен бері коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарына және басқа да іс-шараларға 400-ге жуық волонтер қатысты. Жас отбасылар, кәсіпкерлер мен үкімет­тік емес ұйымдар өкілдері, мем­лекеттік қызметшілер де волонтерлік көмекте ерекше көзге түсті. Барлық волонтер­лер қорғаныс комбинезондарымен, антисептикалық құралдармен, медициналық бетперделермен және қолғап­тармен қамтамасыз етілген», дейді Е.Балтабеков.

 

Шығыс Қазақстан облысы