Аймақтар • 19 Маусым, 2020

Ізгі ниеттілердің еңбегі еленді

188 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында төтенше жағдай режімі мен карантиндік шектеулер кезінде «Biz birgemiz» республикалық қайырымдылық акциясына қатысып, белсенділігімен көзге түскен бір топ еріктіге Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Алғыс хаттар табыс етілді.

Ізгі ниеттілердің еңбегі еленді

Марапатталған 81 ерік­тінің қатарында Saryarqa Jastary штабының волонтер­лері және Nur Otan партия­сы филиалдарының қызмет­кер­лері де болды. Олар төтенше жағдай кезінде об­лыстағы мұқтаж тұрғындарға көмек қолын созып, уақытпен санас­пай көп жұмысты атқарды.

Еңбегі еленген еріктілер­ді құт­тықтаған облыс әкімі Жеңіс Қасымбек волон­тер­лердің медицина қыз­мет­керлері, тәртіп сақшылары, әскерилер, сондай-ақ коро­на­ви­руспен күрес бойынша ал­дың­ғы қатарда болған бар­лық аза­маттармен бірге осынау күрделі кезеңнің қаһар­ман­дарына айналғанын атап өтті.

– Сіздер үшін волонтерлік қызмет – қоғам игілігі үшін жасалып жатқан күнделікті еңбек. Мен сіздерге осы жалынды талпыныстарыңызды сақтап қалуды, адамдарға пайдалы боламын деген ын­та­­ларыңызды жоғалтпай, шабыт пен жігерді басқа­ларға көмектесу үшін жұмсау­лары­ңызды тілеймін. Ал біз сіздерді әрдайым қолдайтын боламыз, – деді ол.

Өңірде төтенше жағ­дай кезінде адамгершілікке толы іс-шаралар  легінің көп болғанын айтқан ләзім. Мысалы, облыстық штаб­тың еріктілері Теміртау қала­­сын­дағы орталық ауру­хананың қолдауымен бір ай бойы анасын көрмеген сегіз жасар баланы Қарағандыға жеткізді. Еріктілер мен де­меушілердің күшімен үш баласымен далада қалған отбасына үй табылды. Бас­пананы жиһазбен, техникамен жабдықтап, білім беру басқармасымен бірлесіп балаларды қашықтан оқыту үшін жағдай жасап, интернет қосып, дербес компьютер орнатып берді.

Saryarqa Jastary штабының волонтері Сымбат Әубәкірова бес жыл бойы адамдарға риясыз көмек көрсетіп келеді. Ол волонтерлік бүкіл өмірінің мәні екенін айтады.

– Қиын кезеңде қариялар мен мүмкіндігі шектеулі адам­дарға азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткіздік. Демеушілеріміздің арқасында қарағандылық көптеген мұқтаж жан тегін азық-түлік себеттерін алды. Осы игі ісімді әрі қарай да жал­ғастырсам деймін. Жақ­сы істер үшін ешқандай жас шек­теу­лері жоқ, – дейді Сымбат.

Еске салсақ, төтенше жағ­дай режімі мен карантин­дік шектеулер кезінде Қара­ған­ды облысында барлығы 12 500 отбасы жалпы құны 200 млн теңге болатын көмек алды.

 

ҚАРАҒАНДЫ