Биыл Жетісудағы ерікті жастардың қатары көбейген. Дерек бойынша, жыл басында облыста 1 043 волонтер ресми санаққа кірген болса, қазір бұл үлес 2 074 адамды қамтып отыр екен. Есесіне, аймақта еріктілер қолымен атқарылған іс те ілгерілеп, қолғанатқа жарап, қайырым жасауға бейіл жастар саны өскен. Оның жарқын мысалын «Biz birgemiz» жалпыұлттық акциясы кезінде атқарылған іс-шаралардан байқауға болады. Жұқпалы індеттің алдын алу мен таралуына тосқауыл қою мақсатында жарияланған төтенше жағдай кезінде жетісулық ерікті жастар әлеуметтік көмекті қажет ететін 15 000 отбасына қолұшын созыпты. Карантин жағдайындағы жұмыс волонтерлерді бетперде тігу мен санитарлық заттар өндірісін дамытуға да жұмылдырған екен. Атап айтқанда, волонтерлердің мұрындық болуымен 6 215 дана медициналық маска тігіліп, 6 000 литр сұйық антисептик дайындалған. Мұның бәрі тұрғындарға тегін таратылыпты.
Облыста волонтерлердің жұмысын үйлестірумен «Мейірімді Жетісу» фронт-кеңсесі айналысып отыр. Еріктілердің жұмысын бір орталықта үйлестіріп, тұрғындар тарапынан келіп түскен өтініш пен шағымдарды жинақтаумен айналысқан орталыққа алғашқы күндері адамдар жиі хабарласқан. Яғни төтенше жағдай жарияланған алғашқы күннен бастап тұрғындардың өтінішін қабылдайтын қауырт желіге 2 634 адам хабарласып, көмек сұраған. Оның ішінде 1 098 адам әлеуметтік көмекке мұқтаждығын айтып, азық-түлікпен қамтуды өтінсе, 302 тұрғын қашықтан оқытуға қатысты сұрақ қойған. Қауырт желіге хабарласқан тағы 368 адам денсаулық сақтау саласына қатысты өтініш айтып, мамандардың көмегіне зәру екенін жеткізген. Сондай-ақ 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемге қатысты анықтама алу үшін бірер тәулік ішінде 864 адам қоңырау шалыпты. Ал «Мейірімді Жетісу» фронт-кеңсесінің қызметкерлері тұрғындар өтінішін түгелдей жазып алып, оларды тиісті орындарға жолдау арқылы оң шешімін табуға ықпал етіп отырды.
– Ерікті жастардың жанқиярлық ісі карантин кезінде ерекше көзге түсті. Мысалы, 20 мыңнан астам тұрғыны бар «Асыл арман» тұрғын үй кешені оқшауланған кезде облыс жастары мен волонтерлер күн сайын тұрғындарға азық-түлік жеткізіп отырды. Жалпы, бұл жерде волонтерлердің жұмысы тек дайын азық-түлік пен қажетті заттарды жеткізіп берумен шектелген жоқ. Мұқтаж адамдардың тізімін жасап, оларды қажетті заттармен қамту үшін демеуші іздеп үлкен қажыр мен қайрат көрсетті. Атап айтқанда, волонтерлер мен демеушілердің тізе қосуымен Талғар ауданында 6 млн теңге көлемінде 540 отбасына азық-түлік жеткізген. Еңбекшіқазақ ауданында 21 млн 700 мың теңге көлемінде 3 186 отбасына көмек көрсетілді. Сонымен қатар ерікті жастар 500 000 теңге қаржы көзін жинап, екі отбасының 1 жылдық пәтерақысын төлеп берді. Алакөл ауданында іскер азаматтардың қолдауымен 60 млн теңге көлемінде демеу қаржы жиналып, оған 790 отбасына азық-түлік жеткізілді. Ал Ұйғыр ауданында тұратын волонтер Нұрсұлтан Болатұлы бас болып 1 700 000 теңгеге 258 отбасына қолұшын созды. Сол сияқты Балқаш ауданының тұрғыны Алмас Қыстаубаев өз жерлестеріне 10 тонна күрішті тегін таратты. Айта берсек мұндай мысалдар жеткілікті. Яғни волонтерлердің «Biz birgemiz» акциясы аясында атқарған ісі көпке үлгі боларлықтай, – дейді Алматы облыстық Жастар саясаты басқармасының бөлім басшысы Жансая Смағұлова.
Алматы облысы