Ант қабылдау рәсімінде сөз алған 28237 әскери бөлімінің командирі подполковник Данияр Қасымов: "Жас сарбаздар, сіздер бүгін Әскери ант қабылдап, Отан қорғаушылардың қатарына қосылғалы тұрсыздар. Осы уақыттан бастап сіздерге жүктелген міндет те зор болмақ. Өйткені, Әскери ант – әскери өмірдің өзгермейтін заңы. Онда Отанды қорғаудың, оның ішінде халыққа және заңды сайланған Президентке адал қызмет етудің айқын белгілері бар. Әскери өмір қаншалықты қиын болғанымен, жарғымен белгіленген талаптарды орындау - парыз және қасиетті міндет. Сіздердің міндеттеріңіз - өздеріңізге жүктелген тапсырмаларды жауапкершілікпен орындау. Туған жерімізге тер төгіп, антқа адал болу", - деп жас сарбаздарға жалынды сөздерін арнап жігерлерін жаныды.
Ұлттық ұлан қатарына қосылып, Отан алдында ант қабылдауларымен сарбаздарды бөлім қолбасшылыған бөлек 28237 әскери бөлімі Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ойшы Арынұлы құттықтап, оларды қабылдаған Әскери анттарына адал болуларын, әскери қызметтің қиындықтарына мойымай табандылықпен төтеп беруге шақырып, борыштарын ойдағыдай өткеріп болып үйлеріне, ата-аналарына аман-есен оралуларын тіледі және Ұлттық ұлан қатарында әскери борышты өтеу зор мақтаныш екендігін атап өтті.
Бұл Ант қабылдау рәсімі бұрынғыдан ерекше өтті, өйткені әлемде белең алған коронавирус індетінің Қазақстан аумағына да таралуына байланысты, бөлім жеке құрамының арасында індеттің таралуын болдырмау және оның алдын алу мақсатында жас сарбаздардың ата-аналары ұлдарының ант қабылдау рәсімін 28237 әскери бөлімінің ресми Инстаграм әлеуметтік парақшасында онлайн режимде тамашалады.
Ант қабылдап, Ұлттық ұланның нағыз сарбаздары атанған жас жауынгерлер алдағы уақытта Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының есімін иеленетін әскери бөлім жеке құрамының сапында республика көлеміндегі азаматтық қорғаныс саласындағы төтенше жағдайлардың салдарын жою және апат болған жерлерде құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша түрлі міндеттердіы орындайтын болады.