Білім • 21 Маусым, 2020

Елордада ҰБТ 3 университетте өтеді

172 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тест күн сайын өткізілетін болады және түлектердің қауіпсіздігі толықтай сақталған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Елордада ҰБТ 3 университетте өтеді

Нұр-Сұлтандағы ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) 21 маусым мен 5 шілде аралығында үш университетте: Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде (2 589 оқушы, 13 аудитория), С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде (1818 оқушы, 7 аудитория) және Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінде (1884 оқушы, 13 аудитория) өтеді.

ҰБТ өткізу орындары барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Биыл лек саны екі есе артып, барлығы 14 лекке жетті. Осылайша тест өткен оқу жылындағыдай күнара емес, күн сайын өткізілетін болады. Тестілеу кезінде полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді.

Түлектердің ата-аналары үйде қалуы тиіс. Олар үшін аудиториялардан онлайн көрсетілім ұйымдастырылады. Сыныптарда үстелдер арасындағы қашықтық кемінде екі метр болуы керек. Нұсқаулықта жазылғандай дезинфекция құралдарымен қамтамасыз ету (респираторлы маскалар, қолғаптар, санитайзерлер); термометрияның сақталуы, тексерілетін адам мен қызметкер арасындағы қашықтық кемінде бір метр болуы; университеттердің аудиторияларында санитарлық-дезинфекция режимін сақтау; желдету жүйелері мен ауа баптау жүйелерінің жұмысын қадағалау қажет. ҰБТ кезінде қоғамдық тәртіпті 100 полиция қызметкері мен 10 арнайы көлік қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар 9 медицина қызметкері және үш жедел жәрдем жұмылдырылды. 24 қызметкер өрт қауіпсіздігін қадағалайды, 46 автобус қала шетінде тұратын 540 түлекті тасымалдауды қамтамасыз етеді. Биыл ҰБТ-ға қатысу үшін 95% немесе 6255 адам, оның ішінде 3661-і қазақ, 2554-і орыс, 40-ы ағылшын тілінде өтініш берді.