Білім • 21 Маусым, 2020

Білім саласындағы бірегей бір жыл

998 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында қалыптасқан жаңа ахуал білім және ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап етіп отырғанын атап өтіп, бүкіл мемлекеттік саясатты соған сәйкес жүзеге асыратынымызды жеткізген болатын. Бұл елімізде аталған салаға қаншалықты назар аударылып отырғанын көрсетсе керек. Соңғы бір жылда отандық білім мен ғылым жүйесінде ауыз толтырып айтарлықтай бірқатар оң өзгеріс байқалады. Карантин шаралары аясында қашықтан оқуға көшкен төртінші тоқсан да, емтихан тапсыру мен диплом қорғау барысы да, тіпті бүгін басталған ҰБТ-ның алғашқы күні де ың-шыңсыз өтті. Сала жетекшілігіне келген Асхат Аймағамбетовтің қордаланған мәселелердің түйінін біртіндеп тарқата бастағанын білім беру ісінің қызметкерлері де қуаттап отыр. Бүгін редакциямызға әр өңірден келіп жатқан осы сипаттағы пікірлердің бір парасын жариялап отырмыз.

Білім саласындағы бірегей бір жыл

Колледжерге қолдау көп

Әне-міне дегенше оқу жылын да аяқтадық. Биылғы жыл білім жүйесі үшін өте маңызды жыл болды. 2019-2020 оқу жылының ерекшелігі қашықтан оқыту жүйесіне көшу ғана емес, біріншіден, еліміздің тәуелсіздік тарихында алғаш рет "Педагог мәртебесі туралы" Заң қабылданды. 2025 жылға дейінгі білім және ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы бекітіліп, іске асырылып жатыр. Бұл құжаттардың білім  саласы үшін тарихи маңызы зор. Осы бір бұрынғыдан ерекше жаңалықпен басталып, сын сағатқа толы болса да сәтті аяқталған оқу жылында маңызды өзгерістер орын алды.

Кәсіптік-техникалық білім беру – жұмыссыздықты жоюмен күресіп жатқан біз секілді елге аса маңызды сала. Колледждерді дамыту мен ондағы білім сапасын арттыру арқылы сұраныстағы мамандарды қысқа мерзімде даярлап шығуға болады. Осы ретте кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін дамыту мен жаңғырту мақсатындағы үш жылға арналған "Жас маман" жобасы аясында 180 колледждің материалдық-техникалық базасының жаңартылуы үшін бюджеттен 56 млрд теңге қарастырылды. Осы уақыт ішінде колледждерді жабдықтау, бағдарламаларын жаңарту және кадрларды оқытып, сол бағдарламамен жұмыс істеуге бейімдеу сияқты міндеттерді жүзеге асыру көзделген.

"Педагог мәртебесі туралы" Заңның қабылдауы арқасында колледж оқытушыларының жалақысы жылына 25% және жаңа аттестаттау жүйесі арқылы қосымша 30%-дан 50%-ға дейін көбейтілуде.

Бүгінде педагог кәсібінің тартымдылығын арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатыр. 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап мұғалім болуға ниет білдірген студенттердің шәкіртақысын 26186 теңгеден 42500 теңгеге дейін көтеру жоспарланған. Педагогикалық мамандықтарға оқытуға шекті балды 70 балға дейін көтеру қарастырылды. Педагогикалық бағыттағы түлектер биылдың өзінде педагог-модератор біліктілігін алуға үміткер бола алады. Бұл үшін Ұлттық біліктілік тестінен өтіп, өзінің игерген дағдыларын көрсетуі тиіс.

Еліміздегі мемлекеттік қызметтің басым бөлігі білім беру саласында көрсетіледі. Мәселен, колледждерге оқуға қабылдау процесін автоматтандыру қағазбастылықтан арылып, жалпы қабылдау талаптарын жеңілдетті. Колледждерге оқуға қабылдау қызметі үлкен сұранысқа ие. Білім беру ұйымдарына құжат тапсыру үшін біраз уақыт жұмсау қажет болатын. Бұл үшін көптеген анықтамаларды жинап, басқа мемлекеттік органдардан құжаттарды алып, оларды апарып беру сынды бірқатар кезеңнен өту қажет еді. Мұндай процесс өте ыңғайсыз екені түсінікті. Биылдан бастап колледждерге оқуға қабылдау автоматтандырылған режімде қолжетімді. "Азаматтарға арналған үкімет" бөлімдері немесе "Электронды үкімет" веб-порталы арқылы жүзеге асыра алады. Бұл ретте көптеген құжаттарды жан-жақтан жинау қажет болмайды. Әрбір болашақ студент өзі үшін таңдаған колледждің сайттары арқылы танысып, бір тетікті басу арқылы барлық құжаттарды жіберуіне болады.

Шағангүл ЖАНАЕВА,

М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің директоры,

Қазақстан ПҒА корреспондент мүшесі,

"Ы. Алтынсарин", "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгілерінің иегері

СЕМЕЙ

тзщ

Білім саласының тың серпілісі

Қазақ халқы ұстазын сыйлап, құрметтеген ел. "Ұстазы жақсының ұстамы жақсы" деп адамға қарап ұстазын таныған. Ұстаздар мәртебесін көтеру мақсатында, "Педагог мәртебесі туралы" заңның қабылдануы, саналы ғұмырын сапалы қызмет етуге арнаған сансыз маманның ішіндегі барша әлем бас иетіндей құдіреттісі – ұстаз екенін дәлелдейтін заң болды.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Тамыз конференциясында Қазақстан мектептеріне "Әліппе" оқулығының қайтарылатынын мәлімдеді. Яғни 2021 жылы, өздеріңізге жақсы таныс, қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байұрсынұлының әдістемесі негізінде әзірленген әліппенің қайта енгізілуі де – қазақ халқының сарыла күткен жаңалығы.

Жалпы білім беретін мектептерде 2021 жылдан бастап оқу жүктемесінің 16 сағатқа  азайтылуы, мектептердің 5 күндік жұмыс жүйесіне көшуі, мұғалімдер еңбекақысының алдағы 4 жылда сатылай екі есеге өсуі, педагог мамандардың аттестациядан өтуі арқылы қосымша үстемеақы алуы, сынып жетекшілікке, тәлімгерлікке т.б. қосымша үстемеақылардың төленуі, мұғалімдерді тиімсіз жұмыстар атқарудан босату, қағазбастылық пен қажетсіз есептерден босату ұстаздар қауымы үшін үлкен мәртебе болды.

Сондай-ақ басқару жұмысының тиімділігін арттырудың маңызды мәселе екені де назардан тыс қалмады. Жаңа оқу жылында мектеп директорлары мен орынбасарларын аттестаттау жүйесінің енгізуі – білім саласының тың серпілісі.

Осындай аз уакытта ауқымды істі атқарып, бүгінгі таңда елімізде болып жатқан сындарлы сәтте шұғыл шешім қабылдап, осы уақытқа дейін тәжірибемізде болмаған қашықтан оқыту форматында да білім беріп, абыроймен оқу жылын аяқтауымыз Асхат Қанатұлының іскерлігі мен білікті маман, ұтқыр ұйымдастыруының нәтижесі деп білемін.

Сонымен қатар бұған дейін ведомствоны басқарған министрлермен салыстырғанда А.Аймағамбетовтың халыққа жақын, ұстаздарға қолжетімді министр екенін әлеуметтік желі арқылы кез келген сұраққа жауап беріп, кері байланысқа шығуынан көруге болады.

Ғалия АҚШОЛАҚОВА,

№22 орта мектебінің директоры

ТАЛДЫҚОРҒАН

щ

Тәрбиешілердің терезесі теңесті

Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың халықаралық бағдарламасының (PISA) зерттеуіне сәйкес, мектепке дейінгі білімі жоқ оқушылар мектепте нашар және құрдастарынан бір курстан аса уақытқа артта қалады. Себебі педагогикалық ғылымда адам миының 85%-ы 5 жасқа дейін дамитыны түрлі ғалымдардың зерттеулері мен еңбектері арқылы дәлелденген. Осы тұрғыда министрліктің балаларды ерте жастан дамытуға ерекше мән бергені қуантады. Бұл бағыттың Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасына енгізіліп, іске асырылып, нақты нәтижелердің көріне бастауы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың қызметіне кіріскен уақытымен тұспа-тұс келгенінін атап өту керек.

Өзім – педагогпін әрі анамын. Осы ретте биыл педагогтердің балаларына балабақшадан бірінші ретте орын берілетін шешімнің шығарылғанына дән ризамын. Шын мәнінде жұмысқа уақытында шыққымыз келгенімен, баламызды беретін балабақша мәселесі, ондағы орын табу жайы үлкен кедергі тудыратыны түсінікті. Енді бұл заңмен реттелді, мұның өзін педагогке жасалған әлеуметтік демеу деуге болады. 

Бұған дейін мектеп мұғалімдері ғана біліктілік санатына сәйкес жалақысына қосымша үстемеақы алатын. Ал мектепке дейінгі ұйым қызметкерлері арнайы аттестациядан өтіп, білікті екенін дәлелдесе де санатына қосымша үстемеақы алмайтын. Міне, биылдан бастап, білігімізге қарай еңбекақымыздың көлемін арттыруға мүмкіндік беріліп отыр. Осылайша көңіл бөлінген педагог қауымның қатарына қосылып, мұғалімдермен тәрбиешілердің терезесі теңесті.

Малика ӘБДІРАЗАҚОВА,

Бірлік ауылындағы №102 орта мектебі жанынан ашылған «Күнікей» шағын орталығының әдіскері

Қызылорда облысы,

Қазалы ауданы

щ

Дайындаған

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ