Қоғам • 21 Маусым, 2020

Әскерилер елорданың адамдар жиналатын жерлеріне өңдеу жұмыстарын жүргізуде

178 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осы демалыс күндері Нұр-Сұлтан қаласында ауқымды дезинфекция жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Әскерилер елорданың адамдар жиналатын жерлеріне өңдеу жұмыстарын жүргізуде

Өңдеу жұмыстары адамдар көп шоғырланған аумақтарды қамтыды. Атап айтқанда, саябақтар, базар мен сауда үйі маңдары. Биологиялық қорғау бөлімшесінің әскери қызметшілері «Жерұйық», Бауыржан Момышұлы атындағы және Тұңғыш Президент саябақтары мен елордалық Арбатта өңдеу жұмыстарын жүргізуде.

Қалалық әкімдіктің өтініші бойынша Қарулы Күштер жеке құрам мен арнайы техниканың қажетті санын бөлді. Өңдеу әрбір объектіде кезекпен, жеке газсыздандыру жиынтықтарын қолданумен, сондай-ақ авто құю станциясының көмегімен жүргізіледі.

«Коронавируспен күрестің алғашқы күнінен бастап біздің әскери қызметшілер елордада дезинфекция жұмыстарын жүргізді. Жеке құрам осы міндетті орындау кезінде қандай жауапкершілік жүктелгенін түсінеді. Халықтың денсаулығына еш қауіп төндірмеу үшін, сапалы дезинфекция жұымстарын жүргізу біз үшін маңызды болып табылады», - деді ҚР ҚК радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау және экологиялық қауіпсіздік департаментінің аға офицері подполковник Бағлан Андасов.

Осы демалыс күндері Нұр-Сұлтанда шектеу шаралары қолға алынды. Атап айтқанда,  бірқатар нысандардың қызметі мен қала бойынша қозғалыс тоқтатылды.

Естеріңізге сала кетейік, бір ай бұрын санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шараларды қамтамасыз ету үшін шұғыл түрде санитарлық өңдеудің жиынтық отрядтары құрылған болатын. Олар жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері бойынша еліміздің 19 қаласындағы қоғамдық орындар мен әлеуметтік маңызы бар объектілерді дезинфекциялауды жүзеге асырады.