Экономика • 22 Маусым, 2020

Ауыз су мен газ мәселесі өзекті

483 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде Жамбыл облысының тұрғын­дарын ауыз су және газбен қамту өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Өңірде Сарысу, Талас, Мойынқұм және өзге де біраз аудандардағы бірқатар елді мекендер әлі де ауыз су мен көгілдір отын тапшылығын көруде.

Ауыз су мен газ мәселесі өзекті

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, бүгінгі таңда елді мекендердің 57,8 пайы­зы орталықтандырылған сумен қамтылған. Сонымен қатар 2023 жылы өңір тұрғындарын толықтай ауыз сумен қамтамасыз ету жос­парланған екен. Сала басшысы ағымдағы жылы өңірде 17,4 млрд теңгеге 50 сумен жабдықтау нысанының құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жыл соңына дейін 34 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде. Тиісті қаржы «Өңірлерді дамыту» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында қарастырылған. Сонымен қатар сумен жабдықтау нысандарының басым бөлігі Жуалы, Байзақ, Т.Рысқұлов және Жамбыл аудандарында салынады. Сондай-ақ 2021-2023 жылдары 84 елді мекенге жүздеген шақырым су құбыры тартылып, нәтижесінде облыстың барлық тұрғындары толық таза ауыз суға қол жеткізеді. Бұл орайда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кестеде белгіленген мерзімнен қалыс қалмау үшін Тараз қаласы мен Меркі, Шу және Қордай аудандарының әкімдеріне мердігерлермен туындаған мәселелерді шешіп, жобалық-сме­талық құжаттарды уақтылы дайындауды тапсырды. Мәселен, Шу ауданының орталығы Төле би ауылына газ тарту мәселесі талай жылдан бері шешілмей келеді. Жергілікті тұрғындар мен газ тартушы «Париев» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында бағаның көтерілуіне байланысты мәселелер туындаған. Сол сияқты, облыс орталығынан шалғайда жатқан Мойынқұм ауданының Айдарлы ауылында да ауыз су мәселесі әлі өзекті күйінде қалып отыр.

Бүгінгі таңда ауылдарды газдандыруға республикалық және облыстық бюджеттен, соның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында тиісті қаражат қарастырылуда. Нәтижесінде, барлығы 84 ауыл газдандыры­латын болады. Сонымен қатар биыл 30 ауыл көгілдір отынмен қамтылады. Алайда облыс­тағы 377 елді мекеннің 192-сіне ғана табиғи газ құбыры тартылған. Бұл 51 пайызды құрайды. Аталған мәселе әулиеаталық әлеумет үшін әлі күнге дейін маңызды болып отыр. Ауылдағы тұрғындар аталған мәселелерге байланысты шағымдарын облыс басшылығына да айтқан болатын. Б.Сапарбаев елді мекендерді ауы су және көгілдір отынмен қамтудың маңызын айта келе, инженерлік инфрақұрылым жүйелі түрде дамуы қажеттігін, тұрғындар жолдар ретке келтірілгеннен кейін жерасты инженерлік желілерін жөндеу үшін көп уақыт өтпей қайта қазылып, бұзылатынына жиі шағымданып отырғанын, сондықтан да барлық жұмыстар қатар атқарылуы керек екенін атап өткен.

Сонымен қатар әлеуметтің әлеуетін арт­­тыруға бағытталған түрлі жобалардың мер­зімінде орындалуы да басты мәселе. Бұл орайда, облыстық экономика және бюджеттік жос­парлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова өңірде 2019-2020 жылдарға жоспарланған 412 жобаның 305-і бойынша жобалық-сметалық құжаттамалардың әлі дайындалмағанын жеткізді. Оның 56-сы күзге дейін мақұлданбақ. Жобалардың көпшілігі Тараз қаласында және Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Сарысу, Т.Рысқұлов аудандарында жү­зеге асырылмаған. Ал Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Алмас Мәдиевтің хабарлауынша, облыстық бірқатар басқармалар, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері облыс әкімінің кейбір тапсырмаларын уақтылы орындамаған. Бұл да дер кезінде түрлі әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына қолбайлау болып отыр.

 

Жамбыл облысы