Аймақтар • 22 Маусым, 2020

Қымбатшылық қалтаны тарылтып тұр

256 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

"Нұрлы жер" бағдарламасы аясында жалдамалы тұрғын үй құрылысын жүргізуде Көкшетау қаласы мен Ерейментау ауданында бірқатар түйткілдер анықталып отыр. Бұл мәселе облыстық "Нұр Отан" партиясы депутаттық фракциясының отырысында талқыланды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Қымбатшылық қалтаны тарылтып тұр

Ерейментау қаласында салынуы тиіс 45 пәтерлі тұрғын үй бойынша жүргізілген конкурстық шаралар қайта қаралып жатыр. Мердігер компания анықталмай, құрылыс жұмыстары қаңтарылып қалған. Ал, Көкшетау қаласы бойынша биыл тапсырылуы тиіс  40 пәтерлі екі бірдей тұрғын үйдің құрылысы сот шешімімен тоқтап тұр.

"Биыл 36,7 мың шаршы метр болатын несиелік 12 тұрғын үй салу жоспарлануда. Көкшетау қаласы бойынша оны жүзеге асыруда бірқатар мәселелер туындап отыр. Мәселен, қазіргі күні тапсырылуы тиіс 7 үйдің тек біреуі бойынша ғана мердігер компания анықталып, жұмыс басталды. Қалған 6 үй бойынша әлі конкурстар жүріп жатыр. Мәселенің күрделеніп отырған себебі, несиелік тұрғын үйдің құны өсіп кетті. Бір шаршы метрі 140 мың теңгеден асады. Осыған байланысты облыстық бюджеттен 703 мың теңге көлемінде қосымша қаржыландыру қажет", – дейді облыстық құрылыс басқармасының басшысыі Марат Әубәкіров.

Жиында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы сөз болды. Биыл бұл бағытта 15 жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 1 миллиард 887 миллион теңге қарастырылған.

"Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін мемлекеттік қызметшілермен, әр бөлімдермен жеке-жеке жұмыс жүргізуді ұсынамын. Сонда ғана қолға алған шаралардың нәтижесі болады деп еспетеймін", – дейді "Nur Оtan" партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов.

Жиында сондай-ақ, өңірдің индустриалды-инновациялық дамуы мен аграрлық салада атқарылған жұмыстар қаралды. Мәселен, "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша 44 жоба мақұлданса, карантинге байланысты бүгінде оның көпшілігі жүзеге аспаған.