Спорт • 22 Маусым, 2020

Жарты ғасыр бұрын өткен жарыс

264 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осыдан дәл 50 жыл бұрын, яғни 1970 жылдың 21 маусымында Мексикада ұйымдастырылған әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. 20 күнге созылған доп додасы Бразилия футболшыларының айқын жеңісімен аяқталды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Жарты ғасыр бұрын өткен жарыс

Финалдық сайыс Мексиканың астанасы – Мехикодағы әйгілі "Ацтекада" өтті. Бразилия мен Италия арасындағы шешуші бәсекені тамашалау үшін стадионға 108 мың көрермен жиналды. Бірінші кезеңде қос команда бір-бір голдан соқты.18-минутта Пеле есеп ашса, 37-минутта Роберто Бонинсенья таразы басын теңестірді. Алайда үзілістен кейін Оңтүстік Америкадан келген оғландар қарқындарын күрт күшейтіп, қарсыластар қақпасын үш мәрте дәл көздеді. Бұл голдардың авторлары – Жерсон, Жаирзиньо және Карлос Альберто. Италия футболшылары бас көтеруге жарамады.

Сөйтіп, осыдан жарты ғасыр бұрын өткен әлем чемпионатының финалдық сайысы 4:1 есебімен Бразилия құрамасының айқын жеңісімен аяқалды. Италия күміс медальді иеленсе, Германия Федеративтік Республикасы қолаға қол созды.

1

Айтулы жарыстың ең үздік ойыншысына тиесілі арнайы сыйлық даңқты Пелеге бұйырса, ең мерген шабуылшы атағын Герд Мюллер жеңіп алды. Неміс шабуылшысы осы біріншілік барысында 10 мәрте мергендік танытты.