Үкімет басшысы мұнайға әлемдік бағаның төмендеуіне және сыртқы экономикалық конъюнктураның нашарлауына қарамастан, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының соңғы 6 жылдағы ең жоғары өсімі – 4,5%-ға қол жеткізілгенін атап өтті. Сонымен қатар өсімнің 85%-ы шикізаттық емес салаларды дамыту есебінен қамтамасыз етілді.
Экономика өсімінің негізгі драйверлері — өңдеу өнеркәсібі (4,5%), құрылыс (12,9%), көлік (5,1%) және сауда (7,6%) болды. Негізгі капиталға cалынған инвестициялар 8,5%-ға, оның ішінде жеке инвестициялар 9,5%-ға өсті. Сыртқы сауда айналымы $97 млрд дейін өсті, сыртқы сауданың оң сальдосының өсімі $19 млрд құрады. Инфляция жоспарланған дәліз шегінде 5,4%-ды құрады. Еңбек нарығында тұрақтылық сақталды. Жұмыссыздық деңгейі 4,8% болды. Ең төменгі жалақы 1,5 есе өсті.
Осы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ 1,7%-ға төмендеді. Бұл ретте экономиканың негізгі салаларында өсім қамтамасыз етілді. Тауарлар өндірісі 4,8%-ға артты.
"Қазіргі жағдайда Үкіметтің негізгі міндеті – экономика өсімінің оң қарқынына шығу үшін қажетті жағдайларды жасау. Ол үшін еліміздегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау бойынша ауқымды шаралар қабылданып жатыр", — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы төтенше жағдай кезінде экономиканы тұрақтандыруға және халықты қолдауға бағытталған жедел әрі шұғыл шаралардың 2 топтамасы (биылғы 23-30 наурыз аралығы) қабылданғанын атап өтті. Әлеуметтік әлжуаз топтарға қаржылық көмек көрсетілді, оның ішінде қажетті дәрі-дәрмектермен және азық-түлікпен қамтамасыз етілді, банк несиелері бойынша төлемдер уақытша тоқтатылды, салық және басқа да міндетті төлемдерді төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Дағдарыс жағдайында жеке сектордың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ШОБ-ты жеңілдікпен несиелеу және бизнесті ауқымды ынталандыру шаралары қабылданды.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыспен қамту шараларымен осы жылдың соңына дейін 1,2 млн-нан астам азамат қамтылатын болады. Жұмыспен қамтудың жаңа жол картасы аясында 6,5 мыңнан астам жоба іске асырылады. Бұл 255 мың жұмыс орнын ашуға және инженерлік-коммуникациялық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту арқылы өңірлерде халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бизнестің жол картасы экономиканың аралас салаларында 100 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын құруға негіз болады.
Үкімет 2020 жылға арналған Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды әзірлеп, белсенді түрде іске асыруда. Ол іскерлік белсенділікті ынталандыруға, жұмыспен қамтуды және халықтың табысын қолдауға бағытталған нақты салалық шараларды қамтиды. Кешенді жоспарды іске асыру үшін Парламент қысқа мерзімде заңнамаға шұғыл түзетулер топтамасын қарастырып жатыр.
Биылғы 1 тамызға дейін Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы аясында 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспардың жаңа редакциясы әзірленеді. Ол еліміздің жаңа экономикалық бағдарының негізгі бағыттарын анықтайды.
"Жаңа экономикалық шынайылық орта мерзімді перспективада елдің сапалы әрі тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін экономикалық саясатқа түбегейлі өзгерістерді енгізуді талап етеді", — деп атап өтті А. Мамин.