Таулы жердің таза топырағына шығатын шікәмшіл қыр қарағайын құм арасына әкеліп тіккен осы ауылдың байырғы тұрғыны Аманжол Жұмабеков ақсақал екен.
– Осыдан 10 жыл бұрын батыс өңірге сапардан қайтып келе жатып, Қандыағаштан қарағайлы алқап көрдім. Содан кейін-ақ осы ағашты Қарақұмға әкеліп егу туралы ой маза бермеді. Әдепкіде Ақтөбедегі тұқымбақтан алып келген көшеттерімді көктеп келе жатқанда білместікпен «өлтіріп» алдым. Осыдан 5 жыл бұрын сол өңірден 10, былтыр 46 түп көшет және әкелдім. Содан қазір ауламда 18 түп қарағай өсіп келеді, – дейді ақсақал.
Қазір кәдімгідей бой алып өсіп тұрған қарағай Ақтөбенің Ойылына Көкшетаудағы Бурабайдан жеткізіліпті. Ақсақалдың айтуынша енді бой алып келе жатқанында суын уақтылы беріп, күннен тасаласа тау қарағайы құмға тез жерсінеді екен. Қазір осыдан бес жыл бұрын егілген талдың биіктігі 3 метрден асып қалған.
Аманжол ақсақал есік алдын көгерту үшін арнайы ұңғыма қаздырып, жеміс ағаштарын да отырғызыпты. Өрігі мен шабдалысы биыл алғашқы өнімін бермек. Одан бөлек бау-бақшалық алқабы да жайқалып түр.
Құм арасын абат баққа айналдырғысы келетін қарияның әбден ізденгені байқалады. Ол алдағы уақытта тағы 50 шақты көшет әкеліп, осы маңды қарағайлы орманға айналдыруды жоспарлап отыр.
Қызылорда