Шағын және орта бизнесті қолдау – өзекті мәселе
Атқарылып жатқан жұмыстар туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова және «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов баяндады.
Қазіргі жағдайда шағын және орта бизнесті қолдау өзекті болғандықтан салықтық ынталандыру, несиелендіру кеңеюде және бизнесті жүргізу шарттарын одан әрі жеңілдету бойынша шаралар қабылдануда.
Р.Дәленов атап өткендей, 2019 жылы экономикадағы ШОБ үлесі 30,8%-ды құрады. Былтыр 31,2 трлн теңгеге өнім өндірілді. Республикада 3,4 млн адам осы салада жұмыс істейді. «Бизнес ахуалды жақсарту бойынша қабылданып жатқан реформалар Қазақстанның Doing Business рейтингінде 25-орынға көтерілуіне мүмкіндік берді. Жыл соңына дейінгі Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар және бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданды. Арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс істеуде», деді министр.
Орта мерзімді перспективада кәсіпкерлік қызметті дамытуда «жаңа күн тәртібі» әзірленетін болады. ШОБ-ты одан әрі дамыту бағыты Қазақстанның 2025 жылға дейінгі жаңа стратегиялық жоспарында реттеледі.
Бизнес ахуалды жақсарту бойынша елімізде төмендегідей шаралар қабылданған:
Салықтық ынталандыру бойынша:
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы салық режімін қолданатын шағын және микро бизнес субъектілері 3 жылға табыс салығынан босатылды. Экономиканың түрлі саласында 2020 жылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорына салынатын салықтар, әлеуметтік төлемдер және мүлік салығы бойынша нөлдік мөлшерлеме белгіленді.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша жыл соңына дейін жер салығының мөлшерлемесі нөлге дейін төмендетілді. Сондай-ақ асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында импорттау кезінде қосылған құн салығын есепке алу әдісімен төлеу мүмкіндігі берілді. 2020 жылғы 1 қазанға дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін қосылған құн салығының мөлшерлемесі 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілді. Сондай-ақ 1 маусымға дейін салықтық әкімшілендіру және бақылау шаралары тоқтатылды. ШОБ субъектісі үшін барлық салық пен әлеуметтік төлемді төлеу мерзімін ұзарту енгізілді.
Тексерулерді қысқарту бойынша:
Мемлекет басшысының тапсырмасымен биылғы 1 қаңтардан бастап 3 жылға шағын және микрокәсіпкерлікке тексеру және профилактикалық бақылау жүргізуге мораторий енгізілді. Сонымен қатар жылдың соңына дейін бизнестің барлық санаттағы субъектісі үшін жаңа жоспарлы салықтық тексерулер жүргізілмейді. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау үшін кәсіпкерлердің «адалдық» презумпциясы қолданыста. Бұл заңнамадағы әртүрлі түсінікті адал кәсіпкерлердің пайдасына қолдануға мүмкіндік береді.
Жеңілдетілген несиені кеңейту бойынша:
«Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бойынша кәсіпкерлер үшін қарыздың соңғы құны енді 6%-ды құрайды. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша несие көлемі 7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Субсидиялау мерзімі 5 жылды құрайды. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша несие сомасы шектелмейді. Ал субсидиялау мерзімі – 10 жыл.
Кепілдік беру құралы жақсартылды. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша кепілдіктер қарыз сомасының 85%-ын құрауы мүмкін. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша кепілдік несие сомасының 50%-ын құрайды.
«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында салалық шектеулер алынып тасталды. Бұл ШОБ-қа қызмет түріне қарамастан бағдарламаға қатысушы болуға және жеңілдетілген қаржы алуға мүмкіндік береді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша тауарлар мен қызметтер тізімі айтарлықтай кеңейтілді. Осы бағдарлама бойынша несиелеудің жалпы көлемі 1 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Сонымен қатар Ұлттық банк шағын және орта бизнеске, оның ішінде жеке кәсіпкерлерге салалық шектеусіз жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосты. Кредиттер айналым қаражатты толықтыруға 1 жылға 8%-бен беріледі. Аталған бағдарламаға 600 млрд теңге бөлінеді. Жалпы, несиелеуді ұлғайту үшін көптеген шектеу алынды, тетіктер жеңілдетілді және қаражат көлемі ұлғайтылды. Бүгінде барлық бағдарлама бойынша кредиттік портфель 1,1 трлн теңгені құрайды. 16 мыңға жуық жоба қаржыландырылды.
«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа бағыт іске қосылады. Бұл – микро және шағын кәсіпкерлікті микрокредиттеу. Бизнестің осы санаты үшін субсидиялау есебінен несиелер 6% мөлшерлеме бойынша қолжетімді болады. Кредиттер айналым қаражатты толықтыруға 5 млн теңгеге дейін, өндірістік қажеттіліктерге 20 млн теңгеге дейін беріледі. Қызмет түрлері бойынша шектеулер болмайды.
«Осының барлығы 2025 жылға экономикадағы ШОБ үлесін 35%-ға дейін арттыру стратегиялық міндетінің орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Р.Дәленов.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы М.Әбілқасымова төтенше жағдай кезеңінде Қазақстан Президентінің тапсырмасына сәйкес агенттіктің қаржылық қиындықтарға тап болған халық пен бизнеске қолдау көрсету үшін бірқатар шара қабылдағанын айтты. Мәселен, 16 наурыз – 15 маусым аралығындағы кезеңде жеке тұлғалар және ШОБ субъектілері үшін кредиттер бойынша төлемдерін кейінге қалдыруға мүмкіндік берілді. Бұл кезеңде 1 890 443 адамның немесе барлық жеке тұлға қарыз алушының 34%-ының төлемі кейінге қалдырылды. Аталған төлемдер сомасы 268 млрд теңгені құрады.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов өз кезегінде бизнестің жүйелі проблемалары тұрақты түрде анықталып, шешіліп жатқанын атап өтті. Бірыңғай тізілім құрылды, оған бизнестің 600-ден астам проблемасы енгізілді. Бұдан өзге Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. Аталған комиссия аясында 500-ден астам мәселе қаралды, оның 80%-ы шешімін тапты.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин аталған бағытта бірқатар жұмыс жүзеге асқанын еске салып өтті. Бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту үшін Үкімет заңнамалық базаны, реттеуші ортаны үнемі жетілдіріп отырады, кедендік әкімшілендіру жақсартылуда. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстан 2019 жылы «Doing Business» бизнесті жүргізу жеңілдігі жөніндегі Дүниежүзілік банк рейтингісінің ТОП-25 елінің қатарына енді, ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 30,8%-ға дейін өсті. Аталған көрсеткішті 2025 жылға қарай 35%-ға, 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізу міндеті қойылды.
Биылғы 18 маусымда Парламент Сенаты бизнес ахуалды жақсарту мәселелері бойынша заңнамалық бастамалардың 8-топтамасын қабылдады. 6 кодекс пен 33 заңға тиімділіктерді арттыруды көздейтін 200-ге жуық түзету енгізілді.
Үкімет басшысы Асқар Мамин барлық өңірдің кәсіпкерлерімен мәселені талқылау, сонымен қатар Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында мәселені қарау қорытындылары бойынша бизнесті қолдау жөніндегі 43 қосымша шарадан тұратын Іс-шаралар жоспары әзірленгенін атап өтті. Іс-шаралар жоспары бизнес ұсынған келесі негізгі бағыттарды қамтиды, атап айтқанда, сатып алуды жеңілдету және қазақстандық үлесті дамыту, ауыл шаруашылығы техникасының лизингін қаржыландыру және кредиттерді қайта қаржыландыру мүмкіндігін кеңейту, тауарлардың экспортын дамыту және рәсімдерді жеңілдету.
«Бүгін айтылған барлық шараны жүзеге асыру кәсіпкерліктің одан әрі дамуына серпін береді, Қазақстанның бизнес ахуалы мен «Doing Business» рейтингіндегі позициясын жақсартуға ықпал етеді», деген А.Мамин, мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге барлық жоспарланған іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Қыста қапы қалмаймыз
Сондай-ақ Үкіметтің селекторлық отырысында алдағы күзгі-қысқы маусымға дайындық барысы қаралды. Мұндағы жұмыстар туралы Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов баяндады.
2019-2020 жылдарғы жылыту кезеңі штаттық режімде өтті. 24 технологиялық бұзушылық тіркелді, бұл өткен маусымнан 33 жағдайға аз. Барлық технологиялық бұзушылық нормативтік мерзімде жойылды. Жылу желілерінің температуралық кестесін сақтамаған 48 жағдай тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға аз.
Н.Ноғаевтың айтуынша, биыл 8 энергоблокты, 59 қазандықты, 44 турбинаны жөндеу жоспарланған. Маусым айының басында 3 энергоблокта, 5 қазандықта және 8 турбинада жұмыс аяқталды. Жөндеудің түрлі сатыларында 3 энергоблокта, 21 қазандықта және 9 турбинада жұмыс жүргізілуде. Жалпы жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде.
Б.Атамқұлов өткен жылыту маусымында өңірлерде жеке және заңды тұлғалардың коммуналдық қызметтер алдындағы дебиторлық берешегі 13 млрд теңгені құрағанын атап өтті. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 780 млн теңгеге көп. Әкімдіктер борышкерлермен дебиторлық берешекті өтеу және азайту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде.
2020-2021 жылғы жылыту маусымына дайындық мақсатында министрлік әкімдіктерге барлық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік сала объектілерін және тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау үшін жұмыс жоспарын жіберді.
«Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлер бойынша ай сайынғы қажеттілікті көрсете отырып, коммуналдық-тұрмыстық мақсатқа және халыққа арналған көмірдің қажеттілік жоспары жасалды. Жалпы, жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. Көмір тапшылығы болмауы тиіс» деді Б.Атамқұлов.
Үкімет басшысы А.Мамин өңірлердің әкімдіктеріне алдағы жылыту маусымына сапалы дайындық шараларын күшейтуді, барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтауды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау және әлеуметтік саланың барлық нысанының жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Тұрғындарды көмірдің қажетті көлемімен, ЖЭО мен қазандықтарды отынмен алдын ала қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастыру керек. Көмір бағасын ерекше бақылауға алып, отынның, әсіресе, тұрғындар үшін көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу шараларын қабылдау керек», деді А.Мамин.
Әкімдіктерге биылғы 1 наурызға дейін жиналған коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылардың дебиторлық берешегін төмендету бойынша шаралар қабылдау, дербес жылыту жүйелерін тұрғын үй және қоғамдық үй-жайлардан тыс жерлерге шығаруды қамтамасыз ету, иесіз электр желілерін анықтау және балансқа қабылдауды жалғастыру, сондай-ақ коммуналдық желілерді энергия беруші ұйымдардың теңгеріміне беруді қолға алу тапсырылды.
Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне алдағы жылыту маусымына дайындық барысына пәрменді бақылау мен мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету тапсырылды.