Туризм • 24 Маусым, 2020

Алакөл жағалауы шақырады

370 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл әлемдегі туризмнің жағдайы мәз болмайтыны анық. Осылайша, пандемия қаупі нәпақасын демалыс орындары мен қызмет көрсетуден түскен қосымша табыстан тауып отырған мемлекеттердің экономикасына жойқын соққы жасады.

Алакөл жағалауы шақырады

Әсіресе, жазғы маусымда жұрт жаппай ағылатын теңіз жағалаулары енді бұрынғыдай демалушылар жинай алмайтыны белгілі. Коронавирус қатері баяулағанмен де көптеген ел бұдан былай туризмнің ішкі мүмкіндігіне ғана үміт артатыны айқындалып келеді. Ал бұл жағдай Қазақстандағы ішкі туризмді дамытудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашуға тиіс. Өйткені жұқпалы індеттің алдын алу шараларын қатаң сақтай отырып, отандық демалыс орындарының жұмысын жандандыруға баса көңіл бөлініп отыр. Қазір осы бағыттағы жұмыс Алакөл жағалауында қызу қолға алынған. Жалпы, 15 маусымнан бастап Алматы облысы аумағындағы жағажай туризмі биылғы жұмысын бастады. Бірінші кезекте Алакөл жағалауындағы демалыс орындары ашылды.

– Алакөлдегі демалыс орындарын 15 маусымнан бастап ашуға рұқсат бердік. Биыл көлдің қос жағалауындағы шомылу маусымын бір мезетте ашу үшін Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен келіс­тік. Жағажайда жұқпалы індеттің алдын алу шаралары қатаң сақталатын болады. Жалпы, демалыс орындарындағы санитарлық-эпидемиялық талаптар бұрыннан қатаң қадағаланып келеді. Ал пандемия жағдайында бақылау тіптен күшейгені дұрыс. Адамдар демалыс кезіндегі сақтық шарасын сақтауды үй­ренуі керек. Біз өз тарапымыздан бар­лық қажетті шараны жасаймыз, – дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Жалпы, облыстың туризм басқарма­сының мамандары биыл Алакөл жа­ға­лауында демалушылар қатары жыл­дағыдан еселеп көбейеді деген болжам жасап отыр. Оның бір себебін шетел курорттары мен жағажайларындағы шектеулердің күшейіп, әуе қатынасының күрделенуінен іздеген дұрыс. Демек, демалыс маусымын суы шипалы Алакөл жағалауында өткізушілер легінің өсетіні анық. Әрі бұл отандық экономика үшін үлкен олжа болары сөзсіз. Ал Алакөл жағалауындағы демалыс орындарының ахуалы қандай? Дерек бойынша мұндағы 144 демалыс нысаны келушілерді қабылдауға толықтай да­йын. Бұл орындар бір мезетте 4500 адамға қызмет көрсете алады. Мұнан бөлек, Алакөл жағалауында бұған дейін 250 орналасу нысаны жұмыс істеп тұрған болса, биыл тағы 14 жаңа нысан ашылады. Сондай-ақ жағажайда қалталы қонақтарға арналған жоғары деңгейлі қонақүйлер де жеткілікті. Сәйкесінше, биыл Алакөл жағалауындағы бір күндік демалыс құны 5 мың теңге мен 150 мың мың теңгенің арасында болмақ.

Алакөл жағалауына келушілер үшін «Нұр-Сұлтан – Үшарал – Нұр-Сұлтан» және «Алматы – Үшарал – Алматы» бағыттары бойынша әуе рейстері жұмыс істеп тұр. 1 маусымнан бас­тап ашылған ұшақ сапары күн сайын қатынайды. Ал 8 маусымнан 24 қазанға дейін «Алматы – Үшарал – Алматы» бағыты бойынша қосымша рейс іске қосылады. Сондай-ақ «Жетісу» авиакомпаниясы «Талдықорған – Үшарал – Талдықорған» бағыты бойынша аптасына 7 рет адам тасымалдап отыр. Мұнан бөлек, Алакөлге қарай теміржол қатынасы да жүруді бастады. Қазір «Жетіген – Достық – Жетіген» бағыты бойынша пойыз қатынайды. Билет бағасын әлеуметтің қалтасы көтереді. Шығынның бір бөлігін облыс бюджеті субсидиялайды екен. Осы мақсатқа 85 млн теңге қаржы қарастырылды. Яғни «Жетіген – Достық – Жетіген» бағыты бойынша пойыз қатынасы маусым айынан бастап, тамыз айына дейін аптасына 3 рет жүреді. Арнайы 7 вагон бар. Билет бағасы плацкарт орны үшін – 2686 теңге, купе – 4500 теңге. Пойыздағы орын саны 324 жолаушыға арналған.

– Біз биылғы демалыс маусымында Алакөл жағалауына келушілер қатары 2 млн адамнан асады деген болжам жасап отырмыз. Туристерге облыс тарапынан барлық жағдай жасалуда. Жол, демалыс нысандарының құрылысы жүріп жатыр. Демалыстың жайлы болуы, қауіпсіздіктің сақталуы үшін қажетті шаралар жасалады. Әсіресе демалушыларды қарсы алатын Ақши ауылындағы туристік нысандарды дамытуға көңіл бөлінуде. Мұнда қазір үлкен демалыс саябағының құрылысы жүріп жатыр. Нысанды 6 шілдеге дейін аяқтап, пайдалануға бермек. Саябақ аумағында автокөлік тұрағы, ойын алаңдары, жазғы дәмхана, 336 адамға арналған амфитеатр, ашық сахна, футбол алаңы, волейбол алаңы, веложолдар, роликпен сырғанауға арналған алаң және басқа да спортпен айналысуға қолайлы орындар бар, – дейді облыстық туризм басқармасының туристік жобаларды жоспарлау және жүзеге асыру бөлімінің басшысы Бақытжан Оразбаев.