Қазақстан • 24 Маусым, 2020

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске арналған пошта маркалары шықты

420 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен "Қазпошта" АҚ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске арналған пошта маркаларын сатылымға шығару рәсімін өткізді, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске арналған пошта маркалары шықты

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет – тақырыптық марка шығарған алғашқы құқық қорғау органы.

Марка дизайнына құқық қорғау органының коммуникативті логотипі негізге алынған. Маркада агенттіктің "Әділдік. Парасаттылық. Сенім" құндылықтары жазылған. Бұл құндылықтар логотипте қолданылған түстерде де берілген: аспан түстес – әділдікті, кемелдікке, жаңаруға ұмтылуды; көк түс – сенім мен қауіпсіздікті бейнелейді.

Пошта маркасына естелік белгі соғу салтанаты агенттік төрағасы Алик Шпекбаев пен "Қазпошта" АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсеновтің қатысуымен өтті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы өз сөзінде шараның маңызын атап өтті.

"Жемқорлықпен күрес өзгеріске ұшырады. Бұрынғы қорқынышты, жазалау шараларына берілген басымдық енді құқық бұзушылықтардың алдын алуға, оның мүмкіндіктерін жоюға ауысты. Cондықтан агенттік қылмыстық-құқықтық шаралармен қоса жемқорлықты қабылдамау идеясын насихаттауға, ақпараттандыруға, сонымен қатар азаматтық қоғамды кеңінен жұмылдыруға күш салуда. Марканы шығару – осы жолдағы қадамның бірі", – деді Алик Шпекбаев.

Ал Ұлттық пошта операторының басшысы Сәкен Сәрсенов:

"Марка шығару – Қазақстан аумағында сыбайлас жемқорлыққа төзбеу идеясын таратуға және сыбайлас жемқорлыққа көріністеріне жол бермеу туралы Елбасы мен Мемлекет басшысының ұстанымын сақтауға мүмкіндік беретін құрметті әрі ұмытылмас оқиға болады деп үміттенеміз", – деді.

Марка 2020 жылдың 24 маусымынан бастап айналымға енеді. Бағасы – 200 теңге. Таралымы – 10 000 дана. Марканы "Мемлекет саясаты" сериясымен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі шығарды. Автор және графикалық дизайнер Д.Со, техникалық дизайн І.Оңғарбай.