Аймақтар • 24 Маусым, 2020

Шымкенттік оқушылар жасаған глобус КИнЭС-2020 рекордтар кітабына енді

529 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкенттегі №90 жалпы орта білім беретін мектепте жаңалыққа жаны құштар  жас жеткіншектер жетерлік.  Жуырда сол талапты оқушылар мектеп дәлізіне жер шарының үлгісі – алып глобус жасап шықты, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкенттік оқушылар жасаған глобус КИнЭС-2020 рекордтар кітабына енді

Бұл қазіргі таңда көлемі жөнінен орта Азия мектептеріндегі ең үлкен глобус болып саналады. 

Диаметрі 200 сантиметр, биіктігі 3,5 метр және салмағы 400 келі тартатын глобусты жасауға аталған мектептің технология пәнінің мұғалімдері Қыдырәлі Ағыбаев, Пердехан Тансықов және Болат Серікбеков пен 300-ге жуық оқушы қатысыпты. 

Глобус 2015-2016 оқу жылдарында жасалып, оған гипсокартон материалы қолданылған. Бұл ерекше дүниені жасауға 6 айға жуық уақыт жұмсалыпты. 

Орталық Азия мектептерінде жоқ алып глобус (жер шары) Қазақстандық КИнЭС-2020 рекордтар кітабына енгізілуге ұсынылып, жеңімпаз атанды. 

Жеңімпаз аталғандығы расталып, Қазақстандық КИнЭС-2020 рекордтар кітабының бас редакторы К.А.Тазабековтың сертификатына ие болды. 

 

 

 

                                              Шымкент