Қазіргі таңда облыс бойынша провизорлық ауруханаларда 958 науқас пневмониядан ем қабылдауда. Оның ішінде, Түркістан қалалық ауруханасында - 50, Кентауда 180 адам емделуде. Пневмониядан 198 науқас жазылып шықса, 1 маусымнан бері облыс көлемінде 23 адам аталған дерттен көз жұмды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осындай деректер келтірген облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов теріс көрсеткіш халықтың бейқамдығынан көтеріліп отырғанын жасырмады. Басқарма басшысының айтуынша, әлеуметтік желілердегі ауруханаларда орын жетіспеушілігі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. "Қазіргі таңда облыс көлемінде дәрі-дәрмек қоры мен оттегі орындары жеткілікті. Індетке қажетті антибиотиктерді алдырудамыз. Сондай-ақ, ауруханаларда төсек-орындар бойынша тапшылық жоқ. Қосымша орындар әзірленген. Мәселен, Кентау қалалық орталық ауруханасында 50 орындық соматикалық бөлімше қайта бейімделіп, қосымша 200 орындық төсек-орын, 16 оттегі орындары дайындалды. Ал Түркістан қалалық орталық ауруханасында қосымша 270 төсек-орын әзірленген. Орын алған жағдайға байланысты Түркістан және Кентау қалаларында науқастарды жоспарлы жатқызу тоқтатылған. ХҚТУ, "Акмарал", "Клиника Талғат" сынды жеке клиникалар да өздеріне бекітілген тұрғындарға тиісті медициналық қызмет көрсетуде", деді Марат Орынбасарұлы.
Ал Түркістан қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Жанболат Ділдәбеков облыс орталығында екпе бөлмелерінің тапшылығына байланысты қосымша орындар даярланғанын,төсек-орын саны артып, науқастарға қажетті дәрі-дәрмектер қосымша алынып жатқандығын жеткізді.