Солардың біразы Сорқуыс қауымында тұр. Себебі бұл өңір Алаш жұртын аузына қаратқан би-шешендер, әр сөзін қазықтай қағып сөйлеген ақын-жыраулар, ұлтқа қорған болған кемеңгер көсем тұлғалар туған топырақ. Атақты шайыр Ығылман Шөрекұлы мәңгі тыныс тапқан осы қауымды жергілікті жұрт әуелден-ақ көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы ғалым Халел Досмұхамедовтің атажұрты, түбегейлі қонысы деп танушы еді. Атыраулық зерттеушілер жуырда бұл тұжырымның дәлелін тағы бір мәрте шегелеп қойды.
Кіші жүздегі атақты билердің бірі, ақылы терең, өте әділ әрі асқан ділмәр, жұртын жақын мен жатқа бөлмей тура қазылық еткен Алдар би Ерназарұлының (1705-1795) есімі Кіші жүз ханы Әбілқайырмен дос, оның ұлы Нұралыға тәрбиеші, әйгілі Сырым батырға ақылшы болуымен мәлім. Оған Шынияз ақынның:
...Хан болған одан кейін
Нұралы еді,
Төренің «Арқар» деген
ұраны еді.
Хан ауылын Сырым
шауып тоздырғанда,
Ақылды Алдар биден сұрап еді, – деген жыры айғақ.
Алдар би – Халел Досмұхамедовтің арғы атасы. Кіші жүздің Байұлы тайпасындағы жеті баулы Беріш руының Жайық деп аталатын бөлімінен өрген аталығы да Алдар есімімен аталады, яғни бидің ұрпақтары. Әділдікпен аты шыққан Алдар бәйбішесі Жұпардан – Есенбай, Байтоқа, Қозыбақ, кіші әйелі Ақшабақтан – Таймас, Тілеке, Меңдеке атты перзенттер сүйіпті. Тілекенің Байнақ, Көккөз атты ұлдарының алғашқысы асқан дәулет иесі әрі би болған екен. Одан Сыйқыт пен Машақ туған.
Байнақұлы Машақ төңірек жұртына жағымды, мұқтажға тіреу, жарлыға сүйеу би кісі екен. 1825 жылы дүниеге келген Машақ бидің елге пана, жауға қалқан болған ерек істері турасында Тайсойғанның көнекөз қариялары ескі дәуірден жеткен естелік әңгімелерді жырдай ғып айтады. Сүйегі мықты сегіз қанат ағаш үйге мұқтаж сол дәуірдің өзінде қысқы қонысынан пәтер салғызған Машақ би құлақ естір жерге «Машақ ауылы» деген атақ-абыройын асырған бедел иесі болыпты. Оның Досмұхамбет, Дәулетүмбет, Ізмағамбет, Құлымжан, Аталық есімді бес ұлының оқыған, тоқыған, көзі ашық азамат болып ержеткенін тек ауызекі әңгіме емес, архив құжаттары да дәлелдейді. Әсіресе 1853 жылы туған ортаншы ұлы Дәулетүмбет жастайынан әріп танып, Орынбордан оқу бітірген. Ержеткен соң ел басқару ісіне араласулы. Бірнеше атадан бері би дәргейінен төмен түспеген әулеттің ұрпағы – Тайсойған өңіріндегі алғашқы оқыған азаматтардың бірі. Тіпті кейбір деректерге сүйенсек Дәулетүмбет Үйшіктен (қазіргі Атырау қаласы) орыс-қазақ училищесін ашып, ағартушылыққа да ден қойса керек. 1908 жылы қайтыс болған ол өмірінің соңғы жылдарында Гурьев уезі Тайсойған болысының 1900-1908 жылдардағы басқарушысы Жанайыс Жұлдызовтың хатшысы (писарь) болған. Архивтен табылған сары қағаздарда бұған куәлік етер айғақтар көп.
Жұлдыздың Жанайысы да Алдар бидің бір ұрпағы, Ойыл-Тайсойған өңіріндегі ең ірі қайраткерлердің бірі. Оның болыс болғанына дәлел жеткілікті болғанмен, Ресей архивтерінің бірінен табылған Халелдің туу туралы метіркесі ерекше құнды. 1903 жылы 3 мамырда жазылған №266 метіркеге «DZaDyl» деп латыншалай шиырып қол қойып, сүргіштелген дөңгелек мөр соққан.
Дәулетүмбет ағасының ұлы Халелді өз бауырына салып, өнегелі тәрбиесін беріп өсіреді. Әуелі ауыл молдасынан хат танытып, кейін орыс-қазақ мектебінен, сосын Текедегі (Орал) реалдық училищесінен, соңынан Санкт-Петербордағы Императорлық Әскери-медициналық Академиядан білім құтаруына зор ықпал еткен. Ал Халелдің қандай биікке көтерілгенін тәптештеп жату артық болар.
Ел ішіндегі зерделі, көзінің оты бар балаларды оқытудан тарылмаған Дәулетүмбеттің сақи жомарттығына атақты шайыр Мұрат Мөңкеұлының жыр арнауы да тегін болмас.
Машақ бидің тұңғыш ұлы Досмұхамбет те айранын ұрттап, қойын құрттап отырған көп қазақтың бірі болмапты. Бауырынан өрген он перзентінің бәрі де өз дәуірінің алдыңғы қатарынан табыла білген. Сол заманда ол үшін ауыл-үйдің арасындағы «жорға билік» жүрмейтін еді. Хасен, Халел, Құлбайыс атты ұлдары мен Торғай есімді қызына хат танытып, көзін ашқан соң «мал – күнкөріс көзі, оқу-білім – өмірдің өзі» екенін ұғындырып өсірді. Қыр қазағының көзімен Халел «ақ патшаға қол берген зор ұлық» болғанда, үлкен ұлы Хасен де інісін малданып ауылда ас ішіп, аяқ босатып жатқан жоқ. Бабалар салған жолмен ел ісіне араласқан, халқының мұңын мұңдап, мұқтажын өтеуге атсалысты. Бұл сөзімізге өзіміз аударған төмендегі архив құжатын айғақ қылуға болады:
ҚОЛХАТ
Мен, төменде қол қоюшы, осы қолхатты Императорлық Әскери-медициналық Академия студенті Қалел Досмұхамедовке беремін. Оған, Досмұхамедовке, менің қызым Сағира Жұмағалиқызы Тоқтыбаеваға үйленген күнінен бастап, оның Академиядағы курсын бітіргенше ай сайын 50 сомнан (рубль) кем емес төлеп тұруды міндетіме аламын. Сол үшін қол қоюшы Жұмағали Тоқтыбаев.
Арабша қолы қойылған.
Куәлік етемін, Тайсойған болысы №6 ауылының старшинасы Хасен Досмұхамедов. Шілде 1908 ж. Мөрі соғылған.
Мөрде тасқа басқан әріптермен «СТАРШИНА №6 АУЛА ТАЙСУЙГАНСКОЙ ВОЛОСТИ ГУРЬЕВСКАГО УЪЗДА» деп жазылған. Бір парақ қағаз арқылы біз Хасен Досмұхамедовтің старшын болғанын ғана емес, Халелдің әйелі Сағираның (Тана руының Қарақұнан бөлімінен) толық аты-жөнін, сондай-ақ студент кезінде жасалған қайынатасының қамқорлығы жөнінде де мағлұматқа көз жеткіздік. Тарих үшін бұл да зор жетістік.
Айтпақшы Тайсойғаннан теріскей жатқан Сорқуыстағы үлкен зиратты жұрт «Алдар қауымы» деп атайтын. Бұрынғы Машақ ауылына жақын биіктігі атты кісімен теңдесер құлпытастардың сырын ашпаққа бекінген Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының бөлім меңгерушісі Сейілхан Мираш бастаған ғылыми-зерттеу тобы қауымға мониторинг жүргізе отырып, қосымша зерттеу жұмысынан да тартынған жоқ. Мүк басқан көне құлпытастарды тазалап, оқуға дайындауды Қызылқоға ауданы Миялы ауылының тұрғындары Мәлік Сүлейменов, Есенбай Нұров, Әзидолла Қанатқалиев, Қайрат Базарбаев, Ақжол Мүсілімұлы сияқты еріктілер өз жауапкершілігіне алды. Тіпті үйден құрал-жарағын ала шығып, белсене кірісті. Әуелі ақын Ығылман Шөрекұлының зиратынан тура терістікке қарай он-он бес қадамдай жердегі биік құлпытасқа назары түскен зерттеушілер жазуын топырақтан аршығанда араб тіліндегі мына мәтінді оқыды (№1 құлпытас): «Әл мархұм Беріш руғы Жайық тайпасы Алдар бөлімі Машақ Байнақ ұлы 65 йашында офат, 1890 иылда, қылдырды баласы Құлымжан мырза». Демек бұған дейін Досмұхамбеттің ұлы делінген Құлымжан оның інісі, яғни Машақтың ұлы екені анық болды. Ал Машақ би 1825 жылы туып, 1890 жылы дүние салған.
Одан терістікке қарай тағы да ілгері жүргенде, алдыңғыдан кішілеу, бірақ ажар-көркі одан кем емес ірі құлпытас тұр екен. Ортан беліне жуық көмілген топырақты аршығанда (№2 құлпытас): «Әл мархұм Беріш руғы Жайық тайпасы Алдар бөлімі Машақ ұлы Дәулет-Үмбет офат 55 иашында, 1908 иылда, қылдырды баласы Үтер» деген жазу оқылды. Демек қазақтың алғашқы оқығандарының бірі Дәулетүмбет Машақұлы 1853 жылы дүниеге келіп, 1908 жылы бақилық болғаны анық. Бұл бейіттен бірер қадам алдағы соған ұқсас құлпытастың жазуы да Дәулетүмбеттің құлпытасына келіңкірейді (№3 құлпытас): «Әл мархұм Беріш руғы Жайық тайпасы Алдар аймағы Хасен Досмұхамбетұлы, 39 иашында 1909 иылда». Құлпытастағы бұл жазба Досмұхамбеттің үлкен ұлы Хасеннің туған жылы 1870 жыл екеніне айғақ. Сондай-ақ ағасы қайтыс болған жылы Халел Петербордағы жоғары оқуды тауысқанын тарих растайды.
– Әлбетте, бұл сүйінші хабар. Себебі Алматыда қалған Халелдің өзінің мүрдесін таппақ түгілі, ата-бабасының қауымы қай жерде екенін көрсетіп кеткен ешкім болмай сан соғып жүргеніміз рас еді. Маусымның басында әріптестерім Руслан Қуанов және Ғаламат Базарбаевпен бірге Қызылқоға ауданына аттанғанда, мұндай тың деректерге қол жеткіземіз деген ойымыз да болған жоқ. Құлшынысымыз сол жерде құлпытастардың бедері мен жазуын көргенде туындады. Бұған дейін Дәулетүмбеттің Тайсойған болыстық басқармасында қызмет етіп, Хасеннің старшын болғаны жөніндегі қолда бар архив деректерін оқып, ойланып жүретінбіз, – дейді топ жетекшісі Сейілхан Аманқұлұлы.
Келешекте атыраулық зерттеушілер Халел Досмұхамедұлының ғылыми-қайраткерлік жолына қатысты жұмыстарды жалғастыруға талаптанып отыр. Шоқан Уәлиханов айтпақшы, «Қазақ даласында не көп – бірі көне, бірі жаңа жапырлай орналасқан зираттар, обалар мен төбешіктер көп. Қазақтың тұрмыс-тіршілігінің бұл тілсіз ескерткіштері тарихи тұрғыдан гөрі, жағрапиялық тұрғыдан алғанда қымбаттырақ».
Назарбек ҚОСШИЕВ,
өлкетанушы
АТЫРАУ