Қоғам • 25 Маусым, 2020

Тараптар татуласса деп...

881 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырауда татуласу орталы­ғының қанатқақты жобасы былтыр Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының «Татуласу: сотқа дейін, сотта» бағдарламасы аясында басталған еді. Содан бері 2 257 іс қаралып, оның ішінде 840 іс сотқа дейін шешімін тауыпты. Ал Билер кеңесі ажырасуға қатысты 200-ден астам материалды қарап, оның 200-ге жуығы татуласты. Қазір аталған орталық ұсынатын қызметтерге сұраныс артып отыр.

Тараптар татуласса деп...

Енді өткен аптада Татуласу орта­лығының арнайы ғимараты ашылды. Оған қатысқан облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов елімізде дау-дамайлардың ше­ші­мін табуға ерекше көңіл бөлі­нетініне тоқталды. Бүгінде түрлі жанжалдарды сотқа жеткіз­бей шешудің балама жолдары қол­данылуда. Бұл міндеттер Елбасының Жолдауларында, Прези­денттің тапсырмаларында ай­тыл­ған.

– Бітімгерлік пен арағайын­дық халқымыздың қанында бар. Ата-бабаларымыз бітіспес дауды бір-ақ ауыз сөзбен шешкен. Келісім мен татулықты асыл мұраға айналдырған еліміз үшін бабалар құндылығын жандандырудың маңызы зор. Соңғы жылдары ел ішіндегі дауларды азай­ту мақ­сатында сот жүйесінде ауқым­ды жұмыс­тар жасалуда. Сала­дағы рефор­­малардың арқасында дауларды сотқа жеткізбеудің жаңа тетік­тері іске қосылды, – деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Ал Атырау облыстық сотының төрағасы Бауыржан Жұмағұловтың айтуынша, жа­қында Мемлекет басшысы қол қойған «Азаматтық іс жүргізу» кодексіне өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы заң күшіне енді.

– Сот реформасын жүргізу­дің жалғасы әрі біздің бас­ты міндетіміз – татуластыру рәсім­дерін қолдану. Енді соттар арыздарды қабылдап, татуластыру судьясына жібереді. Тараптар татуласу арқылы негізгі сот процесіне келмей-ақ мәселесін шешу үшін 14 күн уақыт беріледі, – дейді Б.Жұмағұлов.

Оның айтуынша, бұл жоба ха­лық­тың әлеуметтік осал топтарына, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға құқықтық, делдалдық және заңгерлік көмек көрсетуге бағытталып отыр. Ор­талықта аза­маттарға медиаторлар, билер, адвокаттар, прокурорлар, пси­хологтер, нотариустар және бизнес-омбудсмен құқықтық көмек көрсетеді. Тұрғындарға қолайлы жағдай тудыру үшін орталық қажетті техникалық құрал­дар­мен жабдықталған. Мұнда келу­шілерге медиацияның ерек­шелігі мен артықшылығы туралы ақпарат беріледі.

 

АТЫРАУ