Әдебиет • 25 Маусым, 2020

Исигуро: Нобельден кейінгі алғашқы кітап

160 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осыдан тура үш жыл бұрын Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы "романдарындағы алапат сезім қуаты әлем мен адам арасындағы тылсым байланыстың тұңғиығына жол ашқаны үшін" тегі жапондық, Британия жазушысы Кадзуо Исигуроға берілген еді. Жер жүзіндегі нөмірі бірінші сыйлықтың лауреаттарын сыншыл қауым жыл сайын ежелгі дәстүр бойынша қызу талқыға салып жататын. Бірақ, дәл сол жылы Исигуроны әдібиетшілердің дені бұл мәртебеге әбден лайық деп санады. Ал Швед академиясының тұрақты хатшысы Сара Даниус: "Джейн Остин мен Франц Кафканы араластырып, оған аздап Прусты қоссаңыз, Кадзуо Исигуро шығады" деп автордың оқырманға мәлім жазу тәсілін жария қылған еді. Міне, енді сол Исигуроның творчествосында үлкен жаңалық болғалы тұр.

Исигуро: Нобельден кейінгі алғашқы кітап

2021 жылдың наурызында Кадзуо Исигуроның жаңа романы жарыққа шықпақ. Айта кетейік, бұл автордың Нобель сыйлығынан кейінгі алғашқы кітабы. "Клара  мен күн" (Klara and the Sun) деп аталатын романда Клараның оқиғалары, "жасанды достың" "ерекше байқампаз қабілеттері" баяндалады. Су жаңа шығарманы басуға дайындап жатқан Faber баспасы: "Клараға мүмкіндік туған кезде адамдардың берген уәдесіне көп сене бермеу керек екенін ескертеді", деп роман сюжетіне пікір білдірді.

Amazon кітап дүкені келер жылы оқырман қолына тиетін Исигуро романының қағаз нұсқасы 27,95 доллардан сатылады деп болжап отыр.