Дегенмен, бүгінгі таңда Тараз қаласы бойынша жұмысын қайта бастаған кейбір сауда орындары мен қоғамдық тамақтану нысандарында санитарлық талаптар толық сақталмай отыр. «Біріне жан қайғы болса, біріне мал қайғы». Яғни тұрғындардың бірі қауіпті дертті жұқтырып, денсаулығымен әлек болып жүрсе, енді бірі табыс табудың соңына түсіп, талаптарды сақтауды ұмыт қалдырған.
Санитарлық талаптарды мейлінше сақтау керектігін ескертіп келген мамандар енді тиісті нысандарға айыппұл салуға кірісті. Карантин талаптарына байланысты көне шаһарда рейд жұмыстары жүргізіліп, талапқа сай болмаған бірқатар нысандарға арнайы хаттамалар толтырылды. Бұл орайда Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есенғалиев және полиция қызметкерлері, тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары қаладағы сауда орындары мен тамақтану нүктелерін аралады. Нәтижесінде, көптеген кемшіліктер анықталды. Тіпті шаһар тұрғындарының өзі коронавирусқа жауапсыз қарап, індеттің көбеюіне жол ашып отыр. Бір кеште ғана жүргізілген рейд барысында Тараз қаласы бойынша 8 заңбұзушылық тіркелген.
«Мәселен, рейд барысында облыс орталығындағы «Сәлем» дәмханасы қызметкерлерінің медициналық қолғапсыз қызмет көрсетіп жүргендігі, келушілердің жағдайы мен медициналық маскаларының тексерілмейтіндігі анықталды. Жалпы, қалада санитарлық талаптардың толық орындалмай отырғандығына көз жеткіздік», дейді қала әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар «За линией» аймағындағы азық-түлік дүкендері мен көлік жуу орындарында да заңбұзушылықтар орын алған. «Loto club» ойын-сауық мекемесінің әкімшілігі хаттаманы рәсімдеуден бас тартқан. Бұл ретте қала әкімі Айтқазы Қарабалаев кезекті брифинг кезінде тұрғындарға және кәсіпкерлерге азаматтардың тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігіне байланысты шектеулерге түсіністікпен қарауды сұраған болатын. Себебі коронавирус індетін жұқтырғандар саны Жамбыл облысында 600-ге жетсе, оның басым бөлігін Тараз қаласы құрап отыр. Күн санап көбейіп келе жатқан індеттің беті қауіпті. Сондықтан да әрбір жекелеген тұрғындардан бастап, түрлі нысандардың иелері мен қызметкерлерінің де санитарлық талаптарды қатаң сақтағаны дұрыс-ақ. «Атап айтқанда, қоғамдық тамақтану орындарына келушілер саны 50 адамға дейін болуы керек. Мұндай нысандардың жұмыс уақыты түнгі сағат 22:00-ге дейін шектелген. Ал жұмыс істеп жатқан бизнес субъектілері қатаң талаптарды сақтауы керек», дейді А.Есенғалиев.
«Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» деген сөз бар. Індеттің қауіпті екенін сала мамандары айтып та, жазып та жүр. Сондықтан бүгінгідей жағдайда карантин талаптарын сақтаудың маңызы зор. Бұл жерде бірінші кезекте табыс емес, тағдыр тұрғаны абзал. Бүгінде қала көшелерінде инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында күн сайын жаппай дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде. Соңғы екі күннің өзінде мамандар арнайы 9 бірлік техниканы пайдалана отырып, 2 млн 175 мың шаршы метр жерді зарарсыздандырды. Оның ішінде 67 көше, түрлі әлеуметтік нысандардың аумақтары, балалар алаңдары, саябақтар сияқты орындар бар. Бірақ карантин талаптарын сақтауды әрбір адам өзінен бастамаса, жұмыс істеп тұрған нысандар адамдардың денсаулығына бейжай қарайтын болса, күн сайын жүргізіліп жатқан дезинфекцияның да, облыс деңгейінде қабылданып жатқан шаралардың да пайдасы шамалы.
ТАРАЗ