10 Қазан, 2013

«Кардифф Ситиге» менеджер болып қазақ тағайындалды

302 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

10-10-13-vinsent tan-1

Англияның премьер-лигасында ойнайтын «Кардифф Сити» командасының селекция жөніндегі менеджерлігіне 23 жасар қазақ жігіті Әлішер Әпсаламов тағайындалды. Бұл туралы ақпарлар 9 қазан күні түнде жергілікті БАҚ-тарға сүйенген көптеген твиттерлерде жарияланды. Осыған орай Gazeta.ru сайты Ә.Әпсаламовтың енді клубтың тррансферлік саясатын жүргізетінін жазды. Мұндай шешімді клубтың қожайыны Винсент Тан (суретте) қабылдаған. Малайзияның миллиардері осының алдындағы скаут Ян Мудидің жұмысына оншалықты разы болмапты. Ол команданың бас жаттықтырушысы шотланд Малки Макайдың нағыз оң қолы болған көрінеді. Соған қарамастан, малайзиялық мырза оң қуып жіберген. Британиялық Metro басылымының ақпарына қарағанда, қазақ жігіті клуб қожайыны ұлының досы сияқты. Айтқандай, мамандар бұрынғы менеджердің қуылуы команданың бас жаттықтырушысын да орнынан алып тастауға апаратынын айтып отыр. Дегенмен, бұл жаңалықтардың барлығы команданың жанкүйерлер қауымын бей-жай қалдырған жоқ. Олардың арасында Уэльс футбол клубына футболдан хабары жоқ, өмірлік тәжірибесі аз, оның үстіне алыстағы өздері үшін құпиясы көп Қазақстаннан келген жігіттің мұндай маңызды лауазым тізгінін ұстағанын ұнатпайтындар да аз емес көрінеді. Бірақ жергілікті жанкүйерлер наразылығы бұдан басталмаған. Олар Танның команданың формасы түсін, эмблемасы мен атын өзгерту жөніндегі әрекеттерінен басталған секілді. Руслан Игілік.