Руханият • 29 Маусым, 2020

Қазақ жылқысының жеті жоғы қашан түгенделеді?

2094 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қатпар-қатпар қазақ тарихы бабаларымыздың найзасының ұшымен, тұлпарларының тұяғымен жазылған қастерлі тарих десек, ел шежіресін түзуде жылқы малының орны ерекше. Дей тұрғанмен осынау қасиетті Қамбар ата төлін жас ұрпаққа насихаттауда кемшін тұстарымыз аз емес. Адамзат баласы алғаш ауыздықтап, арғымаққа ер салған қазақ даласында жылқытану жайы кенже қалып отыр.

Қазақ жылқысының жеті жоғы қашан түгенделеді?

Skyscrapercity.com

Ел Президенті Қасым-Жо­март Кемел­ұлы сайлауалды бағдар­лама­сында да, Пре­зидент атанып, ел ал­дында ант бергенде де Тұң­ғыш Пре­зидентіміз – Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлының саясатын жалғас­тыра­­тынын айтқан болатын. Біз осы ретпен аталған бастаманы негізге ала отырып, қазақ жылқысының жай-күйіне қатысты толғақты мәселелерді тізіп шығуды жөн көрдік. Қазақ жылқысының жоқ-жітігін тү­ген­дейтін жеті жоғымыз төмендегідей болды.

 

Әлемде «қазақ жылқысы» деген атаумен тіркелген жылқы тұқымы жоқ

Өткен 2019 жылдың соңында Моңғолия ғалымдары америкалық және ресейлік әріптестерімен бірлесе отырып, «осыдан 5-6 мың жыл бұрын моңғол жылқысы әлемде алғаш рет қолға үйретілді, әлемдегі барлық жыл­қы тұқымдарының негізі қазіргі моң­ғол жылқысы» деген тұжырым жасады.

Бұл қаншалықты ақылға сыйымды немесе тарихи шындық болатынын ғалымдар айта жатар. Бірақ бізге белгілісі бүкіл әлем 1989 жылы осыдан 6000 жыл бұрын ең алғашқы жылқы қазақ даласында, нақтырақ айтсақ қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау елді мекеніне жақын жердегі «Ботай қонысынан» табылғандығын мойындаған болатын. Бұл туралы әлемде талай зерттеу еңбектер жасалып, бес мемлекеттің бірлесуімен «EQUS. Жылқы тарихы» атты үш бөлімнен тұратын деректі фильм де түсірілді.

Алайда...

Бастауын осыдан 6 мың жыл бұрын Ботай қорымынан алатын адамзаттың абзал серігі жылқы тарихының бүгінгі парағында 256 түрлі жылқы тұқымы тіркелген. Осы әлемге тараған 256 түрлі тұқымның қа­тарында «қазақ жылқысы» деп көрсетіп берер бірде-бір тұқымның тіркелмегені қын­жылтады.

Алайда біздің бұл олқылығымызды өзгелер тиімді пайдаланып отыр. Сөз жүзінде «қазақ жылқы мінезді», «қа­зақ пен жылқы егіз», «қазанат пен азаматты бөле-жаруға келмейді» деп күпінгенде үзеңгі бауымыз сегіз қа­бат болады. Алайда «жылқының ота­ны» атанған Қазақстанда «қазақ жыл­қысы» деп көрсетер бір қотыр тайдың болмауы қалай?

 

Жылқытану институты жоқ

Аса құрметті оқушымыз, бұған сен­беуіңіз мүмкін. Бірақ институт былай тұр­сын, біздің елде Жылқытану кафедрасы да жоқ. Елімізде ауылшаруашылық саласында белді-белді жоғары оқу орын­дары жетерлік. Әр ірі қалада бір Агротех­никалық университет бар десек те болады. Жылына мыңдаған ветеринар білім алып шығады. Алайда олардан еш пайда жоқ. Себебі жүйесіз, нақты берілмеген білім, ешқашан өз жемісін бермейді. Тәуел­сіздік алғанымызға 30 жыл болды, алайда әлемде «Қазақ жылқысы» деген жылқы тұқымын қалыптастырып, шығыра алмай отырғанымыздың өзі осы жүйесіз, мақсатсыз берілген білімнің көрінісі. Иә, бір жылқы тұқымын сұрыптау үшін кемі 25-30 жыл керек десек, біз үшін енді 2050-ді күткеннен басқа амал жоқ.

Қазақстанда 125 жылдан астам тарихы бар «Қазақ тұлпары» (Қостанай) жылқы зауыты барын елдің бәрі біледі. Бірақ ол мекеменің аты бар да, заты жоқ. 125 жылда «Қостанай жылқысы» деген бір ғана тұқым шығарды. Соны малданып әлі жүр. Қазақтың етті-сүтті бағыттағы «жабы», «мұғалжар», «көшім», тұқымдары өсіріліп жа­тыр. Бірақ бұл тұқымдар елішілік қана деңгейде қалып отыр.

Жылқы тұқымын асылдандыру, сапа, зерттеу, жылқытану саласымен түбегейлі айналысатын Жылқытану институтын аш­пайынша әлемдік дәрежеде «Қазақ жыл­қысы» деген тұқым шығару ісі сол айтылған күйі қала береді деп ойлаймыз.

 

Жылқы шаруашылығына қолдау жоқ

Әлемде Жылқы министрлігі бар бірден-бір мемлекет – Түркіменстан. Түркімендер ахалтекесін әлемдік бренд­ке айналдырды. Бізге жылқы ми­нистрлігінің керегі жоқ, алайда жылқы шаруашылығымен айналы­сатын шаруаларға нақты қолдау көр­сетілсе деп ойлаймыз. «Құлан» бағ­дарламасы бар. Алайда ол тиімсіз және бір елдің жылқы шаруашылығы үшін бір ғана бағдарлама аздық етеді. «Құланның» тиімсіздігі – бірінші­ден: суб­сидия тек етті-сүтті тұқымды жыл­­қыға, оның ішінде биелерге ғана бе­рі­летіндігі, екіншіден: жылдық па­йыз­дық мөлшерлемесінің көптігі (16 пайыз).

Қазіргі кезде асыл тұқымды ай­ғыр­­дың бір басына 100 мың теңге кө­ле­мінде субсидия беріледі. Екінің бірі асыл тұқымды айғыр сатып ала алмайды. Екіншіден, оның өзі етті-сүтті бағыттағы жылқыға ғана төленеді.

Ал қымыз шаруашылығы бойынша 1 литр қымызға 60 теңге субсидия беріледі. Бұл ретте де еліміздің ұлттық сусыны болуға әбден лайық, денсаулыққа аса пайдалы, диеталық тағам ретінде әлем мойындаған бабалар сусынын өндірушілерге мемлекет тарапынан нақты қолдаулар болса нұр үстіне нұр болар еді.

 

Жылқы бар, жылқышы жоқ

Бұл жылқы шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің жанайқайы деп ұқсаңыз да болады. Белгілі жыл­қытанушы ғалым, қазақтың «мұғал­жар», «көшім» жылқыларының негізін қалаушы Серікбай Рзабаев бір сұхбатында тура осылай деген еді. Құдайға шүкір, қазір қазақ даласында 2,8 млн (2019 жылғы есеп бойынша) жылқы бар. «Жылқыны жылқы тұяғынан да қатты адам баға алады» дейді дана халқымыз. Тіпті «Ұлың ынжық болса – жылқы бақ­тыр, ұлың тентек болса – қой бақтыр» дейтін де біздің қазақ. Алайда бүгін жылқы бағатын «жылқы тұяғынан да қатты» бақташы табу қиямет. Кәсіпкер бар жағдайын жасап, басына баспана, астына машина, киім-тамақ, жалақысымен беруге дайын, бірақ жылқышы жоқ.

Сол себепті, бұл кәсіппен айналысушыларды ынталандыру үшін мемлекет тарапынан тек осы жылқы бағуға бейілді азаматтарға жағдай жасаудың, оларға түр­лі қолдаулар көрсетудің қажеттілігі анық сезіліп отыр. Мысалы, жылқышының ақы­лы оқудағы баласының оқу төлемін азайту; жылқышы болам дегендерге мемлекет тарапынан арнайы үстемеақы төлеу; жол жүру ақыларын жеңілдету т.б. деген секілді қолдаулар қажет. Бұл еліміздегі жыл­қы шаруашылығының дамуына, жыл­қы басының көбеюіне өте үлкен көмек болар еді.

 

Қазақстанда жылқы музейі жоқ

Бұл өте өзекті мәселе деп ойлаймыз. Себебі қазақ халқы – кешегі көшпенділердің заңды жалғасы және соны сақтаушы санаулы ұлттың бірі. Бабаларымыздан қалған мол мұра, жүз мыңдаған жәдігердің тамтығына тамсанып қалдық.

Өз басым еліміздің әр өңіріне барған кезде әуелі сондағы музейлер­ге баруға тырысамын. Алайда көретінім – қазақы ердің қаңқасы, тот басқан үзеңгі, шіріген терлік, құрысқан құ­йысқан.

Осының барлығын түгендеп, Қазақ­стан­ның шынымен «жылқының ота­ны» екенін әйгілейтін бір музейдің керек екенін мойындауымыз керек. Белгілі жылқытанушы ғалым, этно­граф Ахмет Тоқтабай: «Егер Қазақ­станда жылқы музейі ашылса, ішін жәдігермен толтыруға өзім қолғабыс жасар едім» дегені бар. Ал өзі­міз жақсы білетін, Ботай қо­ры­мынан, Берел­ден табылған алтын тұлпарлардың жаңғырт­палары еліміздің әр музейінде тарыдай ша­шырап жүр. Осының барлығын бір орта­лыққа жинап, алыс-жақыннан келер туристерге, қадірлі қонақтарға мақтанышпен көрсететін кез келді.

 

Жылқы туризмі жоқ

Бұл да еліміздегі орны үңірейіп тұр­ған сала. Осынау Алтай мен Аты­раудың, Алатау мен Арқаның арасын жайлаған ұлан-ғайыр даланы кешегі бабаларымыз қазақ жылқысының күшімен иеленіп қалғаны ақиқат. Бізге жеткен жыр-дастандарда тұл­пар тұяғымен жазылған тарихымыз айқын көрініс тапқан. Ал осы дала­ның көркін, кербез сұлулығын, асқар тау, аққан бұлағын, айдын шал­қар көлі мен көргеннің көзі талар апайтөс алқаптарын неге біз атты туризм арқылы дәріптемейміз? Неліктен осы уақытқа дейін бабалардан қалған айрықша дәстүр – атқа міну мәдениетін қайта қолға алмай, оны жандандыра алмай отырмыз?

Жылқы туризімі қазіргі кезде ең сұра­нысқа ие сала. Ол ат спорты немесе көкпар тартып, аламанға ат қосу емес. Ол – осы сайын даланың төсінде салт атпен саяхат жасау.

Өткен жылы астаналық Берік Ақылбеков есімді азаматтың бастамасымен елордадан Баянауылға дейін 500 шақырым жолды атпен жүріп өттік. Сол сапарда АҚШ-тың Чикаго қаласынан келген Дуглос Ларсон есімді азамат бізбен бірге жүрді. Сол жігіт: «Мен қазақ даласының кең-байтақ екенін білуші едім, бірақ осыншама ұлан-ғайыр деп ойламаппын», дейді. Бұл бір ғана мысал. Егер елімізде жылқы туризміне мем­лекет тарапынан қолдау болса, бұл Қазақ­станның ішкі және сыртқы туризміне айрықша үлес қосар еді.

 

Елбасы айтқан «Атқа міну мәдениетіне» қолдау жоқ

Жоғарыда айтылған алты жоқтың жоқ болуына тікелей осы «жетінші жоқ» әсер етіп отыр. Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі­нің «Ұлы даланың жеті қыры» мақа­ласының алғашқы қырын «Атқа міну мәдениетінен» бастаған болатын.

Егер Елбасы айтқан «Атқа міну мәде­ниетін» қалпына келті­ріп, елі­міздегі жыл­қытанушы ғалым­дар­дың басын қосып, жылқытану институты құрылса, әлемдегі 256 жыл­қы тұқымының қатарына «қазақ жылқысы» деген тұқым да қосылар еді. Сондай-ақ жылқы шаруашылығына қолдау болып, жылқышының да жағдайы жақсарар еді. Жылқы музейі ашылып, еліміздегі жылқы туризмінің дамуына негіз қаланар еді.

 

Ержан ЖАУБАЙ,

Argymaq.kz ұлттық-танымдық порталының бас редакторы