Елбасы • 29 Маусым, 2020

Елбасы тұғыры

216 рет көрсетілді

Нұрсұлтан Назарбаев – қазақ халқы үшін Қазақстанның тәуел­сіз мемлекетін құрудың басында тұрған, осы жолдағы не қилы тар жол, тайғақ кешуден халқымен бірге өтіп, қиыншылықтарын бө­ліскен, содан аман алып шы­ғып, әлем мойындаған жаңа мемлекетті қалыптастырған, жаңа астана тұр­ғызған, елді индус­трия­лан­ды­рудың жаңа жобасын өмірге келтіріп, болашаққа бағыт­тап келе жатқан ұлы тұлға.

Осының бəрі айтуға оңай. Ал шын мəнінде, ол оқиғалардың əрқайсысы Елбасының жүйкесін тоздырып, қаншама қиналу мен тер төгуді қажет еткенін біз ойладық па? Назарбаев бастамасымен іске асырылған шараларды сарапқа сала алдық па? Бұл біздің бəрімізді ойландыра білуі керек. Сонда ғана біз Елбасын – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентін қадірлеп, тарихи мәртебесін сақтау мен қорғаудың жолын айқындауға қатыса аламыз. Біраз нəрсені еске түсірейік.

Назарбаевтың жаңа мемлекет қа­лып­тас­тыру жолындағы ұлы еңбегі Тәуел­сіздіктің алғашқы кездеріндегі қиын­шылықтарды жеңуден басталды. Ол алдыңғы қатарлы мемлекеттердің нарықтық экономикаға көшу жолын, капитализмнің өзіндік ерекшеліктерін зерттеді. Сөйте жүріп ол əлемдік нарық экономикасын жете біліп алды. Оны өз ортасына жеткізіп, маңындағы адам­­­дарды ел ұстау мен экономика­ны басқарудың жаңа əдістеріне үй­рет­ті. Оның «Қазақстан-2030», «Қа­зақ­стан-2050» стратегиялары – ұзақ мерзім­ге бағытталған бағдарлама. Алдыңғысы елімізде іске асуға тиіс шаралардың көлемді іс-жоспарына айналып, елеулі асуды бағындырды. Осының бəрі, шынын айтсақ, бір адамның, тек қана Назарбаевтың қайсарлығы арқасында іске асты. Ол бəрін білді, айтты, жол көрсетті, түсіндірді.

Бұл тұрғыда Назарбаевтың ұлттық ақша жасау жөніндегі саясаты да жеңіске жеткізгенін, тəуелсіз елдің жаңа ақшасын тез арада жасап, оны экономикаға пайда­ланғанын да атап айту керек.

Елбасы əрқашан халқымен бірге болды. Олармен жиі кездесіп, бетпе-бет əңгімелесті. Қиыншылықтың уақытша екенін түсіндірді. Халықпен үзбей байланыста болуы Назарбаевтың беделін көтерді, халқы оған ерді, сенді. Ел мен Елбасы табысып, бірігіп, тəуелсіздіктің баянды болуын қамтамасыз етті. Осы бір жылдары Елбасымен бірге қызмет істеген жазушы-қайраткер марқұм Əбіш Кекілбайұлының тəуелсіздік құндылығын арқау еткен «Абылай хан» пьесасы жарық көріп еді. Ол Абылай ханның Қазақ елінің тəуелсіздігі жолындағы еңбегін суреттеп жазды. Сондағы Абылай монологында:

Теңдіктің тезі, теңселме,

Еркіндік жолы – егес-ті.

Бақыттың жолы – бəсеке,

Ырыстың жолы – бейнет-ті.

Азаттық жолы – азапты,

Төземісің, əлеумет!

Азаттықтың қамы үшін!

Болашақтың бағы үшін!

Ұлы жорық бастаймын,

Айналайын əлеумет!

Бастай алмасам – маған серт!

Қостай алмасаң – саған серт!

Қазақтың қайран даласын,

Жағасы жайлау ел қылам.

Қара сирақ баласын

Басқалармен тең қылам.

Кеткен кегін қайтарып,

Іргесі тыныш, төрі кең,

Мерейі биік, бағы зор,

Ырысы шалқар көл қылам.

Осы жолда, əлеумет!

Тайсалар болсам – маған серт!

Тайқып кетсең – саған серт!

Еремісің, əлеумет!

деген жолдар бар еді. Егер шығарма ті­лінде сөйлесе, Нұрсұлтан да осыны айт­қан болар еді. Ел мен Елбасының бірлігі тəуелсіздік жо­лындағы Президент идеясына қолдау берді.

Осы бір қиын кезеңнен өтіп, ел есін жия бастаған кезде, экономикамыз əлі де толығынан сауығып болмағанына қарамастан Нұрсұлтан тағы бір үлкен іс бастады. Ол – республика астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру, оның атын бастапқыда Астана деп ауыстыру туралы мəселелер. Бұған да кедергі аз болған жоқ. Оған қарсылар əлі ел жағдайының жөнделіп болмағанын, қар­жы қиыншылығын, ең бастысы – əсем Алматыны қиып тастап кетудің лайықсыздығын алға тартты.

Алматы – Назарбаевтың өз отаны. Оны еске салған ағайын-туыстар да болды. Бірақ ойына алған мақсатын істемей тынбайтын Елбасы ешкімнің сөзіне ермеді. Өйткені бұл мəселені ол он ойланып, жүз толғанып барып шешкен. Астананы Орталық Қазақстанға көшіру арқылы көршілермен шекара мəселесін шешіп алуға болатынын, Ақ­моланың географиялық орталық еке­нін, Алматының табиғи жағдайлары оны өркендетуге тарлық жасайтынын дəлелдеді де, жалпы мемлекеттік мүд­­дені жеке мүддеден жоғары қоя біл­ді. Парламенттегі, Үкіметтегі қарсы­лық­тар­ды біртіндеп жеңіп, шешім қа­был­датты. Сөйтіп жаңа елорда – Астана қа­ласы туды. Қазір бұл шаһар жаңа Қа­зақ­станның дамуының символына айналды.

Бәріміз күні кешеге дейін Астана – Назарбаев деген атаулардың өзара туы­сып, байланысып, жалғасып кеткен біртұтас ұғымға айналғанын байқадық. Сондықтан 2019 жылы наурызда елімізде мемлекет билігінің табиғи трансформациясы басталған сәтте, Парламенттің қос палатасы бас қосқан жиын үстінде жаңа ресми лауазымдағы Қ.К.Тоқаев­тың елорда атауын – Нұр-Сұлтан қаласы деп өзгертуді жария етуін уақыт пен замана шешімі деп қабылдадық.

Ел тəуелсіздігі жолындағы күресте жеңіске жетіп, оны орнықтырып, оның үстіне Арқаның төсінен жаңа елорда салу – Назарбаевтың, тек қана соның адал еңбегі, ерлігі.

Әлі есімде, елорданың 11 жылдық тойына орай Тəуелсіздік сарайында өт­кен əлемге аты əйгілі тенор Пласидо До­мингоның концерті болды. Дүние жү­зін шарлаған опера əншісі Орталық Азия жеріне бірінші рет қадам басқан екен. Сол сапары Қазақстан астанасынан бас­талып, тіпті толқып, қанаттанып кетіпті. Сол кезде жетпісті алқымдап қалған əн­шінің ширақ жүрісі, салған əндері – бəрі де көңіл күйінің ерекше шабытты шағын танытты. Ол серіктесі сопрано əнші Виргиния Толамен бірге кезектесіп те, дуэтпен де талмай бізге өнер сыйлады. Концерттің кульминациялық нүктесі – Домингоның Абайдың «Айттым сəлем, Қаламқасын» айтуы және сахнаға шыққан Назарбаевпен қосылып əн шырқауы болды. Әлемдік өнер құдыретін түсіну және оған ұлт мәдениетін ұштастырудың өне­гесі Нұрекеңдей-ақ болар. Алдағы уақытта Елбасының «ел астанасын əлем­нің ең танымал 30 қаласының қатарынан көрейік» деген бастамасы іске асатынына сенеміз.

Осы орайда 2017 жылы елордада өткен халықаралық ЭКСПО көрмесінің жөні бөлек болды. Бұл да – Елбасының әлемдік беделі мен еңбегінің жемісі. 2012 жылы 22 қараша күні Парижде Халықаралық көрмелер бюросына мүше 161 мемлекет өкілінің жасырын дауыс беру барысында Астана (қазір Нұр-Сұлтан) EXPO-2017 халықаралық ма­мандандырылған көрмесін өткізетін қала ретінде таңдалды. Қазақстан елордасын 103 ел қолдады. Біз ТМД елдері ішінде мұндай шараны өткізуге бірінші болып қол жеткіздік. Көрме қалашығы мен елеулі модерн ғимараттары бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының – ең көрікті аума­ғының бірі. Мұндағы «Нұр-Әлем» кешені – жаңа заман ғылымы мен та­нымының ізашары.

Тарихи қысқа мерзім ішінде Қазақстан əлемнің басты мемлекеттерімен тіл табысып, дипломатиялық қарым-қатынасқа түсті. Түркі ынтымақтастығының құра­мына кірді. ТМД, ШЫҰ-ны ұйым­дас­­тыруға ұйытқы болды. Нұрсұлтан Әбіш­­ұлының әлемдік беделінің күшімен Қа­зақстан ЕҚЫҰ, ИЫҰ-ға төрағалық етті.

Қазақстанның көп ғасырлар бойы қағаз бетіне түспей, жобамен ғана сақ­талған шекарасын заңдастырды, ұлт­тық қауіпсіздікті сақтау шараларын жүзеге асырды. Қазақстан халқы ара­сындағы ұлтаралық келісімді тиянақ­тады. Шетел қазақтарын біртіндеп елге шақыру ісін бастады. Тəуелсіз мемлекеттің жаңа кадр­­­ларын дайындауға бағытталған «Бо­­­лашақ» бағдарламасы жүзеге асты. Қа­зақстан Орталық Азия мен Еуразия кеңіс­тігінде дамудың, демократиялық өрістің өміршең жолын тапты.

Н.Ә.Назарбаевтың президенттік қыз­­­­ме­тінің алғашқы кезінде-ақ дүние жү­­зінің көңілін аударған тағы бір ісі – Қазақстанның əлемдік қауым алдында ядролық қарудан бас тартуы болды. Кеңес Одағы тарағаннан кейін Қазақстанның қолында қалған ядролық қару-жарақтың молдығы жағынан біз əлемдегі мұндай қаруы бар төртінші ел саналған едік. Семей полигоны, Байқоңыр ғарыш айлағы, Сарышаған қару-жарақ қоймасы сияқты жерлер Ресей əскерлерінің базасы саналды. Осындай арсенал біреудің қолына түсіп кете ме, əлде Қазақстанның өзі оны əркімді қорқытып-үркітуге пайдалана ма деген қауіп əлемнің үлкен мемлекеттерінің, əсіресе АҚШ-тың мазасын кетіргені шындық. Бұл мəселені Назарбаев ақылмен шешті. Ол Қазақстан жерін ядролық қарусыз территория деп жариялап, қарудан бас тартты. Оны жоюға келісті. Ол үшін алдын ала Қа­зақ­станға басқыншылық əрекет жасамау туралы АҚШ, Ұлыбритания, Ре­сей мемлекеттерінің кепілдігін алды. Бұл тарихи құжатқа 1994 жылы 4 жел­тоқсанда осы үш елдің басшысы мен Н.Ә.Назарбаевтың қолы қойылды. Ол кепілдікке сəл кейін Қытай мен Фран­ция қосылды. Мұның алдында, 1991 жылы, кеңестік тоталитарлық жүйе əлі сақталып отырған жағдайда Н.Ә.На­зарбаев Семейдің сынақ полигонын жабу жөніндегі тарихи құжатқа қол қойған еді. Ол бұл шешімімен де адамзат тағдырына деген орасан зор жауапкершілікті түсі­нетін жəне оны орындау жолында батыл қадамдар жасай алатын көреген қай­раткер екенін танытқан.

Тұңғыш Президенттің ел ішінде жүр­гізіп отырған саясатының керемет бір үлгісі – Қазақстан халқы бірлігіне байланысты ұстанымы. Тағдыр бізге ұлан-ғайыр жер беріп, негізгі тұрғын хал­қын аз етіп, оны сырттан келгендер есебінен толтырып, бірігіп күн көруді жазған екен... Жеріміздегі түрлі этностар тағдыры тəуелсіз Қазақстан орнағанда Н.Ә.Назарбаевтың қолына қарап қалды жəне сол тұста неше түрлі көріпкелдердің көбейіп: «КСРО халқы – коммунистік режімнің күшімен отырған халық. Енді олар быт-шыт болып бөлінеді» деген сəуегейлік пікірлер айтыла бастаған еді. Соның бір мысалы сияқтанып Əзербайжан мен Армения, Ресей мен Чешенстан арасында шатақ шықты. Қазақстанда да «Лад» сынды қоғамдық ұйымдар ши шығара бастады... Осындай жағдайда Қазақстан халқының берекесін сақтап қалу Н.Ә.Назарбаев үшін күрделі мәселе болғаны түсінікті. Ол түрлі этностардың елден кетуін де, туыстық қарым-қаты­насқа сызат түсуін де қаламады. Біз сияқ­ты басқа республикаларда орын алған ұлтаралық қақтығысқа сүйеніп, қазаққа қыр көрсеткісі келгендердің əрқилы ойларының іске асуына да жол бермеді. Сол мақсатпен Қазақстан хал­қы Ассамблеясы құрылды. Сөйтіп бұл проблема кезең-кезеңмен шешілді. Ас­самблея дүние жүзі мемлекеттерінің назарын өзіне аудара бастады. Көп елдің басшылары мен мемлекет қайраткерлері оны этностар үйлесімін ұйымдастырудың жаңа моделі ретінде қабылдады.

Қазақстан Президентінің осы тату­лық тұжырымдамасы бүкілəлемдік дін өкілдерін жинап, мəдениеттер ара­сындағы келісім мен ізгіліктің жолын іздеуге жалғасты. Əлемдік жəне дəстүрлі діндер басшыларының ел астанасында өткен съездері осыған мұрындық болған Нұрсұлтан Назарбаевтың абыройы мен даңқын дүние жүзіне жайды. Елбасының: «Жаратушы – жалғыз, дүние – ортақ, аспан асты кең, ендеше біз бір атаның баласы, бір ананың перзенті ретінде бір-бірімізбен береке-бірлік пен ынтымақта өмір сүруіміз керек... Түрлі діндердің ғасырлар бойы жинаған мол жасампаздық тəжірибесін пайдаланып, Құдай сөзін бітімгершілік пен келісімнің пəрменді құралы ретінде пайдалануымыз қажет... Біз лаңкесшілдік идеологиясын тамырымен жойып, ізгіліктің жалпыадамзаттық құндылықтарын орнықтыру үшін бүкіл күш-жігерді жұмсауға тиіспіз» деген сөзі қашанда көкейкесті.

Әлемдік саясаттағы Н.Назарбаев фено­мені туралы айтқан Маргарет Тэт­чер, Кофи Аннан, Ли Куан Ю, Джордж Буш, Ху Цзинь-Тао, Жак Ширак, Барак Обама, Дмитрий Медведев, Ангела Меркель, Дональд Трамп, Си Цзиньпин, Владимир Путин, Реджеп Эрдоған, Александр Лукашенко, Шимон Перес, Ильхам Әлиев, Шавкат Мирзиёев, Сооронбай Жээнбеков, Пан Ги Мун т.б. саяси тұлғалардың пікірі – дәуір мен дүниежүзілік қоғамдастық бағасын айқын көрсетеді. Бұл бағаның тұжырымын Джордж Буштың: «Н.Назарбаев бола­шақты алдын ала болжай алады» деген сөзі мен Маргарет Тэтчердің: «Н.На­зарбаев қалыпқа сыймайтын тұлға ретінде елін биікке жеткізу үшін батылдық пен сақтықтың үйлесімін тапты» деген ойы анық жеткізді.

Елбасы елдік саясат пен ұлттық идео­логияны да бір сәт ұмытқан емес. Бұл орайда «Мəдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Рухани жаңғыру» бағ­дарламаларын ерекше атар едік. Осы және басқа да рухани бағыттағы елдік ізденістер мемлекеттік «Мәңгілік ел» тұжырымдамасын қалыптасырып, дамытты. Тəуелсіздік алғаннан кейін-ақ ұлттық мемлекет құруда бұл саланың маңызы зор екенін түсінген Елбасы белгілі бір мəдени-қоғамдық мəселелерді жинақтауға əрбір жылды арнады. Осы елдік істің негізінде қазір əлемдік кітапхана мен қолжазба қорларынан де­рек­­тер алынып, қазақ тарихына қатысы бар көптомдық жарық көрді.

Тəуелсіздік алғаннан бергі жүргізілген тың жұмыстар негізінде «Бабалар сөзі» атты 100 томдық қазақ фольклорының жинағы, «Əдеби жəдігерлер» (20 том), Əл-Фараби (10 том), Шоқан Уəлиханов (5 том), М.Əуезов (50 том), Ə.Марғұлан (14 том) шығармалары, «Əлемдік фило­софиялық мұра», «Əлемдік фольклорис­тика», «Əлемдік əдебиеттану», «Əлем­дік өнертану» сияқты көп томдық кітаптар жарияланды. Таза ғылыми зерттеулер қатарында көптомдық «Қазақ əдебиетінің тарихы», «Қазақ өнерінің тарихы», «Қазақ халқының философиялық мұрасы» сияқ­ты еңбектер басылды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тұжырым­дамалық мақаласы еліміздің зияткерлік әлеуетін жоғары деңгейге көтерді. Әсі­ресе «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы – бірегей идея деуге болады.

«Рухани жаңғыру» аясындағы «Туған жер» жобасы бойынша жергілікті бас­қару жүйесі, зиялы қауым және білім меке­мелері бірлесіп, қыруар жұмыс атқарды.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан туындайтын жобалар да ғалымдарымызды жаңа зерттеулерге жұмылдырды. «Архив-2025» жобасы, «Ұлы даланың тұлғалары» атты ғылыми-танымдық сериялық еңбектер әзірлеп жариялау жүзеге аса бастады. «Түркі өркениеті» атты іргелі ғылыми жоба қолға алынып, Ұлы даланың жеті қырының әрқайсыcына арнайы энциклопедия даярлау жоспарланды. «Рухани жаңғыру» бағдарында «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген латын қа­ріпті қазақ әліпбиінің концепциясы да Елбасы идеясымен нақтыланып, жүйе­ленгенін атап өткен орынды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекет басшысы ретіндегі қызметі, бастамашыл қайраткерлігі «Тәуелсіздік дәуірі» атты кең тынысты еңбегінде жан-жақты көрініс тапқан. Мұнда Елбасы тәуелсіз елдің тарихын канондық үлгіде жазып берді десек, ақылға сыйымды. Әлемдік қоғамдастықтан лайықты орын алған мемлекет дәрежесіне көтерілген еліміздің тарихын Ұлт көшбасшысының өзі айшықтап жазып беруі Қазақстан қоғамының жа­сампаз рухын айғақтайды. Маңызы ерекше кітапта еліміздің дүниежүзілік масштабтағы мемлекеттік даму үдерісін, жасампаз тарихымыздың өрелі өрістерін, елдік санаға қуатты серпіліс пен асқақ сенім әкелген құбылыстарды Елбасы Н.Ә.Назарбаев тек өзіне тән стильмен аса әсерлі мағынада баяндап бере алды. Мұнда бүгінгі ғылым биігінен тарихи құбылыстарды шынайы жазу әдіснамасына бағыттайтын және аса мол статистикалық мәліметтер мен материалдарды оқырманға жеткізетін тың әдістеме бар. Бұл – жалпыәлемдік өркениеттік үдерістер арнасында зерделеудің жаңа әдіснамалық тұжырымдамасы деуге лайықты еңбек.

Тарихи бетбұрыс пен билік трансформациясы алдында жарияланған осы толымды кітап отандастарымыздың қолдан тастамайтын асыл дүниесіне айналады деп үміттенеміз. Әлем тарихында мұндай тәжірибе де бар. Мәселен, Уинстон Черчилль Англияның төрт томдық тарихын жазып шықты. Шығыстың біртуар қайраткері Джавахарлал Неру «Әлем тарихына көзқарас» атты еңбегінде Үндістанның мемлекеттік идеясын тұжырымдады. Жаңа Түркияның негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүрік 1927 жылы Республикалық халық партия­сының II конгресінде 36 сағат «Nutuk» (Сөз) атты баяндамасын оқып, түрік санасында төңкеріс жасады. Кейін ол 900 беттік кітап болып шыққан. Оның нәтижесі – жаңа Түркия Республикасы.

Нұрсұлтан Назарбаев – жай ел басшысы емес, құрушы, жасампаз, көреген тұлға. Сондықтан бәрі «бірінші» және «тұңғыш» дегеннен басталады. Ендеше бұл еңбек – жаңа мемлекетті өз қолымен, өз бастамасымен тұрғызған аса ірі тарихи тұлғаның әрі жылнамасы, әрі дәуір­намасы.

Біртуар Нұрсұлтан Әбішұлы – Тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізін қалаған тұлға, Отан және мемлекеттілік тарихының барлық кезеңдерін жетік білетін саяси қайраткер, терең тамырлы тұжырымдамалы еңбектердің авторы. Ендеше оның Тәуелсіз ел тарихын өзі бастап баяндауы қоғамдық санамызға орасан зор ой салып, мемлекетімізді ренессанстық даму сатысына одан сайын өрлеткені сөзсіз.

2019 жылы 19 наурызда Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңіне көтерілді. Бұл – саяси өркендеудің сабақтастығын, әлеуметтік-экономикалық бағыты­мыз­дың жүйелілігін көрсетті. Елбасы жаңа Прези­денттікке үміткер ретінде Тәуелсіздіктің алғашқы күн­дерінен жанынан табылған саяси серігі, сенімді шәкірті, қайраткер, дипломат, әлемдік қоғамдастыққа танымал тұлға Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Елбасы сенімі – ел сенімі. Қасым-Жомарт Кемелұлы әділ сайлау додасында жеңіске жетті. Елбасы мен жаңа Президент бірлігі, тандемі жаңа Қазақстан қоғамын одан әрі ұйыстыра түсті.

Нұрсұлтан Назарбаев – туа біткен жəне сирек кездесетін дарын. Оны Жа­ратқан Ие еңбекшілдігімен шыңдап же­тілдірген. Өмірге құштарлық, ойлы­лық, батылдық, бастамашылдық – оның əртүрлі қыры. Осыларды ол біліммен, ұлы тұлғалар туралы тарихи деректерді көп оқумен ұштай түсіп, өзі өткен өмір соқпағында ізденумен толықтыра білді. Табиғатында кемел көсемдік бар. Ол əрқашан батыл да өткір, оның мысы басқаларды басып жүреді. Қазақ осындай адамды «аруақты» дейді.

Қазақстан үшін бүгінгі әлемдегі, өңір­дегі, елдегі береке-бірліктің тұғыры, қауіпсіздіктің кепілі – Елбасының аты мен заты, мұрасы мен мұраты болатыны да сондықтан. Ұлттың бағына біткен біртуар тұлғаға ұзақ ғұмыр, бейнеттің зейнетін көруді тіледік.

 

Серік ҚИРАБАЕВ,

академик

 

Соңғы жаңалықтар

Теріскейдің Самалы

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар