Ақтау қаласындағы жұқпалы аурулар стационарында 70 адам жатыр, 4 адам өте ауыр халде. Бейнеу аудандық жұқпалы аурулар стационарында – 14, Жаңаөзен қаласында – 27, Маңғыстау ауданының Шетпе ауылында – 3, Түпқараған ауданының стационарында 1 адам ем қабылдауда. Олардың бірқатары сауығып шықса, 3 адам қайтыс болды. Пневмония ауруының өршуі де «жығылғанға жұдырық» болып тұр. Ал дәрігерлердің, медбикелер мен санитарлардың жетіспеуі – өңірде күрделі мәселені алға тартады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде өңірде пневмония диагнозымен 789 адам тіркелген. Жағдайы ауыр науқастардың саны – 71, оның ішінде 13-і өте ауыр күйде жатыр. Бүгінге дейін пневмония диагнозынан 74 адам қайтыс болды. Соңғы тәулікте стационарларға 144 адам түсіп, бір тәулік ішінде 19 науқас қайтыс болды. Қазіргі уақытта облыстық ауруханада қосымша провизорлық стационар ашылған «В» блогында жұмыс істеу үшін медбикелер мен санитарлар қажет.
Бірінші кезекте реаниматологтар жетіспейді. Кем дегенде 25 дәрігер қажет. Сондай-ақ апта соңында Ақтөбе облысынан 20 дәрігерлік десант келеді деп күтілуде.
Жағажайдағы теннис орталығында 150 төсектік қосымша провизорлық стационар ашылды. Резерв ретінде ашылғандықтан әзірге оған пневмониямен ауыратын адамдардың ешқайсысын қабылдап жатқан жоқ. Жұмыс істеп тұрған провизорлық стационарлар пневмония диагнозы бар науқастарды қабылдауға үлгеріп жатыр. Науқастар қалалар мен аудандарда орналасқан провизорлық стационарларға жатқызылуда. Ақтау қаласындағы провизорлық стационар облыстық туберкулезге қарсы диспансердің базасында 100 науқасқа арналып ұйымдастырылса, психикалық денсаулық орталығы ғимаратының базасында 100 кереуеттік провизорлық стационар ашылды. Қосымша 150 орынға арналған провизорлық стационар Маңғыстау облыстық ауруханасы базасында ашылды. Психикалық денсаулық орталығы ғимаратының базасында жансақтау бөлімшесінде 9 орын ашылды.
Құзырлы орындардың хабарлауынша, Маңғыстау облысының медициналық мекемелерінде тыныс алу аппараттарының жетіспеушілігі орын алған жоқ. Қазіргі уақытта барлығы 92 өкпені жасанды желдету аппараты бар. NCOC компаниясы демеушілік танытып, медициналық мекеме тағы 10 аппаратқа толықты. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ да дәл осындай 20 аппаратқа қолдау көрсетті. Сондай-ақ «Қаражанбасмұнай» АҚ компаниясы да 20 дана ӨЖЖ аппаратын береді деп күтілуде. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау басқармасы үкіметтік резерв қаражаты есебінен, яғни республикалық бюджеттен қосымша 40 аппарат сатып алады. Осылайша аймақта аталған аппараттың жетіспеушілігі мәселесі жоқ. Сонымен қатар облыс әкімдігінде өтінім мақұлданып, бір ай ішінде өңірдің медициналық мекемелеріне оттегі концертраттары келіп түседі деп күтілуде.
– Жаман айтпай жақсы жоқ, жағдай күрделеніп, науқастар саны артатын болса, облыс деңгейінде әлеуметтік нысандарда уақытша провизорлық орталықтар жасақтауға мүмкіндік бар. Барлық провизорлық стационарлар қажетті медициналық құрал-жабдықтармен, қорғаныш құралдарымен және дәрі-дәрмектермен қамтылады. Ол жерде жұмыс істейтін дәрігерлерге жағдай жасалып, қонақүйлерге орналастырылмақ», дейді облыс әкімдігінің өкілдері.
Маңғыстау облысы