Статистика бойынша қазіргі таңда Түркістан облысындағы провизорлық ауруханаларда 958 науқас пневмониядан ем қабылдап жатыр. Оның ішінде, Түркістан қалалық ауруханасында 50, Кентауда 180 адамға ем жүргізілуде. Пневмониядан 198 науқас жазылып шықса, 1 маусымнан бері облыс көлемінде 23 адам аталған дерттен көз жұмды. Айта кететіні, көрсеткіш халықтың бейқамдығынан көтеріліп отыр.
Бұл туралы облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов мәлімдеді. Бас дәрігердің айтуынша, әлеуметтік желілердегі ауруханаларда орын жетіспеушілігі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Науқастарға төсек-орын жеткілікті.
«Қазір облыс көлемінде дәрі-дәрмек қоры мен оттегі орындары жеткілікті. Індетке қажетті антибиотиктарды алдырудамыз. Сондай-ақ ауруханаларда төсек-орындар бойынша тапшылық жоқ. Қосымша орындар әзірленген. Мәселен, Кентау қалалық орталық ауруханасында 50 орындық соматикалық бөлімше қайта бейімделіп, қосымша 200 орындық төсек-орын, 16 оттегі орыны дайындалды. Ал Түркістан қалалық орталық ауруханасында қосымша 270 төсек-орын әзірленген. Орын алған жағдайға байланысты Түркістан және Кентау қалаларында науқастарды жоспарлы жатқызу тоқтатылған. ХҚТУ, «Акмарал», «Клиника Талғат» сынды жеке клиникалар да өздеріне бекітілген тұрғындарға тиісті медициналық қызмет көрсетуде», деді Марат Орынбасарұлы.
Сонымен қатар Түркістан қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Жанболат Ділдәбеков облыс орталығында екпе бөлмелерінің тапшылығына байланысты қосымша орындар даярланғанын, қалалық ауруханада төсек-орын саны артып, науқастарға қажетті дәрі-дәрмектер қосымша алынып жатқанын жеткізді.
Қазір Түркістан облысында COVID-19 індетіне шалдыққандарды оқшаулауға арналған 270 орын болса, бүгінде 164-інде науқастар ем қабылдауда. Бұлардың дені коронавирус індетін жұқтырып немесе жұқтырғандармен тығыз қарым-қатынаста болып, ем қабылдап жатқандар. Бұл туралы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрхан Нарымбетова мәлім етті.
Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, бұдан бөлек, коронавирус індетіне ұқсас белгілері бар ауруға шалдыққандарды қабылдайтын қосымша 885 адамға арналған орында бүгінде 962 адам ем-дом қабылдауда. Бір қуанарлығы, олардың басым көпшілігінде коронавирус дерті анықталмаған. Яғни пневмония, ЖРВИ секілді сырқатқа шалдыққандар. Сондай-ақ облыста 124 жедел жәрдем бригадасы күндіз-түні тоқтаусыз жұмыс істеуде.
Айта кетерлігі, өткен жылдың бес айында өңірде өкпе қабыну дертімен 9735 адам науқастанып, жазылып шыққан. Ал 2020 жылдың 5 айында 7749 науқас өкпе қабынуы диагнозымен ауруханаға жатқызылып, олардың бәрі ауруынан толық айығып шыққан. Осы жылдың 22 маусымына дейінгі дерек бойынша 461 науқас осы дертпен ем қабылдап жатса, соның 423-і айығып шықты.
Түркістан облысы