Алматыдан Сарыарқаның Қараөткеліне ұлы көштің басы 1997 жылдың желтоқсанында қонғанымен, ел астанасын ауыстыру туралы ойдың Елбасымыздың көкейінде егемендік алған кезден бастап туындағанын оның «Тәуелсіздік дәуірі» кітабындағы «...Мемлекет жүрегі оның астанасында соғады. Бұл – бұлжымайтын ақиқат. Жас мемлекетке міндетті түрде жаңа, заманауи астана қажет екенін тәуелсіздіктің бірінші күнінен-ақ ойладым. Осы ойымның дұрыстығына нық сенімді едім. 1992 жылдың өзінде-ақ Ақмолаға жұмыс сапарымен келгенде, астананы осында ауыстыру туралы ойға келдім», деген сөздерінен білуге болады.
Сонау 1997 жылдың желтоқсанында Елбасы бастаған ұлы көштің Алатаудың баурайынан Сарыарқаның Қараөткеліне қонуы тәуелсіздігімізді қорғау ғана емес, Мәңгілік елдің берік қағылған алғашқы қазығы болғандығының дәлелі – осы жылдары жүзеге асырылған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың нәтижесінде қол жеткен Қазақстанның жетістіктері. Осы арада, тәуелсіздік жылдары Тұңғыш Президенттің жасампаз идеяларының қолдаушысы да, жүзеге асырушысы да болған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына сөздерін келтіргіміз келеді: «...Жаңа астананы салу шешімін Нұрсұлтан Назарбаев жас мемлекетіміздің іргесін қалаудың күрделі кезеңінде жариялағанын ұмытуға болмайды. Қазақстан ол шақта ескі мен жаңаның арасындағы алмағайып сәтте, аса қиын әлеуметтік-экономикалық және сыртқы саяси жағдайда өркениетті нарыққа, ағартушылық демократияға бет бұрған еді. Сондықтан да Н.Назарбаевқа, тіпті кейбір үзеңгілес серіктерінің өзі сене бермеген осынау өршіл жобаның бастамашысы болып, оны жүзеге асыру жауапкершілігін өз иығына артуына тура келді. Елінің стратегиялық мүдделерін кең ауқымда көре білетін, қайтпас қайратты нағыз көшбасшы ғана өзге орындаушылардан ерекшеленеді».
Әлемдік ғылыми ортада қалыптасқан пікірлерді сараласақ, астаналарды ауыстыру – мемлекеттердің саяси және әлеуметтік өміріне терең де көпқырлы ықпал ететін адамзат тарихындағы аса ірі мегаинженерлік жобалар. Алдыңғы қатарлы саясаттанушы, экономист, футуролог ғалымдардан бастап шетелдік мемлекет басшылары тарапынан бұрынғы Кеңес Одағы мемлекеттерінің ішінде дараланып, астананы ауыстыруды табысты жүзеге асырған Қазақстан тәжірибесі, Елбасы қабылдаған стратегиялық шешімдер қазірдің өзінде қызығушылық туғызып, зерделенуде екендігін атап өткіміз келеді.
Иә, «Асқар тау алыстаған сайын асқақтай түседі» дегендей, ел тәуелсіздігінің бастапқы жылдарының жылнамасына үңілсек, жастайынан Теміртауда құрыштай шынығып, жергілікті билік органдарында, кейін республикалық жоғары органдарда тәжірибе жинақтаған Елбасы билік дағдарысы жағдайында жүріп, мемлекетімізді нығайтуға арналған аса маңызды саяси қадамдарды жүзеге асырыпты. Дегенмен сол кезеңде республикада жағдай өте күрделі болды, көрші мемлекеттермен тез арада шекара мәселесін шешу қажет еді. Елімізде 1990 жылғы 24 сәуірде президенттік қызмет белгіленгенімен, алғаш қабылданған Конституцияға сәйкес қос биліктің қатар жүрген кезеңі болатын. Мұндай күрделі жағдайдың туындауына Жоғарғы Кеңестің ел ішінде ғана емес, сыртқы саясатта күн сайын өзгеріп жатқан үдерістерге ілесе алмауы негізгі себеп болды. Осыдан болар, 1994 жылы 6 шілде күні Тұңғыш Президент Жоғарғы Кеңес алдына ел астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы мәселені төтесінен қойғанда, депутаттар бірден қолдай қоймады. Парламент мүшелерін мазалаған сұрақ «Дағдарыс жағдайында осындай орасан зор жобаны қолға алудың қаншалықты қажеті бар еді?». Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары беделі мен табандылығы, келтірген дәлелдерінің арқасында Жоғарғы Кеңес аз ғана дауыс басымдылығымен әрі астананы көшіру әзір жүзеге асырыла қоймас деген оймен қабылдаған «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмола қаласына ауыстыру туралы ұсынысына келісім берілсін...» деген шешім жарияланды.
Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабындағы «1990 жылдардың басында жаңа астана жобасының келешегі зор, ерекше батыл жоба екенін айтып, әділ бағасын бергендер аз болды. Бір қарағанда тосын жаңалық сияқты көрінетін мұндай тың бастаманың келешегі кемел екенін ұғыну үшін ой алғырлығы, республика жағдайын терең зерделей алатын білім-білік пен пайым-парасат қажет еді. Мұндайда алысты болжай білетін ішкі түйсік те, қиядағыны көре білетін қырағылық та, сондай-ақ саяси және әкімшілік қызмет мектебінің тәжірибесі де керек...», деген жолдар тек депутаттар корпусының ғана емес, сол жылдары Тұңғыш Президенттің жанында қызмет жасаған бірқатар қызметкердің де астананы көшірудің стратегиялық маңызын жете білмегенін көрсетеді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы, профессор М.Б.Қасымбековтің жетекшілігімен жарық көрген «Н.Ә.Назарбаев. Таңдамалы сөздер. 1991-1995» басылымында Елбасының 1994 жылғы 6 шілдеде өткен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі он үшінші шақырылымының I сессиясында ел астанасын көшірудің орындылығы туралы сөйлеген сөзі енгізілген. Онда Тұңғыш Президент Алматы қаласын астана ретінде одан әрі дамытуға мүмкіндіктің жоқ екендігін, экологиялық жағдайын, тұрғындар санының өсуінің шектеулігін көрсететін рационалды-техникалық дәлелдерді ғана келтіргенін байқауға болады.
Егер өткенге көз жүгіртсек, ХІХ ғасырдағы патшалық Ресейдің отарлау саясаты ата-бабамызды ғасырлар бойы қоныстанған шұрайлы жерлерінен қуды, әскери бекіністер салынды. Осы әділетсіздік кеңес дәуірінде де жалғасып, қазақтар санының күрт төмендеуіне әкеліп соқты. Ақмола Целиноград атанып, онымен қоймай Хрущевтің ұсынысымен Тың өлкесі ретінде біріктірілген бес облысымызды Ресейге қосу, ал Ерейментауда «неміс автономиясын» құру туралы мәселелер көтерілгені тарихшыларымызға белгілі. Еліміз егемендікке қол жеткізген бастапқы жылдары көрші ел қарым-қатынастарын көмескілендіретін, ұлтаралық қатынасқа нұқсан келтіретін негізі жоқ «көкіме» жарияланымдар да шыға бастады.
Балалық шағы жер ауып келген балқар, түрік, чешен, неміс балаларымен бір ауылда өткен, алғашқы еңбек жолы Қарметкомбинаттың көпұлтты жұмысшылар ұжымында басталған Нұрсұлтан Назарбаев үшін ұлтаралық келісімнің маңыздылығы, яғни басқа этнос өкілдерін өз ұлтынан бөлмей, олардың бірлігін қамтамасыз етуді шешу – астананы ауыстыру идеясындағы басты факторлардың бірі болғанын түсінуге болады. Сайып келгенде, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың астананы Сарыарқаның төріне ауыстыру идеясы – бір жағынан, еліміздің басқа өңірлерінде тұрып жатқан азаматтарымыздың солтүстік өңірге көшуі арқылы еңбек миграциясы мәселесін шешсе, екінші жағынан – еліміздің Ресеймен көршілес аудандарында тұратын этнос өкілдерінің өздерін толыққанды Қазақстан азаматтары ретінде сезінулеріне негіз болды.
1994 жылғы 6 шілдеде астананы ауыстыру туралы шешім қабылданғанымен, оны жүзеге асыру бойынша нақты жұмысқа кірісу Елбасымыздың басшылығымен әзірленіп, нағыз жалпыхалықтық талқылаудан өтіп, 1995 жылғы 30 тамыздағы референдумда қабылданған Конституциямен белгіленген президенттік биліктің енгізілуінен кейін ғана мүмкін болды. Сонымен қатар, Тұңғыш Президент Конституция қабылданғаннан кейін бірден, 1995 жылдың 15 қыркүйегінде «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» заң күші бар Жарлығын жариялады. Бұл – «жаңа астана таяу арада бола салатын іс емес, қалай болғанда да 20-30 жыл қажет» деп есептеген депутаттардың қарсылығын жеңген қадамның бастауы болды. Осындай аса маңызды шешімді қабылдауы туралы Нұрсұлтан Назарбаев: «Осылайша, саясаткер және ел басшысы ретінде тәуекелге бас тіктім. Олай етпесіме болмады. Өйткені бүкіл әлем қауымдастығына, ең алдымен өзімізге, тәуелсіз Қазақстанның қолынан не келетінін көрсетуіміз керек болды», деді.
Аталған Жарлықтағы «Республиканың Президентi Резиденциясының тұратын жерi Ақмола және Алматы қалалары болып саналады» деген тармақ Нұрсұлтан Әбішұлының еліміздің болашақ астанасына бірінші болып өз қонысын көшірді деуге болады. Осы кезден бастап Тұңғыш Президент Ақмолаға жиі, іс жүзінде ай сайын, кей кездері апта сайын да келіп, жергілікті жерді зерделей түседі. Әуежайдан бірден құрылыс нысанына барып, құрылысшылармен кездесіп, жиналыстар өткізді. Әрине, барлығы да жоспардағыдай орындала қалды деп айтуға болмайды. Осы арада Елбасының Ақмолаға алғашқы сапарларының бірінен алған әсері туралы айтылған мына сөздері сол кездегі болашақ астананың бастапқы жағдайының күрделілігін білдіреді: «Бірнеше аптадан кейін В.Ни екеуміз Ақмолаға келдік. Болашақ астананы аралап шықтық. Барлық ғимарат тозыңқырап қалған екен, қалайда жөндеу қажеттігі туады... Тіпті облыс әкімі өз кабинетінде пальтомен отырады, жанында жылытқыш... Онда басқа үй-жайларда жылу қайдан болсын... Бұл не қылған әкім деп ойлағаным есімде. Қашаннан жұмыс істейді, қаланың жылуын жолға қоя алмаған. Сонымен айтқаным: «Жігіттер, достар! Шегінетін жер жоқ. Кәне, осының бәрін жасайық. Кәне, ешқандай қорықпайық. Кәне, жұмыс істейік», – болды». Осы жағдайдан кейін Тұңғыш Президент астананы көшіру туралы шешімді селқос қабылдаған облыс әкімі А.Г.Браунды ауыстыруды ұйғарып, оның орнына қаланы және осы өңірді жақсы білетін Ж.Кәрібжановты тағайындайды. Оған шаруашылық міндеттермен қатар өзіндік бір «топономикалық тапсырма» да жүктеледі. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бұл тапсырмасы туралы «...Көшелердің және барлық ауданның атауларын өзгерту керек еді. Бұл жер «октябрь, краснознамен, совет, Ленин» деген сияқты өткен заман атауларының тұнып тұрған қорығы десе де болғандай-тын. Ол менің көптеген тапсырмамды, соның ішінде осыны да тәп-тәуір орындап шықты», дейді. Осылайша, жұмыс күндіз-түні қызып сала берді. Ақмоланың құрылысына Қазақстанның барлық облыстары қатысты. Елбасы бастаған елорда құрылысшылары мүмкін еместі болдырды, ең қысқа мерзімде астана қызметі Алатаудан Сарыарқаға көшірілді. Ол елдің өткеннен болашаққа көшкенін білдіретін айтулы оқиға болды.
Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекет құрудан кем емес жалпыұлттық іске айналған үлкен жобаны жүзеге асыруға тартылған майталмандардың қайраткерлігін айтудан еш жалыққан емес. Оның дәлелі ретінде Тұңғыш Президенттің мына сөздерін келтіргенді жөн көрдік: «...Сол бір қиындығы да, қызығы да көп болған, ерекше құлшыныспен, ертеңгі сәулелі күндерге деген нық сеніммен білек сыбана іске кіріскен кезде қасымнан табылған, жаңа астана құрылысына өлшеусіз еңбек сіңірген жандарды әрқашан ерекше ықыласпен, ризалық сезіммен еске аламын. Олардың қатарында В.Ни, А.Бөлекбаев, А.Есімов, Ж.Кәрібжанов, Ә.Жақсыбеков, Т.Досмұхамбетов, Н.Макиевский, Ф.Галимов, Б.Нұрпейісов, О.Песков, В.Иванов, Қ.Омаров, Р.Бекболатов, Ә.Әубеков, Н.Тихонюк, А.Рүстембеков және басқалар бар». Сонымен қатар елорда дамуының екінші кезеңінің бастауында болған ұлы сәулетші әрі архитектураның саңлақ шебері Кисе Курокаваға да Елбасы зор ризашылығын білдірген еді.
«Қазақстан-2030» стратегиясын жария еткеннен кейін 10 күн өткен соң 1997 жылдың 20 қазанында Елбасы оқиға барысын жеделдету үшін «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» қаулы мәтінін ауызша айтып жазғызып, дәл сол күні қол қойды. Осы қаулыға сәйкес, Ақмола 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап республика астанасы болып, жаңа астананың тұсаукесерін 1998 жылғы 10 маусымда өткізу бекітілді. 8 қараша күні қалаға Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінің эталондары: Мемлекеттік ту, Елтаңба және Президент байрағы салтанатты түрде әкелінді.
1997 жылдың 10 желтоқсаны, сәрсенбінің сәтінде Президент, Парламент пен Үкімет жаңа астанада жұмыстарына кірісті. Сол күні Ақмолада Елбасының төрағалық етуімен Парламент палатасы мен Үкіметтің бірлескен отырысы өтіп, астананы көшіру өз мәресіне жеткен саяси оқиға екені айтылды. Тұңғыш Президент Қазақстан халқына арнаған үндеуінде: «Бүгін біз, Қазақстан Республикасының жоғарғы билік органдары, Ақмола қаласының 1997 жылғы желтоқсанның 10-ынан бастап мемлекетіміздің астанасы екені жөнінде салтанатты түрде мәлімдейміз. Бұдан былай және ғасырдан-ғасырға осында – ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өмірлік маңызы бар шешімдер қабылданатын болады. Отанымыздың жүрегі енді осы жерде соғады. Осы жерден Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады», деген еді. Көп ұзамай-ақ жаңа астанаға заман талабына сай жаңаша ойлайтын, ұйымдасып, тез, жанын салып жұмыс істей алатын білікті мамандар жеделдетіп келе бастады.
Тәуелсіздігімізді нығайтуда шешуші рөл атқарған тарихи оқиғалардың куәсі болған профессор М.Б.Қасымбековтің 2018 жылғы 18 маусымдағы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Бас қала осылай басталған» мақаласына 1998 жылғы 21 сəуірде, елорданың тұсаукесер рəсіміне 50 күн қалғанда Елбасының төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінің бұрын еш жерде жарияланбаған стенограммасы арқау болған. Кеңесте көтерілген үлкен мəселелердің бірі – қала мен төңіректі көгалдандыру. «Ауыл шаруашылығы министрлігінің жəне орманшы мамандардың ақпаратын (соның ішінде 50 гектарға отырғызылған ағаштардың 95 пайызы қурап қалғаны туралы мəліметті де) назарға алған Нұрсұлтан Əбішұлы былай деді: «...Барлық ағаш суарылуға жəне біреуі де қурап қалмауға тиіс. Міндет – осы», деген стенограммадағы үзіндіні келтірдік.
Елбасының астананы салудағы алғашқы қадамдарының бірі күрделі табиғи-климаттық жағдайларға қарамастан, елдің бас қаласының өзінде ғана емес, оның төңірегіне орман ектіріп, болашақта сұлу Көкшенің орман-тоғайымен ұштастыратын елорданың жасыл белдеуін жасау болғанын айта кеткіміз келеді. Нұрсұлтан Әбішұлына осы идеяның ойына келуі – сонау балалық шақта асқар тау әкесі дарытқан бағбандықта деп ойлаймыз. Өйткені Елбасы өзінің 2018 жылы берген сұхбатында «Мен – бақта өскен адаммын. Әкем бағбан болатын. Үйіміздің айналасында 25 сотық жер болатын, ол кезде үлкен аула еді. Ол аулада алма ағаштары жайқалып өсіп тұратын. Әкем бақшадағы ағаштың түбінен-ақ қай ағаш екенін білетін, оны маған үйрететін: мұнда алма, мына жақта алмұрт. Нағыз Мичурин болатын. Мен сол бақта өстім, алма ағаштарын күтетінмін, су құйып, өскен соң теріп тұратынмын. Көктемде Алматыға апарып, сататынбыз. Біздің отбасы солай күн көретін», деген болатын.
1998 жылдың 6 мамырында Тұңғыш Президент ел астанасы үшін маңызды шешім қабылдады. Ол шешім – «Қазақстан Республикасының астанасы Ақмола қаласының атауы – Астана қаласы болып өзгертілгені туралы» Жарлық. Нұрсұлтан Әбішұлы елорда атауы туралы шешім қабылдағанға дейін Қараөткел, Есіл, Сарыарқа, Қазақстан, тіпті Нұрсұлтан деген атты ұсынғандар да болыпты. Соңғы ұсынысты Елбасы бірден тойтарып тастаған еді. Ал өткен жылдың 20 наурызындағы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының халқымызға және әлем қауымдастығына сіңірген ерен еңбегі мен ұлы есімін мәңгі есте сақтау қажеттігін, бұл халқымызды, әсіресе жастарды тарихқа құрметпен қарауға тәрбиелеп, оның даңқты қызметін әділ бағалау үшін маңызды екенін айтып, «Біздің елордамыз Нұрсұлтан аталуы тиіс» деген ұсынысты жариялаған болатын. Бұл ұсыныстың басты ерекшелігі –
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз еркімен Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатқаннан кейін енгізілуінде. Осы арада, осыдан сексен жыл бұрын Мырзабала әженің «кенже ұлдан көрген тұңғыш немересіне» Алланың 99 атының бірі «Нұр» мен араб тілінде «жоғары билеуші» деп аударылатын «Сұлтанды» біріктіріп қоюы – кейуананың болашақта осы есімнің тәуелсіз Қазақстанның елордасына да бұйыратынын сезгені ме деп таңғаласың!
Елбасы өзінің «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабында «...Астана ауыстыруға тоқтағанда қандайлық бел байлағанымды айқын түсіндім. Осы шешімім арқылы мен өмір бойы жинаған абырой-беделімнің бәрін де бәйгеге тігетінімді анық ұқтым. Бұл идеямның жүзеге асырылуы көңілдегіден шықпаған жағдайда, бүкіл өмірімнің бәсі басқаша бағаланары талассыз еді. Мен сол қадамға тәуекел еттім. Тәуекелімді нақты есепке құруға тырыстым», деген болатын. Иә, Тұңғыш Президенттің еңбек жолында тәуекелге барған кезі аз болмапты. Жас Нұрсұлтан 18 жасында металлург боламын деп Теміртауға тәуекелмен барып, от-жалында шыңдалмағанда жиырма жылдан кейін республиканың бірінші басшыларының біріне айналар ма еді?! Ол 1979 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің өнеркәсіп, көлік және байланыс жөніндегі хатшысы, бес жылдан кейін Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметінде республикада орын алған әділетсіздікке қарсы тұрып, «драмалық сынақтар кезеңінен» өткенде де тағдырын шүберекке түйіп, тәуекелге барған еді. Сол кезеңнің қауырт та қызу ағысынан сүрінбей өткен Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, егемен еліміздің жаңа тарихын жазуды туған халқымен бірге бастады. Осылайша, «Егер де сен алдыңа қойған міндетіңді шешкен болсаң, айтылған сын жайында қалады. Егер де сен міндетіңді шеше алмасаң, онда жөніңе кете бер», деген қағиданы басшылыққа алған Елбасымыз, бастапқыда тұрғындар саны 300 мыңға да жетпеген облыс орталығын әлемдегі сұлу астаналардың біріне айналдырды, ерке Есілдің бойына ел қондырып, қазірдің өзінде халқының саны бір миллионнан асты, 2030 жылы 2 миллионға жетеді деп болжануда, өңірлердің экономикалық дамуына серпін беріп, сәулесін шашты, бір сөзбен айтқанда Қазақстан елордасы арқылы әлемге танылды. Дүниежүзілік сәулет-жобалау ақыл-ойының барлық таңдаулы жетістіктерін бойына жинаған Нұр-Сұлтан қаласының әлемдік астаналар стандартына рухы да, мүддесі де сай келеді.
Осы арада, Нұрсұлтан Назарбаевты өзінің саяси ұстазы тұтатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа елордамыздың бой көтеруіне Тұңғыш Президентіміздің сіңірген еңбегі ерекше. Астананың құрылысы Елбасының тарихи ерлігі саналады. Бас қаламыз Тəуелсіз еліміздің шынайы бет-бейнесіне, халқымыздың мақтанышына айналды. Елорда жаңа мемлекеттің идеологиясы ретінде киелі ұғымға ие болды. Астанамыз, шын мəнінде, өткеннің құндылықтарын дəріптей отырып, күллі əлемге Қазақстанның жаңа бейнесін паш етті», деген сөзін келтіргіміз келеді.
Осыдан түйер ой, заманынан озып туған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың прогрессивті ойлау қабілетінің жоғарылығынан туған астананы ауыстыру жасампаздық идеясы – талай әділетсіздікті көрген қазақ деген ұлттың өз мемлекетінің астанасын ешкімге жалтақтамай таңдай алатындығын дәлелдеп қана қоймай, Қазақстанды жаңа тәуелсіз, бейбіт мемлекет ретінде әлемге танытуда зор рөл атқарды. Болашақта да ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімнің, бейбітшілік пен береке-бірліктің қаласы Нұр-Сұлтан жарқырай жайнап, Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі ретінде жасай берері сөзсіз.
Әмірхан Рахымжанов,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор