Коронавирус • 01 Шілде, 2020

Он адамның сегізі сенбеді. Неге?

537 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы арқылы Қазақстанға індет кірген күннен бастап, медицина тақырыбына қалам тербеуге ұмтылған бізден маза кеткен. 13 наурыздан бері бір күн де дамылдаған жоқпыз десек, әсіресөз емес.

Он адамның сегізі сенбеді. Неге?

Пандемияға байланысты  Алматы әкімдігі құрған арнаулы чаттан тәулік бойы жедел ақпарат алып, жұртты дер кезінде құлағдар етуге, сақтандыруға шақырсақ та, көп жағдайда осы жанталас әрекетіміз зая кетіп жатқандай болып көрінгені де рас. 

Есесіне, мемлекетіміз төтенше жағдай жариялап, шығынға белшеден басып жатса да, алшаң-алшаң қыдырып, тығылып тойлатып, айналасына тексерілмеген теріс ақпарат таратқандардың арасында тіпті, кейде медицина қызметкерлерінің өзі жүргенде, біздің де көңілге осы індет бар ма өзі, жоқ па деген күдік ұя салғанын жасырмаймыз.

Бастапқыда БАҚ өкілдері қала әкімдігінің алқымынан алған жоқ. Ел сәл де болса сабырға келген соң, журналистер құзырлы мекемелердің араласуымен сақтық шараларын сақтай отырып, жұқпалы кеселдерді емдейтін ауруханалар мен провизорлық орталықтардан репортаж, сұхбат жасай алатынына сенген. Өкінішке қарай, бұл талпынысымыз – қалалық денсаулық сақтау басқармасына жазған өтініштеріміз текке кетіп жатты. Мұны жүзден астам әріптесіміз растай алады. Мүмкін, жұртты дүрліктіре бермейік, жағдай реттелсін деп сабырға сала бермей, журналистік дабыл қағып, байбалам салу керек пе еді?! Нәтижесінде, он адамның сегізі осы аурудың барына сенбейтіндей дәрежеге жетті. Неге?

Сөзіміз айғақты болсын, осы арада мына мәліметті келтіре кетуге болады. Мәселен, бұл күнде Қазақстан халқы пандемияның бар екеніне сенбейтін, оның салдарын бағаламайтын елдердің алғашқы үштігінде тұрған көрінеді. Бұған ТАСС ақпарат агенттігі таратқан «Ромир» мен Gallup International компанияларының зерттеулері дәлел болмақ. Пандемия жоқ, ол халықты қорқытып-үркітіп ұстау үшін қолдан жасалған саясат, деп есептейтін елдердің басында Босния мен Герцеговиния (66%) тұрса, екінші орында Қазақстан (61%), үшінші орында Молдавия мене Болгария бар (58%). Иә, біздің халқымыз әлі де бұл індеттің қауіптілігін толық мойындамайды.

Еуропа елдері бастапқыда бұл вирус­ты елемегеннен, көрші Қытай сияқты елдер менсінбегеннен меңдеткенін мойындаса, ертең біз сенбегеннен осы халге душар болғанымызды айтуға тура келмек.

Енді міне, эпидемиялық жағдай күрделене келе, күн өткен сайын қаралы хабарлар жиілей бастады. Індет жұқтырған дәрігерлер саны артып барады. Емі жоқ кеселге сенбей, сақтанбай, сайран салып, жұртты адас­тырып келген тамыр-таныстардың кей­бірі жедел жәрдемге жете алмай, аурухана­лардан орын таппай, өздері жазғырудан жалықпайтын журналистерге жүгініп жатыр.

Медицинасы дамыған елдерде пандемия күшіне мінгенде дәрігерлер, ӨЖЖ аппараты, жедел жәрдем жетіспегендіктен өлім-жітім санын көбейтіп алғанын, хәлі өте нашар науқастарды түгел қамти алмағаннан ғана қаза көп болғанын ашық мойындаса да, жел сөзге келгенде ешкімге дес бермейтін «сая­саткер» қазақем бәрінің астарынан басқа нәрсе іздеді. Көзі ашық деп жүрген жоғары білімді деген адамдардың өзі сырттағы түрлі мүдделерге қызмет ететін арандатқыш, адастырғыш ақпараттардың көрігін үрледі. Бұл – фармкомпаниялардың жаһандық бизнесі деген сәуегейлікпен екінің бірі айналысты.

Не десек те, пандемия мəселесі турасын­­дағы халықтың сауатты түсінігі қалыптас­пайынша, ешқандай карантин көмектеспейді. Өз кезегінде ДДҰ жетекшілері: «Бөлінген әлемде біз бұл індетті жеңе алмаймыз. Эпиде­мияның саясаттануы мәселені ушықтырды. Бәріміз аман-есен болғанша, ешкім қауіпсіз бола алмайды», деп отыр. 

Сол сияқты 26 маусымда ДДҰ-ның бас ғалымы Сумия Сваминатан әлемде қазір 200-ден астам кандидаттық вакцина бар екенін, олардың 15-і клиникалық сынақтарынан өтіп жатқанын айтты. Ол вакцинаны әзірлеу әдетте 8-ден 10 жылға дейін созылатынын жеткізіп, ДДҰ уақытты мүмкіндігінше қысқартады деп үміттенеді, ал зерттеулер мен әзірлемелер 12-18 айда (2020 жылдың қаңтарынан бастап) сәтті болады деп атап өтті.  Сонымен, коронавирус вакцинасы қашан шығады? Егер вакцинаның адамға клиникалық сынағы сәтті болса, онда жүздеген млн дозалары бар бір немесе бірнеше вакцина 2020 жылдың соңына дейін қолжетімді болмақ.

Сондықтан бізге қалған жалғыз жол – індеттің барына сену мен сақтану ғана.