Әсіресе Солтүстік Америка және Латын Америкасы құрлықтарында індеттің таралу қарқыны қатты. Бүгінде науқастар саны жағынан бірінші орында АҚШ тұр. Осы елде коронавирус жұқтырғандар саны 2,6 миллион адамнан асқан. Сондай-ақ 128 мыңнан астамы көз жұмды.
Құрама Штаттарының бірнеше штаты пандемияға байланысты салынған карантиндік шектеулерді жеңілдетуді жоспарлаған еді. Алайда кейінгі бірнеше күнде COVID-19 жұқтырғандардың қайта көбеюі салдарынан бұдан бас тартуға тура келді. Әсіресе Лос-Анджелесте науқастар саны күрт артқан. Мәселен, осы дүйсенбіде 7418 адамның қауіпті дертті жұқтырғаны анықталды. Осыған байланысты бірқатар штат жағажайларды, мейрамханаларды, жаттығу залдарын, түнгі клубтар мен кинотеатрларды жабуға шешім қабылдады.
Тағы бір солтүстікамерикалық мемлекет Мексикада да жағдай мәз емес. Бүгінде мұнда вирус жұқтырғандар саны 216 мыңнан асқан. 27 мың адам бұл пәнимен қоштасты. Ел билігінің айтуынша, науқастар саны бұдан әлдеқайда көп болуы әбден мүмкін. Өйткені жеткілікті деңгейде тестілеу жүргізуге мүмкіндік жоқ. Оның үстіне, тұрғындар карантиндік шараларды сақтауға құлықсыз. «Жығылғанға жұдырық» демекші, елде дәрі-дәрмек жағы тапшы. Соған байланысты COVID-19-бен ауыратын жүздеген адам күн сайын АҚШ-Мексика шекарасынан өтіп, көрші елден қажетті дәрі-дәрмек әкелуге ағылады. Мұның бәрі көрші жатқан мемлекеттердегі жағдайды тұрақтандыруға қиындық туғызып отыр, Латын Америкасында да ахуал күрделі. Джонс Хопкинс университетінің деректеріне сәйкес, Латын Америкасы және Кариб бассейні елдерінде коронавирустан қайтыс болғандар саны 100 мыңнан асып жығылды.
Бразилияда 1,4 миллионға жуық адамға вирус жұққан. 58 мыңнан аса адам індеттен көз жұмды. Оған қоса, Бразилияда ел президенті Жаир Болсанарудың жүргізген саясатына қарсы наразылық акциясы басылар емес. Шерушілер президенттің орнынан кетуін талап етіп отыр. Өткен жексенбіде елдегі үлкен қалалар мен әлемнің 20-ға жуық мемлекетінде бразилиялықтар Болсанарудың тағын босатуды сұрап, көшеге шықты. Бұған Жаир Болсанарудың өзі кінәлі. Ол бұған дейін COVID-19-ды «жай ғана тұмау» деп айтып қалып, сынға ұшыраған еді. Бразилия да Мексика секілді қатаң карантиндік шараларды енгізбеген-ді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Бразилия билігінің коронавирус індетімен күрестегі шараларын сынға алып, жағдайды тұрақтандыруға шақырды.
Ұйым сарапшыларының айтуынша, Бразилия пандемиямен күресті жүйелі жүргізіп, федеральдық және штаттық деңгейде шешімдер қабылдауы тиіс. Сондай-ақ ұйым тарапы Бразилия денсаулық сақтау министрлігінің науқастарды емдеуге қолдану үшін алдырған дәрілердің пайдасыз екенін алға тартады.
Сондай-ақ Перу мен Чилиде де науқастар саны артып барады. Соңғы деректер бойынша Перуде 282 мыңнан аса адам ауырса, он мыңға жуық тұрғын індеттің салдарынан бақиға аттанды. Чилиде 276 мыңға жуық адам COVID -19 құрығына іліккен. Бұл елде өмірден өткендер саны 5,5 мыңға жетіп отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, аталған елдердің кейбірі пандемияның шарықтау шегінен әлі өткен жоқ.
Үшінші орында тұрған Ресейде 651 мыңға жуық адамға коронавирус диагнозы қойылған. Бүгінге дейін бақилық болғандар саны 9 мыңнан асты. Өткен тәулікте 6 719 адамның вирус жұқтырғаны анықталып, 104 науқас қайтыс болды. Дегенмен Ресейдегі статистиканың күмәнді тұсы көп. Мәселен, ел билігі ресми статистикаға COVID-19 диагнозы бар бүкіл қайтыс болған науқастардың бәрін енгізбейді. Қайтыс болуына инфекция әсер етті деген шешім шығарылса ғана тізімге енгізіледі. Оған қоса, Федералдық штаб статистикасы мен аймақтық статистика арасында айырмашылық бар. Штаб пен Росстат, аймақ мәліметі де бір-бірінен алшақ. Жауапты мекеме қызметкерлері мұны есептеу барысында түрлі әдіс қолданатындығымен түсіндіреді.
Үндістан да коронавирусты ауыздықтай алар емес. Осы елде 567 мыңға жуық науқас тіркелген. Дәрігерлер вирустың әлі де өрши түсетінін, шілденің соңына қарай науқастың саны миллионға жететінін айтады. Үндістан астанасы Делиде жағдай қиын. Өткен тәулікте ел аумағында 18 мыңнан аса адам қауіпті дерттің тырнағына ілінгені анықталса, Делиде 4 мыңға жуық адам вирус жұқтырған. Бұл – пандемия басталғалы бергі ең жоғары көрсеткіш. Делиде барлығы 66 мыңға тарта адам індетке шалдыққан.
Сырқаттану өсімі күн санап артып келеді. Билік өкілдері адамдардың жүріп-тұруын және байланыста болғандарды анықтауды жіті бақылауға алатынына уәде еткен. Бірақ ауруханалардың аузы-мұрнына шығып толуына байланысты елдегі қонақүйлер де науқастар қабылдауға мәжбүр. Сонымен қатар кей жерлерде коронавирус тестінің нәтижесі қате беріліп, елдегі науқастардың нақты саны жасырылып отыр деген күдік бар. Жуырда Үндістан карантин шараларын жеңілдеткен, алайда вирустың таралу қарқыны өршімесе, басылар емес.
Бірқатар елдегі жағдайдың ушыққанына қарамастан, кей мемлекеттер вирустың таралу ауқымын бәсеңдетті. Соның нәтижесінде карантиндік шаралар жеңілдетіліп жатыр. Еуропалық одақ 1 шілдеден бастап шекараны ашуды жоспарға енгізді. Әйтсе де, коронавирус бойынша ахуал күрделі елдермен шекара жабық күйінде қалады. Атап айтқанда, АҚШ пен Ресейден келетін туристер әзірге кіргізілмейді.
Брюссель билігі коронавирустан ада, «қауіпсіз» елдер тізімін түзді. Оған Алжир, Аустралия, Канада, Грузия, Жапония, Черногория, Марокко, Жаңа Зеландия, Руанда, Сербия, Оңтүстік Корея, Таиланд, Тунис және Уругвай енген. Бұған өзгеріс енгізілуі мүмкін. Тізім екі апта сайын қайта жаңаланып отырады.
Мальдив аралдары туристерді қабылдауға дайын. Ел президенті Ибрагим Солих туристерді 15 шілдеден бастап қабылдайтынын мәлімдеді. Бұл ретте, шетелден келген меймандар тест нәтижесін көрсетуі қажет емес. Жалпы, Мальдив аралдары туризмнен табыс тауып отырған мемлекет. Сондықтан алыстан ат терлетіп келген меймандарға жеңілдік жасауы да осыған байланысты.
Жаңа Зеландия 9 маусымда вирус жұқтырған науқастардың қалмағанын, COVID -19-дан таза ел екенін мәлімдеген. Мұндай жағымды жаңалықтан кейін ел билігі Жаңа Зеландияда барлық шектеу шарасы алынатынын хабарлады. Дегенмен әлі де ел шекарасы жабық.
Жаңа Зеландия коронавирустан құтылғанын жариялағанымен, тестілеу шараларын тоқтатқан жоқ. Мәселен, шекарадан өткен кез келген адам екі апта бойы бақылауға алынып, одан осы аралықта екі рет тест алынады. Жалпы, шекара қызметіндегі барлық адам тестілеуден өтуі керек. Дегенмен шетелдерден Жаңа Зеландия азаматтары қайта оралуына байланысты олардан тест алынып, нәтижесінде бүгінге дейін 22 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Ел премьер-министрі Джасинда Ардерн науқастар саны аз болғанына қарамастан, 25 наурызда шекараны жабуға шешім қабылдады. Жаңа Зеландияда барлығы 1 504 адам вирус жұқтырып, 22 науқас қайтыс болды.