Жуырда «Поляк поштасының» орталық ғимаратында хакімнің мерейтойына орай «Абай Құнанбайұлының туғанына-175 жыл» атты пошта маркасының салтанатты таныстырылымы болып өтті. Ғалымдар, дипломаттар, пошта саласының қызметкерлері мен БАҚ өкілдері бас қосқан, ақын мұрасын, сонымен қатар, халқымыздың рухани мәдениетін таныта түсу бағытында ұйымдастырылған бұл жобаның бастамашысы Қазақстан Республикасының Польшадағы елшілігі, ал оны жүзеге асырушы «Поляк поштасы» АҚ болғандығын атап өту қажет.
Шара барысында алғашқы болып сөз алған Қазақстанның Польшадағы Төтенше және өкілетті елшісі Әлім Қирабаев жиналған көпшілікке ақынның пәлсапалық ұстанымдары, гуманистік көзқарастары, шығармашылығының идеялық бағыты мен сипаты турасында ақпарат беріп, қазақ халқының Еуропа мен Азия мәдениеттерін жақындастырудағы, ұлтымыздың рухани әлемін кәрі құрлық жұртшылығына таныстырудағы Адольф Янушкевич, Густав Зелинский және Бронислав Залесский сынды поляк зиялыларының еңбектерін жоғары бағалайтынын атап өтті. Сонымен бірге поляк ұлтының кезекті бір өкілі, заңгер Северин Гросстың ұлы Абаймен достық байланыс орнатып, ақынның өз ұлтының дәстүрлі құқығын зерттеген Гроссқа таптырмас кеңесші болып, көмек қолын созғандығын тілге тиек етті.
Поляк және қазақ тарапынан қатысқан лауазым иелерінің сөз сөйлеу бөлімі аяқталысымен тараптар пошта маркасы орналасқан тұғырдың пердесін ашу рәсімін жүзеге асырып, оған Қазақстан елшісімен бірге «Поляк поштасы» АҚ төрағасы Томаш Зджикот және ПР СІМ Шығыс департаментінің директоры Ян Хофмокл мырзалар қатысты. Перде ашылған сәтте ғұламаның бейнесі және оның ту сыртындағы киіз үй, мәуелі ағаштар мен көк аспаннан құралған үйлесімді композиция алыстан көзге жылы ұшырай көрінді. «Поляк поштасы» мекемесінің берген ақпаратына сәйкес 135 мың данамен шығарылған марканың өлшемдері: 31,25x39,5 мм. Пошта маркасы 30 маусымнан бастап айналымға шығарылмақ.
Салтанатты таныстырылымның ресми бөлімі аяқталғаннан кейін қазақ тарапы шараға қатысып, ақын тұлғасына ерекше ықылас білдерген қауымға танымал түркітанушы ғалым, қазақ тілінің білгірі, профессор Хенрик Янковскийдің тәржімасымен, Қазақстан елшілігінің қолдауымен биыл екінші рет басылған Абайдың «Қара сөздерін» сыйға тартты. Ал жиналған қауым болса ақынның туындыларынан үзінділер оқып, оның өмірі мен қызметі туралы пікір алмасты. Осы орайда Абай Құнанбайұлын ұлықтау шарасына қатысушы азаматтармен сұхбаттасып, пікірін тыңдаған едік:
Томаш Зджикот, «Поляк поштасы» АҚ төрағасы: Біз қазақ тарапымен берік ынтымақтастық орнатқанбыз. Оның мысалы, 2017 жылы ІІ дүниежүзілік соғыс жылдары Орталық Азияда жасақталған поляк әскерін есте сақтау мақсатында «Андерс әскері – үміт ізі» атты пошта маркасын бірлесе шығарған болатынбыз. Ал бүгінгі «Абай Құнанбайұлының туғанына-175 жыл» пошта маркасын салтанатты түрде таныстырып отырмыз. Бұл біз үшін үлкен мәртебе!
Ян Хофмокл, ПР СІМ Шығыс департаментінің директоры: ХІХ ғасырда өмір сүргендігіне қарамастан Абай, қайта өрлеу кезеңінің адамы сынды жан-жақты, шын мәніндегі сегіз қырлы бір сырлы тұлға болғандығын білеміз. Әрине ақындық – Абайдың бір қыры ғана. Біз қазақ ақынының өлең шумақтарымен қатар әуенін келтірген сазгерлік өнерінен де хабардармыз. Дейтұрғанмен, Абай шығармашылығында оның қара сөздерінің орны ерекше. Өзінің Қазақстанға сапары барысында Рим Папасы Иоан Павел ІІ Абай Құнанбайұлының қара сөздерінен үзінді оқыған болатын. Жалпы, ғұламаның қара сөздерін әрдайым басшылыққа алған жөн деп білемін. Мен бала кезімнен пошта маркаларын жинаумен әуестендім. Осы сәтті пайдалана отыра аталған бірлескен жобаны жүзеге асырушы талаптарға алғысымды білдіремін.
Жандос Әуелбекұлы,
арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін
Варшава (Польша)