Президент • 02 Шілде, 2020

Президент: Елбасы – әріптестерін атомды бейбіт мақсатқа қолдануға үндеген салиқалы саясаткер

325 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" газетінде жарық көрген "Тарихи тұлға тағылымы" атты мақаласында Нұрсұлтан Әбішұлын жаһандық саясатта танымал еткен ең алғашқы қадамдардың бірі – Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы Жарлығы болғанын айтты.

Президент: Елбасы – әріптестерін атомды бейбіт мақсатқа қолдануға үндеген салиқалы саясаткер

"Сол жылдары КСРО сияқты әскери әлеуеті зор мемлекеттің ядролық қару-жарағына ие болып қалу Қазақстанға қаншалықты артықшылық бермек, әлде жаңа бір шиеленістің ошағы тұтана ма деген сауалдар күн тәртібінде тұрған-ды. Өйткені еліміздің қолындағы ядролық арсенал осы санатта әлемнің алғашқы төрттігіне қосылуға мүмкіндік беретін еді. Алайда, Елбасының саяси ерік-жігері арқылы қазақ ұлты әлемде ядролық сынақтан қатты зардап шеккен халық ретінде жойқын қаруды таратпау туралы бастама көтерді", деді ол.  

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Тұңғыш Президенттің тоқтамын халықаралық қауымдастық та оң қабылдағанын, бүгінге дейін Қазақстанның бастамасын қуаттаған бірқатар мемлекеттер ашық күнді тозаққа айналдырған ядролық полигондарын жауып, қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты.

"Айталық, Семей полигоны жабылғаннан кейін Ресейдің Жаңа жердегі сынақ полигоны, АҚШ аумағындағы "Невада" полигоны, француздардың Тынық мұхиттағы полигоны және Қытайдың Лобнор ядролық сынақ алаңы жұмысын тоқтатты. Жер шарының кез келген нүктесіне жетерлік бір мың екі жүз ядролық оқтұмсығы бар 110-нан астам баллистикалық зымыранды құрайтын мөлшері жағынан әлемдегі төртінші ядролық әлеует АҚШ және Ресеймен бірлесе отырып, залалсыздандырылды. 2006 жылдың қыркүйегінде аймақтағы өзге де елдермен бірге Орталық Азияны ядросыз аймақ деп жариялаған Семей келісіміне қол қойылды. Келісімге қазірдің өзінде 200-ге жуық мемлекет қосылып, 150-ден астамы ратификациялады. Қазақстанның бұл бейбітшіл идеясы негізінде Президент Жарлыққа қол қойған 29 тамыз – Дүниежүзілік ядролық қаруға қарсы іс-қимыл күні ретінде аталып өтеді", деген Президент осы бейбіт бастаманы әлі де белсенді жалғастыруымыз қажет екенін айтты.

"Елбасы – БҰҰ мінберінен әріптестерін атомды бейбіт мақсатқа қолдануға үндеген салиқалы саясаткер. Бұл мәселе 1946 жылы алғаш шақырылған Бас Ассамблеяда қозғалғанымен әлем елдері жанталаса қарулануын тоқтатпаған болатын. Сондықтан тұңғыш Президенттің тегеурінді сөзі мен ісі бір арнадан табылып, ол жаһандағы жойқын қаруды таратпау жолындағы жүйелі жұмысты бастап берді", деді ол.