Аймақтар • 02 Шілде, 2020

Депозиттерге кепілдік беру қоры ең жоғары сыйақы мөлшерлемелерін жариялады

341 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) теңгелік депозиттер бойынша 2020 жылдың тамызына ұсынылған ең жоғары мөлшерлемелерді бекіткендігін хабарлайды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Депозиттерге кепілдік беру қоры ең жоғары сыйақы мөлшерлемелерін жариялады

Биылғы жылдың 26 маусымында ҚДКБҚ Жеке тұлғалардың жаңадан тартылған депозиттері бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемелерінің мөлшерін анықтау және бекіту әдістемесіне өзгерістер енгізді. Соған сәйкес депозиттер бойынша сыйақылардың жоғарғы шегі бекітілді. Ол базалық мөлшерлеме мен спредтің қосынды сомасына тең. Бұл өзгерістер депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктермен келісілді.

Жаңа енгізілім банктердің қаржылық орнықтылығын сақтау мақсатында жүйелік тәуекелдерді төмендетуге бағытталған. Бұл банктердің қор жинау құны мен пайыздық шығындарының шектен тыс өсуіне жол бермей, оларды оңтайлы деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Пайыздық шығындардың шектен тыс өсуі несие бойынша пайыздық мөлшерлемелердің жоғарылауына әкеп соғатыны белгілі.

Сонымен депозиттер бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемелерінің жоғарғы шегі 14,5 пайыз (базалық мөлшерлеме плюс 5 п.т.) деңгейінде бекітілді. Бұл депозиттердің жоғары табыстылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Атап өту керек, банктер қаржылық және экономикалық жағдайларға баға бере отырып, депозиттер бойынша мөлшерлемелерді реттеу мүмкіндігіне ие. Егер орташа өлшемді нарықтық мөлшерлемелерді ескере отырып есептелген ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі бекітілген шектен жоғары болса, ұсынылған ең жоғары мөлшерлеме ретінде осы бекітілген шектің мәні қабылданады. Тамызда 12 және 24 айға арналған жинақ салымдардың ең жоғары мөлшерлемелерітолықтыруға болатын түрі бойынша – 12,4 және 12,3 пайызды, ал толықтырылмайтын түрі бойынша ­– 14,5 және 14,3 пайызды құрайды.

12 айлық мерзімді салымдар бойынша ұсынылған ең жоғары мөлшерлемелер бұрынғы деңгейінде қалды. Еске саламыз, олар орташа өлшемді нарықтық сыйақы мөлшерлемелері негізінде есептеледі. Ал 24 айлық мерзімді салымдар бойынша мөлшерлемелер төмендеп, толықтыру құқығы бар түрі бойынша – 8,7 пайыз, ал толықтыру құқығы жоқ түрі бойынша – 9,5 пайыз болады. Бұл депозиттердің  шекті сыйқылары да орташа өлшемді нарықтық сыйақы мөлшерлемелері негізінде есептеледі. Осы депозиттердің мөлшерлемелерінің елеулі түрде төмендеуі банктер тарапынан оған деген қызығушылықтың төмендігін және экономикалық тұрғыдан мөлшерлемені жоғарылатудың орынсыз екендігін көрсетеді.

Тамыз айында мерзімсіз және қысқа мерзімді теңгелік депозиттер бойынша ұсынылатын ең жоғары мөлшерлемелердің төмендеуі – Қордың ағымдағы жылдың мамыр айында мөлшерлемелерді біртіндеп төмендетуді қолға алған  шарасының соңғы кезеңі. Еске саламыз, Қор бұған дейін төмендетілген базалық мөлшерлемеге қатысты спредті жоғарылатып, кейіннен біртіндеп төмендету туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл шара төмендетілген базалық мөлшерлеме депозиттердің осы санатына және жалпы депозит нарығына кері әсер етпеуі үшін қажет болды.

Тамыз айында теңгедегі мерзімсіз депозиттер бойынша максималды мөлшерлемелер жылына 9,5 пайыз деңгейінде бекітілді. Бұл ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесіне сәйкес келеді. Еске саламыз, базалық мөлшерлеме ақшаның қысқа мерзім ішіндегі құнын білдіреді және ішкі және сыртқы экономикалық факторларды ескере отырып бекітіледі.Толықтыру құқығы бар, 3 және 6 айға арналған мерзімді депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелер – 9,5 пайызды, толықтырылмайтын түрі бойынша – 10,0 пайызды құрайды. Осы мерзімдегі жинақ салымдардың толықтырылатын түріне қатысты шекті мөлшерлемелер – 10,5 пайызды, толықтырылмайтын түрі бойынша – 11,0 пайыз болады.