Елбасы • 03 Шілде, 2020

Елбасына ыстық ықыластарын білдірді

251 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елорда күніне және Елбасының туған күніне байланысты Қазақстанның Тұңғыш Президентінің атына елорда күні мен Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жылдық мерейтойына орай көптеген хат келіп түсуде, деп хабарлады Елбасының баспасөз қызметі.

Елбасына ыстық ықыластарын білдірді

Ресей Федерациясының Прези­денті Владимир Путин Елбасына ар­найы бейнеқұттықтау жолдады. «Мен біздің көпжылдық досты­ғымызды қадірлеймін және мақтан тұта­мын.

Алғашқы кездесуімізден бастап арамызда ашықтығымен және кез келген күрделі мәселелерді бірлесіп шешуге дайын болуымызбен ерекшеленетін шынайы жол­дастық қарым-қатынас орнады.

Сіздің даналығыңыз бен кө­регендігіңізді, зор жауапкершілігіңіз бен салмақтылығыңызды, өмірлік және басқару тәжірибеңізді жұрт­шылық мо­йындады. Сіз өз еліңіз­де және Ресейде, сондай-ақ бүкіл әлемде көрнекті мемлекет қай­раткері және нағыз көшбас­шы ретінде жоғары беделге ие бол­дыңыз. Осы жылдардың ішінде Сіз ұлттық келісімді, тарихи, мә­дени дәстүрлерді сақтай отырып, Қазақ­станның тұрақты дамуына, болашаққа нық сеніммен қадам басуына зор еңбек сіңірдіңіз», деді Владимир Путин.

Өзбекстан Республикасының Прези­денті Шавкат Мирзиёев өз хатында Мемлекет басшысы ретіндегі ұзақ мерзімді және жемісті қызметі барысында Елбасы тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық аренада да зор құрмет пен беделге ие болғанын атап өтті. «Сіз ең күрделі тарихи кезеңде елді тиімді басқардыңыз, Қазақстанның жаңа тарихы мен тағдыры Сіздің атыңызбен тығыз байланысты. Зор күш-жігеріңіздің, парасатты және көреген басшылығыңыздың арқасында Қазақстан Республикасы өзінің үлкен экономикалық және зияткерлік әлеуетін тиімді пайдаланып, бүгінде әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан елдердің біріне айналды», делінген жеделхатта.

Испания Королі Фелипе өз жеделхатында Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының қалып­тасуы мен дамуына, халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуге қосқан үлесін ерекше атап өтті. «Осы мүм­кін­дікті пайдалана отырып, Сізге Испанияға деген ерекше көңіліңіз бен біздің елдеріміздің арасындағы берік қатынастарға қол жеткізуге қос­қан жеке үлесіңіз үшін алғыс айтамын. Сондай-ақ Сізге зор құрметімді білдіремін», делінген Испания Коро­лінің құттықтауында.

Монако князі II Альбер Елбасын мерейтойымен құттықтап, Нұрсұлтан Назарбаевқа және Қазақстан халқына мықты денсаулық пен бақ-береке тіледі.

Молдова Республикасының Прези­денті Игорь Додон Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жоғары сая­си беделі алдағы уақытта да елдің тұрақты дамуына қызмет ететініне сенім білдірді.

Чехия Республикасының Прези­денті Милош Земан өзінің жеделхатында Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолындағы сіңірген еңбегін атап өтті. «30 жылдың ішінде Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан көптеген жетістікке қол жеткізді. Біздің елдеріміздің арасында ұзақ уақыттан бері достық қарым-қатынастың жалғасып, көптеген са­ладағы ынтымақтастық екі жаққа да пайдасын тигізе отырып, дамып жатқандығына өте қуаныштымын», делінген Милош Земанның жеделхатында.

Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Ашраф Ғани өз жеделхатында Елбасының екіжақты қаты­настарды дамытуға және мем­ле­кет­аралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан ерекше үлесін атап өтті.

Израиль мемлекетінің Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Елба­сын мерейтойымен құттықтап, екі ел арасындағы қатынастардың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді. «Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан Республикасы көпсалалы экономикасы бар заманауи, жарқын елге айналды. Бұл шын мәнісінде Орталық Азия және одан тыс жерлер үшін өте маңызды фактор. Мен Сізге ұзақ ғұмыр, денсаулық пен бақ-береке тілеймін», делінген жеделхатта.