Аймақтар • 03 Шілде, 2020

Атырауда провизорлық орындар ашылуда

976 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Атыраудағы ахуал күрделеніп барады. Қауіпті індеттің беті қайтар емес. Керісінше, таралу аясы кеңейе түсті. Індетті жұқтырушылар әсіресе, облыс орталығында жиі байқалып отыр. Мәселен, өткен бір тәулікте 229 адам коронавирустың «қақпанына» түсіп қалды. Қазір өңірде індетке шалдыққандардың саны 4 мыңнан асты. «Көтере алмасаң, қосып арқала» дегендей, пневмонияға шалдыққандар да аз емес. Оның үстіне тұрғындардың дәрі-дәрмек іздеп сабылуы дүрбелеңді одан сайын күрделендіріп отыр.

Атырауда провизорлық орындар ашылуда

Осы орайда, «Семейное» дәріханалар желісінің директоры Руслан Сәрсеновтің айтуынша, тұрғындар «белгілі бір дәрілерді қабылдау инфекция жұқтырудың алдын алады немесе ауру салдарын азайтады» деген жалған ақпаратқа сеніп жүр.

– Мұндай дүрбелең шамамен бір апта бұрын басталды. Бұрын күніне 50 дана парацетамол сатылса, қазір оның саны 1 мың данаға дейін жетеді. Көп адам­дар туыстары мен достарының немесе WhatsApp желісіндегі жалған хабар­ламалардың әсерінен дәрі-дәрмекті ауыр­ғанда емес, алдын ала сатып алады. Бүгін­де «қауіпті дерттің бетін қайтару үшін па­рацетамол көмектеседі» деген жалған ақпарат таралып кетті. Карантин кезінде зім­бірді көптеп сатып алғандай, оны да сатып ала бастады. Ал адамда диарея немесе ангина болуы мүмкін. Біз дәрі-дәрмек сатып алуға тыйым сала ал­маймыз. Өйткені біраз адам ауылдар­дан келіп, сатып алып жатады. Қазіргі уа­қытта дене қызуын түсіретін дәрілерге бұ­рын­ғыдан да көп мөлшерде тапсырыс бе­руге тырысып жатырмыз. Бір аптадан кейін дәрі-дәрмек тапшылығы мә­се­лесі шешіледі, дейді «Семейное» дәріха­налар желісінің директоры Р.Сәрсенов.

Сондай-ақ өңірде ПТР-тест қоры­тындысының кешігуіне шағым айтушылар да жоқ емес. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнафис Таңбаеваның мәлім етуінше, бұған уақыттың тапшылығы себеп болып отыр.

– Бүгінге дейін Атырау облысына 29 620 ПТР тест алынды. Коронавирус инфекциясын анықтау үшін 20 238 рет тест жасалды. Қазіргі уақытта тестілеу нәтижесінің мерзімі кешіктіріліп жат­қаны туралы шағымдар көптеп түсуде. Осы орайда, азаматтарға зертханаларда алынған барлық сынамаларды өңдеуге уақыттың тапшы екенін айтқым келеді. Мамандар тәулік бойы жұмыс істеуде. Өкінішке қарай, Ұлттық сараптама орталығы қызметкерлерінің 90 пайызы коронавирус инфекциясын жұқтырып, қазір олар тиісті ем қабылдауда. Бар­лығының да отбасы, қарт ата-анасы, туыс­тары бар. Сондықтан, тұрғындар болып жатқан жағдайларға түсіністікпен қарауы қажет, – деді Гүлнафис Таңбаева.

Оның айтуынша, ТШО компания­сы мен облыстық денсаулық сақтау бас­­қармасы ПТР аппаратын Каспий ме­­ди­циналық жеке клиникасының ба­лан­­­сына беру туралы келісім жасас­ты. Зертхананың толық жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайдың барлығы қарасты­рыл­ғаннан кейін, жуық арада емхана­дан коронавирусқа тест тапсырып, нәти­же­сін алуға болады. Ал қазіргі уақытта ПТР сынамаларын өң­деумен «Invivo» ме­дициналық зертханасы айналысып жатыр.

Алайда Атырауда індеттің өршуіне байланысты жаңа инфекциялық стацио­нардың қажеттігі туындап отыр. Өйткені барының өзі науқастарға толып қалды. Енді осыған орай облыстық аурухана­дан 400 орындық стационар ашу жоспар­ланған. Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың айтуы­на қа­ра­ғанда, осыған байланысты об­лыс­тық ауруханадағы барлық бөлім басқа емдеу орындарына ауыстырылады. Қазір облыс­тық ауруханада 120 провизорлық орын, кардиоорталықта 70 провизорлық кереует бар. Сондай-ақ Геолог емханасында 100 провизорлық кереует дайындалуда.Қалалық және қала маңындағы емханаларда 267 провизорлық орын ашу жоспарлануда. Бұған қоса, біз облыстық ауруханадағы бөлімшелерді басқа меди­ци­налық мекемелерге ауыстырып, мұнда 400 орындық провизорлық стационар ашуды көздеп отырмыз, деді Бақытгүл Хаменова.

Оның мәлім етуінше, осыған дейін қауіпті індетке шалдыққан науқастарды емдеуге көмегі тиетін 111 өкпені жасанды желдету аппараты алынған. Алайда аталған ауруханаға дәл осындай аппарат ауадай қажет. Осыған байланысты өңір кәсіпкерлері демеушілік көмекпен облыстық ауруханаға аса қажетті екі аппаратты алып берді.

Рас, кәсіпкерлер демеушілік таныту­дан тыс қалып жатқан жоқ. Солардың қа­тарында бір реттік шприц шығаратын «Брандо» ЖШС-ның құрылтайшысы Мах­­мут Мералиев та бар. Ол бір реттік шприц­терді тегін тарату акциясын қолға алды.

– Қазіргі ахуал қолдан келген көмекті көрсетудің қажеттігін байқатты. Себебі індеттің таралу жылдамдығы өршіп барады. Соған байланысты жалпы саны 2 950 000 бір реттік шприцті тегін таратуға ұйғарым жасадық. Алғашқы легі – 500 мың дана. Ал Қызылқоға ауданының әр тұрғыны үшін 10 данадан 300 мың данасын тегін береміз, – дейді Махмут Мералиев.

Кәсіпкер бұған дейін Қызылқоға аудандық ауруханасына 1 млн 345 мың теңгенің дәрі-дәрмегін, 1 млн теңгенің оттегі баллонын алып берген. Сондай-ақ аудандық ауруханадағы 10 пациенттің әрқайсысына материалдық көмек көрсетті. Шілденің алғашқы күні кәсіпкер ұсынған бір реттік 500 мың шприцті  волонтерлер Атырау қаласының тұрғындарына тегін таратты. Бір адамға – 15 дана шприцтен. Енді олар қала маңындағы 7 ауылдық округ тұрғындарына да тегін таратуды көздеп отыр.

Әрине Атыраудағы ахуал күрделі кү­йін­­де қала бермейтін шығар. Тұрғындар та­ра­пынан сақтық шаралары қатаң сақ­тал­­са, жағдай кешікпей тұрақталары даусыз.

 

Атырау облысы