Оқиға • 03 Шілде, 2020

Бүгін газет жақсы шығыпты...

923 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Кеңес Одағының «соқадан ракетаға» (У.С.Черчилль айтқандай) дейінгі басынан кешірген дәуірі секілді, газеттің де «қорғасыннан компьютерге» дейінгі бір ғасырлық кезеңді өткеріп тастаған өз тарихы бар. Оның жай-жапсарын осы салада табан аудармай қызмет еткен, қызмет етіп келе жатқан журналист әріптестеріміз жақсы біледі. Ел газеті «Egemen Qazaqstan» газетінің жауапты хатшысы Самат Сабағатұлы Мұса сараланған әлгі сайыпқырандардың алдыңғы сапында тұр! Кәсіби газетші Сәкеңнің «Талтүсінде» (Шерағам айтқандай), оның 40 жылдық кәсіби саладағы саналы ғұмырының бізге мәлім қырлары мен сырлары туралы әріден әңгіме қозғаудың сәті бүгін түскендей!..

Бүгін газет жақсы шығыпты...

Газеттің қушиғаны – құлпырғаны. Ардақты да әзіз жанды әріптес-ағалардың тарапынан «Газет қушиып, құлашымызды жазып оқи алмай қалдық?!» деген назын өз құлағымызбен талай естідік. Әңгіме – «Egemen Qazaqstan» хақында. Хал-қадерімізше «Жаңашылдық технология талаптарының үдесінен шығу үшін шетелден алынған су жаңа баспа машиналарының бет қаттайтын астауының көлемі осындай, яғни тек осындай жағдайда сүйікті газетіңіздің әуелдегідей сырты ғана емес, барлық беті түрлі-түсті боялып құлпырып шығады», деп мән-жайды түсіндіруге тырыстық та: «Мәселенки, әлемнің алпауыт басылымдары «Вашингтон пост», «Шпигель», «Таймс», «Міллетті» алып қараңызшы, қағазы үлдіріктей жұп-жұқа, ал барлық беті түрлі-түсті...». «А-а, солай ма, бәсе...». Ағаларымыз тез түсіністік танытады. Неге десеңіз, олар өзіміздің кешегі «қанды көйлек қаруластарымыз» емес пе, тегінде, кешегі жаңалыққа жан құмарлығы зор жауынгер журналистер емес пе? Неге десеңіз, қорғасыннан құйылып, қара бояуы жағылып шығатын газеттің әріптерін қызарту үшін бүкіл сол таралымды екінші мәрте қайта басу керектігін көзбен көрген тірі куәгерлер де өздері емес пе? Бас редактордың саяси-үкіметтік тақырыптағы мақалалар жөніндегі орынбасары Самат Мұсаның дәл әлгі ұрымтал кезеңде, яғни бас басылым басшылығының, редакциялық алқаның шешіміне сай жоғарыда айтқан жаңғырту үстінде жауапты хатшы болып тағайындалуын бірден стратегиялық тегеурінді жобаға жорығанымыз да сондықтан. Жүз жасаған бас газет жас буын – жаңа басшылық тұсында, жаңа пішімге көшкен өтпелі транзиттік кезеңде, күрделі үрдіске кешегі мен бүгінгінің озық үлгілерін үйлестіре алатын кәнігі маманға зәру еді. Самат Мұса осындай мұқтаж сәтте мық шегедей өз орнынан табылды. Рас, жаңа форматтағы басылымның түр-сипатына, дүр сілкініп сүрлеу салған болмысына оқырманның көзі бірден үйренген жоқ, бірте-бірте үйренді. «Штабқа Самат келгелі газеттің суреттері айшықталып, беті нұрланып шығатын болды», дейді қазақ журналистикасының ардагер ақсақалы, фотоөнерінің айтулы шебері, «қорғасын дәуірінің» һәм газет секретариатының бел баласы Нұрманбет аға Қизатұлы шынайы көңілімен. Кәсіби бағаны тек қана бұл кәсіптің қыр-сырына ертеден қанық жандар ғана бере алмақ.

Әлбетте, кешегі «СҚ»-ның болмысын бүгінгі «Egemen Qazaqstan»-мен салыстыруға мүлдем келмес. Басшылық ең алдымен газеттің композициялық-графикалық моделін жүйелі түрде өзгертті, ел газетінің макеті мен беттелуі де байырғы қатып-семген теориялық тенденция талаптарын бұзды, жалпы дизайны әлемдік әріптес басылымдардағыдай жаңашылдық қалыпқа түсті. Күнделікті, дүйсенбіден (КОКП-ның құдіреті күшті кезінде де газет бірінші күні шықпаған!) бастап жұмасына бес рет тарайтын басылымның жаңаша құрылған технологиялық көшінің басында басқарма төрағасының ұйғарымымен жаңадан жасақталған С.Мұса мен оның командасының тұруы да сондықтан. Нұр-Сұлтанда компьютермен беттелетін газеттің түпнұсқасы түн жамылып үлгерместен республиканың түкпір-түкпіріндегі барлық баспаханаларға интернет желісі арқылы жетіп үлгереді. 60-шы жылға дейінгі оқиғадан хабарсыз болғанымызбен, сарғайған газет парақтарын ақтарғанда көп жайтты ішіміз сезеді, ал өзіміз араласқан, өзіміз куә 70-тің соңы мен 80-ші, 90-шы жылдардағы газет өндірісімен салыстырғанда бұл, әрине, фантастика! Бас басылымның бүгінгі шыққан ең биік шыңы!

 «ХК»-дан «ЕҚ»-ға қайта оралған «СҚ»-лық жігіт. Көкбазардың түбіндегі көк шынымен көмкерілген 9 қабатты ғимарат Қазақстан журналистерінің «Алтын ордасы» еді... «СҚ»-данмын!» деу бақыты екінің біріне бұйырмаған сол заманда Самат Мұса «Социалистік Қа­зақстанның» секретариатында қызмет істейтін. Бүгінгі Жібек жолы, Гоголь, Пушкин, Қалдаяқов шаршысында жайласқан редакциялар мен бас­пахана, баспа ғимаратында бар журналистің іс-шаруа бабымен жиі бас қосатыны секілді Саматпен баспахана цехында әрқайсымыз өз газетіміздің «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрген шақта танысқанбыз. Артық сөзі жоқ, біртоға, қыз мінезді, жымиып қана жылұшырап жүретін жас жігітпен ауылымыз да бір бағытта, автобусымыз да бір – 100-іншіге мініп, күнде кешкілік ол «Есентай», мен «Қазақфильм» шағын аудандарына бет аламыз. Жаңағы шаршыда кідіріс таппай жарыққа шығып жататын жүздеген газет-журналда мыңдаған адам еңбек етті. Сол заманда аға буын журналистердің өздерін өкшелеген кейінгі буынға сырттай зер сала жүріп, реті келгенде өзі істейтін редакцияға қызметке тартатын, саудаға түспейтін, сатылмайтын өте бір жақсы адами қасиеті бар-тын. Саматты «СҚ»-дан суырып алудың оңайға түспегені әлі есімде!.. Қызметіне, ұжымына мұндай адал жан болар ма? «Секретариатты қи, репортерлікті көрсеңші, уақыт келді!..», деймін ғой баяғы. «Қазақстан пионері» мен «Лениншіл жасқа» шыққан мақалаларымен, тіпті жыр шумақтарымен таныспын! Тәуелсіздіктің елең-алаңы, қоғам өзгеріп, сана түлеп... газеттер қорғасыннан құтылып, офсеттік басылымға көшкен. Ақпарат атаулы атойлап алғы шепке шықты, кеңестік тәртіпте газеттің соңғы бетінен ғана орын берілетін жедел жаңалықтар мен хабар-ошарлар айды аспанға шығарып... бірінші бетке жайғасты! Сол себепті де маған газеттің күретамыры – секретариаттың ыстық-суығын жанымен сезінетін, ақпарат тасқынына төтеп бере алатын, күнделікті шығып жатқан газеттің кешікпей шығуына тікелей себепші болатын Самат керек еді қалай да! Сенім ақталды. «СҚ»-дан «ХК»-ға сусап келген екен, С.Мұса уақыт оздырмастан ақпарат бөлімінің ақмылтықтай атылған ақберен тілшісіне айналды. Кейін мен саясат бөлімінің редакторылығына ауысқанда Сәкең ақпарат бөлімінің тізгінін өз қолына алды.

Бір күні... иә, екі күн ішінде «Халық кеңесі» жабылып тынды. Журналистік ұйымның 70 қызметкеріне екі күннің ішінде толықтай қызмет табылды. «Егемен Қазақстанның» бас редакторы Нұрлан Оразалин ағамыздың жүрек қалауына жеті журналист түсіппіз. Қуандық!.. Жетеудің ішінде «байырғы отанына» қайта оралған Самат Мұса да бар еді.

Кеңестік журналистиканың ұяңдық мектебі. Алма Мұхамеджанова, Самат Мұса және мен ақпарат жинап, түс ауғанға дейін авторын күтіп бос тұратын бірінші бетті толтырудың қамымен уақытпен санаспай, аттай шаптық. Уақыт тезі солай-тын. Машбюроға кіргенінен шыққаны тез С.Мұса «диктовкаға» келгенде де шашасын шаң қаптырмады. Бөлім бастығымыз – Саматқа «СҚ»-дан, маған «Жетісудан» етене таныс Мамадияр Жақып ағамыз. Шынтуайтында С.Мұсаның нағыз журналистік әбжілдігімен ерекшеленгені осы жылдар. Талғат Мұсабаев кеме командирі ретінде екінші мәрте 207 тәулік 12 сағат 49 минуттық 1998 жылғы (қаңтар – тамыз) ғарыш сапарына аттанғанда оның Байқоңырдан мөлдіретіп дамылсыз жазған репортаждары үш күн бойы жедел түрде күнделікті нөмірге салынып жатты.

90-шы жылдардың аяғы... Ауыр кезең. Жалақыға қол жетпей жатқан сол жылдары Алматы облысының тараған шаруашылықтарынан айлығымыздың орнына коммерциялық бөлім арқылы бір-бір қойдан алғанымызды қалай ұмытайық!? 12 қабатты ғимараттағы «Егеменнің» табалдырығына «КамАЗ»-ды тақап қойып жаппай түсіріліп жатқан арық-тұрық мериностың бірінің қолдан шығып, көшенің арғы бетіндегі көкмайсалы 28 панфиловшылар саябағына қойып кеткені ше?! Оның қызықты хикаясын әріптесіміз – бүгінгінің дүлдүл спорт репортері Ғалым Сүлеймен әдемілеп айтқанда, күлкіден жарыламыз, бәрі-бәрі айна-қатесіз көз алдымызға елестей келіп, еске түседі. Иә, сол айтқан, қалтаның тысы ішіне қабысқан өте-мөте жүдеу жүрген кезіміз... Мақала мен мақаланың арасында Самат екеуміз бірінші қабаттағы кірер ауыздағы кафеден екі тал печенье мен арзандау бір-бір стақан какао ішуге түсе қалдық. Лифтіден шықсақ, дәлізде депутат Заманбек Нұрқаділов ағамыз тұр. Парламенттің мәжіліс залынан таныстығымыз бар. Дереу қол беріп сәлемдестік. Сөзді Зәкең өзі бастады: «Мынау «Казправдаға» бір мақала әкеліп едім, қасиетсіз бас редактор Срыбных қисайып алыпты, басқысы келмейді». Жариялылық атаулыға барлық есік-терезенің айқара ашылған заманы. «Ой, аға... біздің «Егеменге» берсеңізші!» «Көңілдеріңе келмесін, Шерхан кеткен соң газеттеріңнің азу тісі түсіп қалды». Қарсылық білдіруге бейіл едік, Зәкең сөзімізді бөлді. «Жүріңдер, мынау мақтап жүрген Камал кафе-барларыңа кіріп көрейік, сендерге кофе алып берейін... Ішетін-жейтін не бар өзі?!» (Ішкі ойымыз: «Ой, аға, бәрі бар ғой, бәрі бар, бірақ...»). Самат екеуміздің дауыстарымыз бір жерден шықты. «Жо-оқ, аға, тойып тұрмыз. Рахмет...».

Үш рет қайталап жасаған ұсынысы өтпеген ағамыз, кенет бұрылып, қолын қайта созып тұрып: «Соңғы рет айтамын, жүріңдер... Ой, Алла-ай...», деді. Мысы басым депутатпен «қуана» қоштастық. Ол сыртқы кең де биік баспалдақтан ширақ басып түсіп бара жатты. Біз, кеңес журналистерінің ұяңдық мектебінің озат шәкірттері – Самат екеуміз бір-бірімізге жалт қарап қалдық. Құр қарағанымыз жоқ, қалтамыздағы соңғы «соқыр тиынды» біріне бірін соққылап, «шықылдатып» қойдық...

«Ауылдың аты – атама, көшенің аты көкеме!». С.Мұса редакция Астанаға атбасын тіреген тұста құрылысы күн санап қарқындап өсіп жатқан елорда халқының ең алдымен рухани мұқтажын жоқтады. Жүрегімен езіліп, оқырманын елітіп мақалалар жариялады. Дәл бүгін сабасына түсіп, мәдениеттің елордасына айналған қала халқы үшін ол бір өткінші тарихтай болып көрінуі мүмкін-ау! Бірақ сол жылдары Самат Мұсаның газеттің бірнеше нөміріне бірінен соң бірін сабақтастырып жарияланған «Астананы қайтсек қазақыландырамыз?» атты көкейкесті көлемді сериялы мақалалары қоғамдық пікірге от берді! Тынымсыз, талмай еңбектенді, жаңа заман, жаңа дәуірдің жаршысы атанды. Қатысымдық ақыл-ой жүйесі лауазымды қызмет адамдарымен байланыста ширайды емес пе? Кешегі ұяң бозбала-жігіт коммуникативтік құзыреттілік тәлімін бойына сіңірген салмақты да салиқалы азаматқа айналды. Оның ықпалды ұл-қыздары мен ақшалы ағайын-туыстарының күш салуымен таныс, бейтаныс жақындарына көше, ауыл аттарын алып беруге ұмтылушылық әрекеттері жиілегенін «Егемен» арқылы сын тезіне алғаны да есімде. Сүйсінтіп жазды, сүйсініп оқып жүрдік. Айтқандайын, суреттері облыстық газеттердің 1-ші беттерінен түспейтін әкіреңдеген әкімдерді сынаған «Әкімдер өздерін ханнан кем санамайды» деген мақаласы да кезінде үлкен қоғамдық резонанс тудырды. Журналистер арасында жаныңа жақын әріптестің шығармашылық тынысын қалт жібермей бақылып, «газет жақсы шыққан күні» оның тәуір мақаласына шынайы сезіммен ықылас білдіретін әдебіміз бар. Дереу хабарласып, қолдап, бір-бірімізді қолпаштап қояр едік. Жоғарыдағы әлеуметтік рухани уыты зор мақалалар Самат еңбектерінің бірегейлері ғана. Ал Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен, өзге де жоғары билік өкілдерімен шетелдік іссапарларға шыққандағы, сондай-ақ Үндістан, Мысыр, Бельгия, Түркия мемлекеттерінен жазған жолсапар-эсселерін оқып көріңізші!.. Оқырманға көзайым болар тәп-тәуір бір жинақ әуелден дап-дайын тұр. Бейнебір журналистика ілімінің «қара жұмысындағы» оның сан жылдар шүмектеп төккен маңдай терінің көркемдік галереясындағы көріністер дерсің!

Елбасымен бірге кіші қажылыққа барғанын ерекше мәртебе санайды... Ал қырық жылға жуық уақытта журналистік сапармен ұзын-саны 25 шет- елді аралапты. Ең жақын стратегиялық серіктес елдің астанасы – бір Мәскеудің өзіне тоғыз мәрте жолы түскен! Бас басылымдағы оның өлшеусіз еңбек, қалтқысыз қызмет жолының хронометражы осылай жалғасып кете береді.

Бүгін газет жақсы шығыпты!.. Таңертеңгі жаңа нөмірмен танысқан редакциядағы әріп­тестер арасында «Бүгін газет жақсы шығыпты...» деп қоятын жылы лебізбен айтылатын жақсы бір дәстүр бар. Сол күнгі нөмірге көптен күткен мақаласы салынып, марқайып тұрған тілшінің көңіл толқынысы өз алдына! Осы арада айта кетер бір жайт, газеттің бетін ашып қалғанда бірден көзге түсетін мақаланың, суреттің, кейде коллаждың менмұндалап тұратыны – бәрі-бәрі секретариат шеберлерінің, оның тікелей жетекшісінің қолтаңбасы екенін оқырманның да білгені ләзім. Қызметі тынышсыз газет секретариатының жұмысы бұрынғы «қорғасын дәуірінде» де, қазіргі ақпараттық технологияның дамыған заманында да ешқашан жеңіл болған емес. Секретариатқа ежелден «бас штаб» деп айдар тағылуының сыры да, міне, осында жатыр.

«Көпшілік бұған көп мамандықтың бірі деп қарайды. Мен өзім журналистердің, әсіресе газет журналистерінің еңбегін ерекше бағалайтын жанмын». Атақты жазушы Герағаның – Герольд Бельгердің осынау ұстанымы Самат Мұса сияқты әріптестеріміздің ерен еңбегіне арналып айтылғандай. Және де «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағы,  «Құрмет» ордені мен мерейтойлық медальдар, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі мен Ақмола облысындағы Біржан сал ауданының құрметті азаматы сияқты марапаттар төл кәсібіне адал, ұзақ жыл тек қана газет ісі үшін бойдағы барлық энергетикалық күш-қуатын сарқа жұмсаған бірегей журналист – Сәкеңе берілген әділ баға деп білеміз.

 

АЛМАТЫ