Медицина • 03 Шілде, 2020

Жамбыл облысында дәрі және дәрігерлер жетіспеушілігі бар

429 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл күнде жамбылдық жұртшылық жедел жәрдем мен медициналық мекемелердің жұмысының нашарлығына жиі шағымданатын болды. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарды ауруханалардағы төсек-орындар мен дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі де алаңдатып отыр. Осы орайда, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі бас дәрігерлермен, дәріхана желілерінің өкілдерімен және дистрибьюторлармен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz

Жамбыл облысында дәрі және дәрігерлер жетіспеушілігі бар

Расында да аталған мәселе облыс үшін бүгінгі таңда күрделі болып тұр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов провизорлық стационардағы төсек қорының толтырылуы шамамен 50 пайызды құрайтынын атап өтті. «Дәрігерлер аз болғандықтан, науқастарды қабылдауға уақыттары жетпеуде», дейді ол. Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев адамдар ауруханаға келіп, қабылдау бөлімінде бірнеше сағат кезек күтіп отыратынын, науқастарға қолайлы жағдай жасаудың орнына ауруханалар одан сайын нашарлататынын айтты. Сондықтан да қабылдау бөліміндегі дәрігерлер санын көбейтуді тапсырды.

Жалпы, тұрғындар ауруханаға жатқызылған соң да тиісінше ем ала алмайтынына, дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігіне шағымдануда. Бұл ретте «СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілдігінің басшысы Айжан Тортаева пневмониямен ауыратын науқастардың көбеюіне байланысты жуырда 25,3 миллион теңгеге шұғыл дәрі-дәрмектер жеткізілгенін атап өтті. Ол өз сөзінде медициналық ұйымдардың өтініші бойынша дәрі-дәрмектерді жеткізу жұмыстарының жалғаса беретінін айтты. Сондай-ақ, тұрғындар дәрігерлерден туыстары туралы ақпарат ала алмайтынын жиі айтады. Тіпті мұндай шағым өңірдегі провизорлық стационар болып жабдықталған облыстық көпсалалы балалар ауруханасы дәрігерлерінің де үстінен түскен. Аталған аурухананың бас дәрігері Азат Сәтжанов кемшіліктер бойынша жұмыстар атқарылғанын жеткізді. Бүгінгі таңда ауруханада жедел орталық жұмыс істейді. «Бас дәрігерлер кабинетте тығылып отырмай, шығып, адамдарға қазіргі жағдайды түсіндіруі керек. Сонымен қатар, қиын жағдайлардағы азаматтардың денсаулығын сақтау үшін шұғыл нақты шаралар қабылдауы тиіс», деді Бердібек Сапарбаев. Тұрғындар үшін тағы бір өзекті мәселе – жедел жәрдемді күту уақытының бірнеше сағатқа созылатындығы. Бұл мәселе де айтылды. Ал, облыстық медициналық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ұлпан Пыхыбаева диспетчерлік қызмет жүктемесінің екі есеге артқанын жеткізді. «Науқас жедел жәрдем қызметін бірнеше сағат күтетін болса, онда кедергісіз медициналық көмек туралы айтудың өзі артық шығар. Жедел жәрдем бригадаларының санын көбейту және олардың жұмысын жүйелеу қажет», деді Бердібек Сапарбаев.

Бүгінде жедел жәрдем станциясында call орталық және кеңес беру орталығы жұмыс істейді. Дәрігерлердің көмегінсіз тұрғындар өз бетімен емделе алмайды. Қазіргі кезде дәріханаларда вирусқа қарсы және қызу түсіретін дәрілердің жетіспеушілігі байқалады. Бұл ретте дәріханалар желісінің өкілдері мұндай жағдайды тұрғындардың өздері қалыптастырып отырғанын айтты. Олар дәрі-дәрмектерді сау адамдардың сатып алып жатқанын жеткізді. Бұл ретте Бердібек Сапарбаев облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей отырғанын, сондай-ақ дәріхана желілерінің өкілдеріне бағаны шекті бағадан жоғары көтеруге болмайтынын тапсырды. 

Жамбыл облысы