Қазақстан • 04 Шілде, 2020

Елорда – ұлт тарихындағы айтулы жетістігіміз

108 рет көрсетілді

Елбасы Н.Назарбаев ел астанасын Алматыдан Ақмола қаласына көшіру туралы тағдыршешті бастамасын осыдан 26 жыл бұрын жария еткен болатын. Ол кезде бұл қисыны қиын, тіпті мүмкін еместей көрінген, іске асыру үшін сарқылмас ерік-жігер қажет іс етін.

Алайда, арада нәбәрі он жыл өткенде қазақтың кең даласының нақ төрінде тәуелсіз ұлттың аспан тектес алтын күмбезі жарқырап тұрды. Ғасыр идеясын іске асыруға тұтас ел жұдырықтай жұмылды. Халық еңбегінің нәтижесі бүгін көз алдымызда. Елордасы – Нұр-Сұлтан қаласы бүгін Тәуелсіз Қазақстаның маңдайалды жетістігі деп мойындалып, халықтың мақтанышына айналды.

Жаңа елорда салу идеясы – еуразия даласында тағдыр кешкен ұлы мемлекеттердің мұрагері Тәуелсіз Қазақстанның асқақ мұраттарын жалпақ әлемге паш ету мақсатынан туындаған көреген бастама екенін уақыттың өзі дәлелдеді. Бұл бабалар аңсап өткен, жұртпен терезесі тең ұлт құру жолындағы батыл қадам болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы қызметіне кірісу сәтінде Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет үшін сіңірген еңбегін атап өтіп мемлекет астанасына Тұңғыш Президент есімін беруді ұсынды. Осы арқылы мемлекет басшысы қазақ даласында тарихи қалыптасқан саяси сабақтастық мәдениетін тағы бір шегелеп берді. Халқымыздың бойына сіңген тарихқа құрметпен қараудың айрықша үлгісін көрсетті.

Жалпы ықылым заманнан бері өркениеттің қозғаушы күші болып, оның әр дәуірде жаңа серпінмен өркендеуіне ықпал еткен орталықтар – қалалар еді. Адамзат тарихындағы озық ойлар мен тіршілік етудің соны үлгілері дәл осы қалалық құрылымдарда өмірге келіп, дамыды. Бұл үрдіс сонау ежелгі Месопатамиде пайда болған алғашқы қалалық қоныстардан басталып, бүгінгі урбарнизация дәуіріндегі мегополистерге дейін жалғасып келеді.

Ұлы астаналар алып өркениеттердің алтын бесігіне айналып, адамзат тарихының жарқын образдарын қалыптастырды. Бұған ежелгі Рим, Спарта, Александрия, Афина қалаларының тарихы айқын дәлел. Құрлықтың қақ ортасында тұрса да, орта ғасырда пайда болған Флоренция әлемдік өркениетке қомақты үлес қосты. Ренессанс дәуірінің қайнар бұлағы болған бұл қала әлемге Леонардо да Винчи, Микеланджело, Донателло, Николо Макиавели, Данте, Галилей т.б. сынды ақыл-ойдың алыптарын берді.

Мұндай мысал өз тарихымызда да жетерлік. Күллі түркі жұртының рух қазаны болған Яссы қаласы Қожа Ахмет Ясауи бастаған ғұламалардың қалыптасуына ықпал етті. Ясауи ілімі оның шәкірттері арқылы алыс жақын түркі жұртына таралып, ұлан-ғайыр аумақты қамтыған Түркістан жұртының рухани діңгегі болды. Кейінірек Яссы қаласы да Түркістан атауын алды. Қала 200 жылдан аса Қазақ хандығының астанасы болды. Сол Яссыдан бастау алған діни-философиялық ілім қазақ сахарасына кең тарап, осы даладағы дүниетанымның дамуына өлшеусіз ықпал етті.

Кеңестік кезеңде және Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ елінің астанасы болған Алматы – ұлт рухын тоталитаризмнің қанқұйлы зұлматынан аман алып шыққан ұлы қала. Сталиндік қуғын-сүргіннен тірі қалған ұлт зиялылары Алматыда бас қосып үзіліп бара жатқан рухымызды сөндірмеуге күш салды. Еліміздің шартарапынан жиналған талапты жастар қатарынан ғылым мен мәдениетте, әдебиетте, өнерде өзге елдер көшінен кеш қалмаған қазақ интеллигенциясы Алматыда қалыптасты. Ұлт серпіліп, рухананият жаңа белеске көтерілді.

Осылайша қай заманда да қалалар, ордалар бүкіл қоғамның интелектуалдық әлеуетін бір арнаға шоғырландырып, ұлт рухын сақтаушы, жаңғыртушы болды. Жасапмаз ұлттардың жарқын болмысы дәл осы қалалар қазанында қайнап, сомдалды. 

 Ал, жаңа елорда құру қашанда тұтас ұлт рухын жаңартуға жол ашатын түбегейлі қадам деп танылды. Мұндай қадамды іске асыру тарихта кемел ұлт құруға талпынған талай ұрпақ үшін арман болғаны белгілі.

Десекте, бұл оңай іс емес екені белгілі. Мемлекет құруды жаңа елорда салудан бастаған жағдайлар көп емес. Бұл халықтың қолдауын, ерекше қажыр-қайраттын қажет ететін тарихи миссия. Мұндай миссияны іске асыру тарихта кез-келген ел билеушінің тағдырына бұйыра бермеген. Солардың бірі және бірегейі Түркия Республикасының тұңғыш президенті, қазіргі түрік мемлекетінің негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрік болды. 1923 жылы Түркия тәуелсіздігін алған сәттен Ататүрік Анкараны ел астанасы деп жариялады. Бұрынғысы Осман империясының астанасы Ыстанбұл еді. Бұл шешім Ататүрікке жаңа түрік ұлтын құруға жол ашқан оның кемеңгер реформаларының бірі деп бағаланады.

Мұндай асқақ мұратты кешегі алаш арыстары да аңсап өтті. Кезінде алаш көсемі Әлейхан Бөкейхановтың «Қазақ халқының болашағы үлкен. Уақыт өзгереді. Жаңа заман келеді. Сол кезде Қараөткелді астана етеміз, университет ашамыз» деп жазғаны бар.

Осы арман Қазақстан тәуелсіздігін алған кезеңде респубиканың Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көкірегінде қайта оянды. Н.Назарбаев ұлы дала төсінде, келешегі кемел жаңа мемлекет құру үшін осындай батыл да өршіл қадамға бару қажеттігін тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап терең ұқты. 

Бұл туралы Елбасы: «Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе  - 1992 жылы туған еді, бірақ мен ол кезде мұны аузымнан шығармадым, өйткені Қазақстанның экономикасы ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бермеді», - деп толғанған еді.

Әрине, ұзақ жылдар бойы елдің саяси-әкімшілік, мәдени, ғылыми, өнер ордасына айналған Алматыдан орталықты көшіру көпшіліктің қолдауына бірден ие болған жоқ. Жаңадан тәуелсіздік алған жас мемлекеттің мұндай қадам жасауы керек пе? деген сауал әркімнің көкейінде болғаны анық. Осындай ойын ашық айтып бұл бастамаға қарсы шыққандар аз болмады. Қызу пікірталастар соңында 1994 жылы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңес Президент Н.Назарбаевтың ұсынысын қолдап дауыс берді.

Елбасы астананы көшіру қажеттігінің геосаяси, экономикалық және экологиялық себептерін дәлелдеді. Жүргізілген талдау барлық нұсқалардың ішінде Ақмола қаласының осы талаптарға сай екендігін көрсеткенін айтты. 

Бұл депутаттар алдындағы ресми баяндамада айтылған дәлелдер еді. Ал, жаңа астана салудың түпкі астары ғасырлар бойы бабалар аңсап өткен азаттыққа қол жеткен сәтте баянды мемлекеттілік тарихын жаңа парақтан бастау еді. Бұл үшін тағдырдың талайын бастан кешкен халыққа күмбездей жарқын бейнесімен жол көрсететін жаңа орда керек еді. Жаны жаншылған ұлттың еңсесін көтеретін, келешек ұрпаққа рухани діңгек болатын қуат күш – жаңа елорда тұрғызу еді.

Бұл туралы Елбасы Н.Назарбев елорданың 10 жылдығына арналған жиында «Тәуелсіздіктің негізгі мәні - тарихтың жаңа бетін өз еркіңмен, өз шешіміңмен бастауда болса керек. Тәуелсіздік бізге жаңа жолымызды, өзіміздің соны соқпағымызды табуға зор мүмкіндік ұсынды. Сол жаңа жолымызды біз Астана арқылы таптық. Қазіргі кезде Астана біздің келешегімізге қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын мемлекетіміздің саяси орталығы ғана емес, ұлттық рухымызды ұйытып отырған рухани ордамызға да айналып отыр», деп атап көрсеткен еді.

Ақиқатын айтар болсақ, жаңа елорда біздің халқымыздың бойына азаттық сезімін, ертеңге деген сенім, асқақ арман және көзге көріне бермейтін қуатты рухани серпіліс сыйлады.   

Біріншіден, елорда – ұлт тарихындағы жасампаздықтың куәсіне айналған қала. Қазақстанның жаңа астанасының құрылысы бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ХХ ғасырдың соңындағы ең ауқымды жоба ретінде тарихқа енді, ал Қазақстан - екі ғасыр тоғысында жаңа астана салған жалғыз ел.

Аз уақыт ішінде елорда - Қазақстанның әкімшілік-саяси орталығы ретінде қалыптасты. Елорда еліміздің тәуелсіздік жылдары ішіндегі әлеуметтік-экономикалық және саяси жетістіктерінің куәсі болды. Елорда жетістіктері өңірлердің серпінді дамуына, олардың ілгері басуына үлгі болды.

Екіншіден, елорда - ұлттың жаңа болмысын сомдаған – прогрессивті қала. Нұр-Сұлтан қаласының қарқынды дамуы бүкіл Қазақстанды түбегейлі өзгертті, оны экономикалық қуатты және саяси тұрақты мемлекетке, жауапты да беделді халықаралық серіктеске айналдырды. Қазақстан астанасы - әлемдік әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамудың өзекті мәселелері бойынша халықаралық диалог алаңы ретінде кеңінен танылды.

Бүгінде қалада әлемдік деңгейдегі бірегей мәдениет ошақтары бой көтерді, соның ішінде: «Астана-Опера» мемлекеттік опера және балет театры, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Тәуелсіздік Сарайы, Бейбітшілік және Келісім сарайы, «Қазақстан» орталық концерт залы, «Нұрәлем» болашақ энергиясының музейі бар. Жоғары деңгейдегі университеттер, зияткерлік мектептер жүйесі құрылды. Халықаралық танылған зерттеушілік Назарбаев Университеті табысты жұмыс істеуде.

Үшіншіден, елорда - арманшыл жас ұрпаққа жол ашқан қала. Осы жылдар ішінде еліміздің шартарапынан арман қуған жастар астанаға ағылды. Деректерге көз салсақ, ел ордасы Арқа төсіне көшіп келген жылдары қала тұрғындарының саны 290 мыңдай болған. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы халқының саны 4 есеге өсіп, 1,15 миллион адамды құрады. Бұлардың басым бөлігі жастар. Бүгінде елорда тұрғындарының  62 процентінің жасы 35-ке дейінгі адамдар. Бұл елорда жастар қаласы екенін көрсетеді. Жүз мыңдаған талантты жастар елордаға табан тіреп, орнықты. Олар бүгінде ел дамуына тікелей атсалысып келеді. Осы топ келешекте бой көрсетіп, ұлттың өсіп-өркендеуіне тірек болары даусыз.

Төртіншіден, елеорда - бейбітшілік пен теңдік идеясын барша әлемге паш еткен қала. Елорда өзін халықаралық деңгейде Бейбітшілік және келісім қаласы ретінде танытты. Қазақстанның астанасында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, Ислам ынтымақтастығы ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенімділік шаралары жөніндегі кеңестің маңызды іс-шаралары өтті. Онда қабылданған шешімдер халықаралық деңгейдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке ықпал етіп келеді.

Бесіншіден, елорда - Н.Назарбаевтың мемлекетшіл тұлғасының көрінісі, оның ұлтқа қызметінің айшықты үлгісі. Елорда құрылысы – Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихы мен жаңа астана салу идеясын ұсынып, іске асырған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қызметімен тығыз байланысты. Ол қазақ мемлекетін қалыптастыруға, оның елордасын орнатуға бар күш-жігерін салып еңбек етіп келеді. Оның халықты ұлы мақсаттарға жұмылдыру қабылеті мен қиын сәттерден мойымай, жеңіспен өте білетін қасиеті, сарқылмас ерік жігері тұтас ұлтты жеңістерге жетеледі.

Бүгінде ұлт мақтанышы елорда – бұл төл тарихымыздың жаңа беттерінің бастауы, айтулы жетістігіміз. Бұл ұлттың түбегейлі жаңаруының алғышарты, тәуелсіз қазақ мемлекеттілігінің темірқазығы. Келешек ұрпақ үшін зор мүмкіндік.

 

Оспан Еділ,

Nur Otan партиясы Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары, заң ғылымдарының кандидаты

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар