Өткен ғасырдың 90-жылдары күйреген КСРО-ның орнына жас тәуелсіз мемлекеттер пайда болды, оларға басшылық еткендер қатарында көпке танымал Н.Назарбаев, Б.Ельцин мен Ә.Елшібей және ешкімге белгісіз президенттер болды. Солардың арасында Назарбаевпен тең келері болмағаны – шындық. Қазақстан халқының игілігі үшін атқарған ерен еңбегі оны әлемдік ауқымдағы тарихи тұлғаға айналдырды. Америка дипломатиясының атасы Г.Киссинджер «Ұлы көшбасшылар дара туады. Олардың басты ерекшелігі – әлі ешкім байқамаған сын-қатерлерді танып білуінде» деген екен.
Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегенділігі мен стратегиялық ойлау қабілетіне бірнеше мысал келтіре кетейін. 90-жылдары посткеңестік кеңістікті жаулап алған адуынды либерализм жаңадан құрылған мемлекеттерге қатер төндірді. Осы алмағайып сәтте ТМД елдері президенттерінің арасынан Н.Назарбаев бұл ырыққа көнуі қиын «демократияландырудың» қауіпті жағын бірінші болып аңғарды. Горбачевтік қайта құрумен бірге кеңестік шындыққа айналған демократия цунами секілді буырқанып енді. Сол кездегі парламентшілерде белең алған «митингілік демократия» барлық ел үкіметтеріне басқару тұтқаларын сақтауға кедергі келтірді. Парламент алдында жауап беретін, түрлі депутаттық топтар тарапынан қысым көрген ел үкіметтері тығырыққа тірелді: демократиялық озық идеалдар туралы ойлайтын шама болған жоқ.
Бұл жағдайда басты сұраққа жауап беру керек болды. Басталып кеткен қайта құру кезеңінде экономикалық, әлеуметтік мәселелерге басымдық берген дұрыс па, әлде саяси ырықтандыру мен демократияландыру маңызды ма? Осы сұраққа жауап беру барысында ТМД елдері көшбасшыларының реформа жүргізу тәсілі түрленді. Әкімшілік ресурстардың көмегімен экономиканы саясаттан жоғары қоятын не болмаса керісінше жасайтын мемлекеттік билік құруды көздеді.
Нұрсұлтан Назарбаев атқарушы биліктің айналасында шоғырланған күшті мемлекеттік билік құруды таңдады. Алайда сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевты түсінбеген замандастары да болды.
Транзиттік елдерде демократияландыру тек қуатты, қалыптасқан мемлекеттерде болуы мүмкін екенін тарих көрсетті. Сондай-ақ экономикалық реформалардың сапасы мен қарқыны саяси жүйенің демократиялығы мен ырықтылығын айқындайтынына да көз жеткіздік.
Н.Назарбаев қабылдаған шешімнің тарихи дұрыстығы, әсіресе бүгін анық байқалады. Әлемде кеше ғана ХХІ ғасырдың басты жетістігі деп саналған тектоникалық деглобализация жүріп жатыр. Ұлттық мемлекеттер бірінші орынға шықты. Әр елдің не халықтың тағдыры жаһандық институттардың емес, өз қолында екенін көріп отырмыз.
Назарбаевтың 30 жыл бұрынғы мемлекеттік аралас саяси жүйе қалыптастыру туралы шешімі ұтымды болды. Себебі бүгін дүние жүзінде либералды демократиядан бас тартып, авторитаризмге бет бұрғандар көбеюде. Франция президенті Э.Макрон да «демократияның сәннен шыққанын» мәлімдеді. Назарбаев осыдан 30 жыл бұрын түсінген қағида Батыс көшбасшыларына енді жетіп жатқанға ұқсайды. Шынымен де, авторитарлы және либералды мемлекеттік басқаруды салыстырып қарасақ, көп ұқсастықты байқауға болады.
Билікті бөлу секілді ерекшеліктер авторитарлық режімде жиі кездеседі және күрделірек заманауи президенттік-парламенттік жүйелердің атрибуттары болып есептеледі.
Жалпыға бірдей және тең сайлау өткізу арқылы биліктің заңдастырылуы – екі режімге де тән.
Осы тұста қатарынан төрт мерзімге сайланған АҚШ президенті Франклин Рузвельтті еске алсақ. Ол басшылық еткен уақытта АҚШ-та демократияның болғанын Батыста ешкім жоққа шығармайды.
Ал Ұлыбритания немесе Италияның премьер-министрі, Германияның канцлері болып ешқандай шектеусіз ұзақ уақыт қызмет ете беруге болады. Одан бөлек бұл елдердің билеушілеріне берілген құзыреттілік те жоғары. Оның үстіне Ұлыбританияда Парламент депутаты, парламенттік көпшіліктің көшбасшысы және патшайымның премьер-министрі бола отырып, премьер заң шығарушы және атқарушы биліктің айрықша құзыретін өз лауазымында қатар атқарады.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан немесе Әзербайжан президенттерінің билігі демократиялығы мен заңдылығы жағынан АҚШ президенттерінің, Ұлыбритания премьер-министрінің немесе Германия үкімет басшысының билігінен асып түседі.
Ел дамуындағы көптеген өмірлік маңызы бар көрсеткіштерде авторитаризмнің оң әсерін байқауға болады. Белгілі орыс саясаткері Радзиховский осыған байланысты бірнеше мысал келтіріпті. Бұрынғы КСРО-ға мүше болған «демократиялық» елдердің (Балтық Жағалауы + Украина + Молдова + Грузия + Армения + Қырғызстан) халық саны 1989-2018 жылдар аралығында 72-ден 60 миллионға дейін азайған. Ал керісінше «авторитарлық» елдердің (Орталық Азия, Қырғызстанды қоспағанда + Қазақстан + Әзербайжан + Беларусь) халық саны 66-дан 84 миллионға көбейген.
Ішкі жалпы өнім көрсеткіштерін қарастырып көрсек. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес, 1990 жылдан бастап 2017 жылға дейін жоғарыдағы екі топта 2011 жылдың долларымен ІЖӨ «авторитарлық» елдер тобында 386 млрд-тан 3 еседей өссе, «демократиялық» елдер тобында бұл көрсеткіш 690 млрд-тан 610 млрд-қа дейін азайған.
Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жасампаз үдерістегі рөлін атап өтпеуге болмас. Егемендіктің алғашқы жылдарынан бастап оның бойынан нағыз көшбасшыға тән қасиеттер байқалды. Сол кездегі жағдайды жедел әрі нақты бағалай келе, Н.Назарбаев халық алдына жан-жақты ойластырылған, перспективалы әрі нақты қол жеткізуге болатын мақсаттар қоя білді. Өзінің сарабдал саясатымен, сенімді іс-әрекетімен ол отандастарына белгіленген межеге қол жеткізуге деген сенім ұялатты.
Республика білікті басшысының арқасында саяси тұрақсыздық пен әлемдік экономикалық дағдарыстар кезіндегі қауіп-қатерден аман өтті. Нәтижесінде, егемендік алған екі онжылдықтан кейін Қазақстан өркениетті елдердің қатарына қуатты, қарқынды дамып келе жатқан мемлекет, халықаралық қоғамдастықтың құрметті мүшесі ретінде енді.
Ел астанасын солтүстікке – Ақмолаға көшіру туралы сол кезде мүмкін емес секілді көрінген идеясын ұсынып, оны жүзеге асыру үшін Назарбаевқа қандай батылдық қажет болды? Қоғамдағы, интеллигенция арасындағы күмәнді пікірлер мен оппозицияның наразылығына төтеп беруге тура келді. «Бұл шешімнің не керегі бар?» деген сұрақтар жан-жақтан қойылып жатты. Бірнеше миллион халықты жұмылдыру үшін қандай ұйымдастырушылық, саяси және идеологиялық жұмысты жүзеге асыру керек екенін елестетіп көріңізші. Іс жүзінде ен далада жаңа қала тұрғызу мақсатын орындау үшін қаншама нәрсеге мән беру керек болды, оның ішінде әлемдік қаржы-несие жүйесінің ерекшеліктерінен бастап технологиялық ресурстарға қол жеткізу мәселесіне дейін бар.
Н.Назарбаев өзі «Егер гранттар мен қайтарымсыз инвестициялар есебінен салынған нысандарды айтсақ, тізім ұзақ болар еді» деп жазды. Мәселен, Президент резиденциясы «Ақорда» Әбу-Даби Даму қорының гранты арқылы бой көтерген, бұл миллион долларға жуық қаражат. Парламент Сенатының ғимараты Сауд Арабиясы бөлген 12 миллион доллар грантқа соғылған. Стадион құрылысын «Испат Кармет» қаржыландырады. Оған 38 миллион доллар кеткен. «Нұр-Астана» мешіті Қатар мемлекетінің гранты есебінен тұрғызылған. Жалпы, әңгіме елордадағы тұтас шағын ауданға инвестиция тарту туралы болып отыр. Келісілген уақыттан бастап қарқынды құрылыс басталып кеткен.
Жаңа астана құрылысы ішкі және сыртқы инвестиция саласына тиімді болғандықтан, бір қаланың ғана емес жалпы ел экономикасының дамуына тың серпін берді. Қыруар қаржысын қайда құярын білмей отырған әлемдегі қалталы инвесторлар үшін білдей бір мемлекеттің жаңа орталығының құрылысы тамаша мүмкіндік болып көрінді. Сондықтан да елордада заманауи биік қонақүйлер, кеңселер, банктер мен тұрғын үй салу үшін инвесторлар арасында әрбір метр жер үшін бәсеке жоғары болды деуге болады. Астананың қарқынды құрылысы барша Қазақстанның экономикасын көтергенін сол жерде қызмет етіп жүрген кезде өз көзіммен көрдім. Себебі ел экономикасы құрылыс саласымен және қала инфрақұрылымының табысты жүзеге асуымен тікелей байланысты болды.
Кең-байтақ Ұлы даланың жүрегінде әлемге жаңа идеялар, тың инновациялар мен батыл жоспарлардың отаны ретінде танылған таңғаларлық Нұр-Сұлтан қаласы бой көтерді. Бүгінде Қазақстан елордасы Еуразияның саяси, экономикалық және мәдени орталығына айналып үлгерді.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастамасымен жүзеге асқан басты жобалардың бірі – түрлі мәдениеттер, халықтар мен конфессиялар арасында диалог орнату болды. Батыс пен Шығыс өркениеттерінің тоғысында орналасқан көпэтносты Қазақстан мәдениетаралық және конфессияаралық ынтымақтастықты ілгерілетуде маңызды рөл атқарып келеді.
Бүгін Нұрсұлтан Әбішұлы 80 жылдық мерейтойын атап өтеді. Біз құрдаспыз, соғыс жылдарының балаларымыз, бізді өткен ғасырдың 40-50 жылдарындағы аштық пен ызғар шынықтырды. Екеуміз бірдей кеңестік білім алдық, партиялық-саяси мансабымыз да қатар жүрді. Ыстықкөл облысының губернаторы болған кезімде ол Президент атанған соң ғана жеке танысып, кездесу мүмкіндігі туды. Ол отбасымен бірнеше күн Шолпан атада демалды. Бірде екеуміз «Қыршын» шатқалына атпен шықтық. Сонда жеке қалып сөйлескенімізде, оның ақыл-ойының тереңдігі мен күш-жігеріне, дүниетанымының кеңдігіне қайран қалдым. Өз халқының тарихы, дәстүрі мен мәдениетін қаншалықты жақсы білетініне таңғалдым. Қарапайымдылығы мен адамгершілігі тәнті етті. Тағдырдың жазуын қарасаңызшы, 2000 жылы Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалдым. Осы қызметтегі 9 жылымды саяси және шығармашылық жұмыс тұрғысынан өмірімнің ең жемісті кезеңі деп есептеймін. Мен әрдайым Назарбаевтың жылы лебізі мен қолдауын сезіндім. Бұл, әрине көптеген екіжақты мемлекетаралық мәселелердің тиімді шешілуіне әсер етпей қоймады. Сол жылдары «Нұрсұлтан Назарбаев. Көшбасшылық заңдары» атты іргелі саяси еңбегімді жазып шықтым. Кейіннен туындының таныстырылымы Лондон мен Варшавада өтті. Сол себепті де менің Нұрекені мерейлі мерекесімен алғашқылардың бірі болып құттықтауыма және деніне саулық, отбасына мол бақыт тілеуіме толық негіз бар.
Жұмағұл СААДАНБЕКОВ,
қоғам қайраткері
Қырғыз Республикасы