Елбасы • 07 Шілде, 2020

Алма ағашы гүлдегенде: Елбасы жайлы бір үзік әңгіме

652 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Движение Вселенной можно вычислить.
Однако человеческую душу исчислить невозможно.
                                                                                         

Исак Ньютон

Алма ағашы гүлдегенде: Елбасы жайлы бір үзік әңгіме

Күрең күз. Шаңқай түс. Нұрсұлтан Алатау баурайындағы алма бағын аралап, ой құшағында жүр. Гүлдеген алма аға­шы­ның тарам-тарам жасыл бұтақтары бұраң бел аурулардай бұратыла майысып, Жер-Ананың бір жемісі – алқызыл алманы әрең көтеріп тұр. Пісуі жеткен алманың бұрқыраған жұпар исі таза ауамен таласа көкіректі шайдай ашады.

«Ғарышта ұрық болмайды, – деп ойлады Нұрсұлтан. – Жер-Ана деп тегін айтылмаған. Оның терең сырын адамзат әлі толық ұғып болған жоқ. Жерден ала білумен бірге оған бере де білу керек! Адамзат ашкөзденіп, табиғи тепе-теңдікті бұзып барады. Кеңес Одағындағы тойымы жоқ әскери өнеркәсіп «мақта, тағы да мақта» деп жүріп Арал теңізін суалтты. Енді соғысқұмар елдер ауыр бомбаларды үздіксіз жарып, Жер-Ананың түбіне жетпесе екен. Үшінші дүниежүзілік соғыс болса, оның беті әрмен, оның тарихын жазатын адам да қалмайды жер бетінде. Адамзат бейбітшілік пен Жер-Ананың қадіріне жетеді, не ақылынан адасып, өзінің түбіне өзі жетеді. Мына төрткүл дүние дөңбекшіген аласапыран уақыт, алмағайып заманда айналайын халқымды анталаған апаттардан аман-сау алып шығудан асқан арман бар ма? «Отанды қалтқысыз сүю – оның суығына шыдап, ыстығына күюді талап етеді.

Менің ғұмырым ел тағдырымен ен­шілес.

Маған сират көпіріндей қылпылдаған кезеңде тәуелсіздік алып, мемлекет құру ісі сеніп тапсырылды. Сондықтан мен сенімге серт беріп, бар жауапкершілікті мойныма алдым. Күрмеуі қиын түрлі тағдырлы шешімдерді жүрегімнен өткізіп қабылдадым.

Мен өмір бойы бар күш-жігерім мен бі­лімім, тәжірибемді аямай, халқыма қалт­қысыз қызмет етіп келемін. Осы жыл­дары мәртебемізді көтеріп, мере­йі­­мізді асырған барша жетістіктеріміз – біз­­дің ортақ табысымыз. Сондықтан бас­­та­машы азаматтар мен тілекші болған бар­­ша қазақстандықтарға ризашылық білдіремін!

Мен үшін қашанда мемлекет мүддесі мен ел игілігі жолында қызмет атқарудан артық бақыт болған емес.

Алдымызда атқарылар қыруар істер бар. Бұл жолда біздің ең басты бай­лы­­ғымыз – берекелі бірлігіміз. Мен ауыз­біршілігі айнымайтын ақжүрек жұр­тым­­ның қуатты ұлтқа, шуақты ұлысқа айна­ларына кәміл сенемін».

Жемісі мол, жеңісі көп тобылғы түстес күрең күзде, шаңқай түстің шағында алма бағын армансыз аралап, таза ауамен тыныстаған Нұрсұлтан ғарыштан жаңа бір күш-қуат құйылғандай сергек сезінді өзін. Енді ол көтеріңкі көңіл күймен Ала­тауды бетке алып жүріп кетті. Сол сәт Нұрсұлтанды қандай ойлар, нендей сезімдер баурап алды екен? Мүмкін тоғыз балдық қуатты толқындарын аспанға атып, алып кемелердің өзін допша домалатқан түпсіз, тұңғиық мұхиттай аласапыран кез, алмағайып заманда өзі жанындай сүйген халқын терроризм, ұлтаралық араздық, қаржы дағдарысы, қарулы қақтығыстар сияқты сан апаттан қалай аман алып шығу жайын ойлаған болар. Бәлкім, еліміздің ертеңі – жастардың бойында ұлттық рух қайтсек күшті болады деп те ойлаған шығар. Мүмкін... Мүмкін, бәрі де мүмкін. Бір-ақ нәрсе мүмкін емес, ол ғасырда бірақ туатын ұлы тұлға Нұрсұлтанның терең де күрделі, шалқып жатқан шалқар мұхиттай тұңғиық, табиғаттың өзіндей тылсым жан дүниесіне бойлау. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев жай құбылыс емес, аса бай жан дүниесінің жұмбақтарын ешкім, ешқашан шеше алмайтын құпия құбылыс!

Бақуатты өмір сүргісі келмейтін ел, бақытты болғысы келмейтін халық жоқ. Осынау алыс жол, асыл мұратқа жету үшін бейбітшілік пен халықтардың бірлігі, ынтымағы ауадай қажет. Ел тізгінін ұста­ған саясаткердің данышпандығының бір өлшемі, бәлкім, ең басты қасиеті – халқы­на оқ-дәрінің исін сездірмей, мұңсыз, қам­­­сыз мамыражай өмір сыйлауында бо­лар. Қоғамға да, жеке адамға да керек нәрселер көп. Өте көп. Сол көп керектің ең маңыздысын бірінші кезекке қоя білген қоғам да, тұлға да ұтады. Нұрсұлтан Назар­баевтың кемел ойлы кемеңгерлерге тән көрегендігінің жарқын бір көрінісі – Тәуелсіздіктің елең-алаңында көп ұлт­ты Қазақстан халқының бірлігі мен ынты­мағын бірінші кезекке қойып, ұлттар мен ұлыстарды ұрыстырмай, бейбіт өмір ор­ната алғандығында.

«Мемлекетті құтқару үшін бір ғана Ұлы Адам жеткілікті», депті Вольтер. Осы тұста «Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан ханым-ай!» деген Бұқар жырау сөзі де ойға ора­лып тұр. Даңқты ақын мен данышпан жыраудың осынау ұлағатты сөздері Нұрсұлтанның ұлылығын айқындайтыны анық. Олай дейтінім, Нұрсұлтан – тәуел­сіздіктің елең-алаңында небір қиын істер­­дің қиюын тауып, күрмеуі қатты аса күр­­делі проблемаларды кемеңгерлікпен шеше білген, жас қазақ мемлекетін қатал уақыттың қатыгез дүлей дауылдары мен нөсер жауындарынан аман-есен алып шыққан Ұлы Адам! Елімізде ұлтаралық келісім мен ынтымақ, бірлік орнатып, ұлы жырау айтқандай: «Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан хан».

Өзгесін айтпағанның өзінде, Нұрсұл­танның осы бір ғана тарихи ерлігі Ұлы Адам, Ұлы Тұлға деуге толық татиды.

Ресей бағаны босатып, ақша рефор­масын жасаған кезде көрші елге тәуел­ді болмағанымыз да Нұрсұлтан Назар­баевтың алдын ала, астыртын ұлттық тең­ге жасатуы арқасында ғана мүмкін болды. Еліміздегі қуаты жағынан әлемдегі төртінші ядролық арсеналды жойып, Семей полигонын жабу көптеген күрмеуі қатты проблемаларды шешумен бірге, соқа жасаған ел, тажалды ауыздықтаған ер атандырып, мемлекет мерейін асырды. Алдағыны анық көріп, алысты қалт жібермей қапысыз болжайтын Елбасы елімізде қордаланып қалған көптеген проблемаларды кезек-кезегімен, тез, ең бастысы, тиімді шеше білді. Оның бә­рін байыпты баяндай берсек, сөз ұзара береді. Ең бастыларын санамаласақ, олар: мемлекеттік шекарамызды заңмен бекіту, дербес қарулы күштерді дер кезінде құру, ескірген заңнамалық базаны жаңарту, криминогендік ахуалды ауыздықтап, ұйым­дасқан қылмыстың өсуін тежеу, Ұлт­тық қор құру...

Біздің еліміз – еңбеккер, ел басқарған еріміз Нұрсұлтан кемеңгер. Елі еңбеккер, ері кемеңгер болса аңыздың өзі ақиқатқа айналады. Бар болғаны он жылда құлпы­найдай құлпырған жаңа астана салып, отыз жылда екі ғасырдың жүгін еркін көтеріп кеткен, әлемдегі ең озық елу ел­­дің қатарына қосылуға ұмтылған Қа­зақ­­стан аңыздың өзін ақиқатқа айнал­дыр­ды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымына төраға болып қана қоймай, Астана Саммитін өткіздік. Ол ол ма?! Елу алты мемлекеттің басшы­ла­рын бір жерге – елордаға жинап, әр­түрлі көзқарастағы, әлемдік деңгейдегі лидер­лердің Астана декларациясына қол қою жеңісіне – ұлы оқиғаға қол жеткіздік.

Н.Ә.Назарбаев феномені осынау та­рихи жеңістермен тығыз байланысты. Көпвекторлы модельді таңдап, сыртқы саясаттағы сан түйінді салқын сабыр­мен шебер тарқатқан Қазақстан, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, АӨСШК сынды бірқатар халықаралық аса беделді ұйымдарға мү­ше болған Қазақстан бүгінде АҚШ, Қытай, Жапония, Ресей, Еуроодақ, Түркия елде­рінің стратегиялық әріптесі. Әлемдік жә­не дәстүрлі діндер көшбасшыларының съез­дерін табысты өткізіп, олардың әр­қи­лы көзқарастағы көшбасшыларын бір үстелдің басында тоғыстырған, Си­рия­­ға қатысты түйіндерді шешуге сеп­тескен Нұр-Сұлтан бүгінде әлемдік проб­лемаларды талқылайтын алаңға айналды.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев фено­менінің тағы бір қыры – жаһандық өткір проблема, өзекті мәселелерді шешуге септесетін өміршең идеяларды бірінен соң бірін үздіксіз ұсынып, ұдайы әлемдік дең­гейдегі саясаткерлерден оқ бойы озық жүретіндігі. Ана бір жыл әлемге ортақ валюта жайлы ұсынысы жаһан ойшыл­дарын жалт қаратты. Дүниежүзілік эко­номикалық форумдарда сөйлеген сөз­дері, айтқан ұсыныстары, экономика сал­а­сындағы біліктілігі Нобель сыйлығы лауреаттарының өзін таңғалдырды.

Әлемнің алпауыт елдерінің өзін есең­гіретіп кеткен дағдарыс атты алапат дауыл­дардан Қазақстанның сыр бермей шығуы да Назарбаев феноменімен тікелей байланысты. Егер Нұрекең өзіне тән көре­генділікпен Ұлттық қор құрмағанда, үлескерлер проблемасын шешпек тұр­мақ жәрдемақы, зейнетақы, жалақы деген­деріңіздің өзі көзден бұл-бұл ұшар еді.

Талантсыз халық жоқ. Халық бойын­дағы талант пен жасампаздықты кемел ойлы кемеңгерлер ғана ашады. Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Ұлт көш­басшысы Н.Ә.Назарбаев жыл сайын ғана емес, ай сайын өсіп, толысқан әлемдегі ең салмақты санаулы саясаткерлердің бірі, бірі ғана емес, бірегейі. Нұрсұлтан тәуелсіздік жылдары тұлғалық тұрғыдан қаншалықты биікке көтерілсе, елін де соншалық биікке көтеріп, халықтың да, жеке азаматтардың да бойындағы талант пен жасампаздықты ашты.

Халық бойындағы талант пен жасам­паздықты кемел ойлы кемеңгерлер ғана аша алады деген ойға өз өмірімнен нақты бір дәлел – тәуелсіздік менің қала­мыма қанат бітірді. Өзгесін айтпағанның өзінде, соңғы 30 жылда тәуелсіздік жайлы жүздеген мақала, «Адаспаңдар, Адамдар», «Жүрегімде жүз сәуле», «Кемеңгерлік құпиясы», «Қас қағым және мәңгілік», «Қынаптан суырылған қылыш» атты бес деректі кітап және тұтас бір ғасырдың көркем шежіресін жасаған төрт кітаптан тұратын «Жиырмасыншы ғасыр» атты роман-эпопея жазып, жарыққа шығардым. Назарбаев дәуірінде өмірге келген әзірге жалғыз эпопея әдебиет сыншылары мен оқырмандар тарапынан өте жоғары баға алды. Көзі қарақты оқырман хабардар осы «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясы үшін маған Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Мұны айтып отырған себебім, осы Мемлекеттік сыйлық үшін мен де, менің әріптестерім де Елба­сына қарыздармыз деп ойлаймын. Ұлт көшбасшысының жүргізіп отырған ке­мел ойлы кемеңгер саясаты әлем мо­йын­даған жемісі мен жеңісі – елде ты­ныш­тық, ұлтаралық келісім болмаса, шығармашылық зор жетістіктерге жетпек тұрмақ, басымызбен қайғы болып кетер едік. Көрші елдерде болған қақтығыстар мен Араб елдерін қамтыған қантөгістер бізге Елбасының дана да сара саясатының жемісі – бейбіт өмір мен басымыздағы бақытты бағалай білуге міндеттейді.

Ерте, ерте күндерден бері ел есінде сақталып келе жатқан «Далалық мегалит» дейтін ұлағатты ұлы ұғым бар. Оның тарихи атауы «Мегалит мәдениеті». Бұл – энеолит және қола дәуіріне жататын бірнеше археологиялық мәдениеттердің жалпы атауы. Н.Ә.Назарбаев феноменін зерделегенде менің ойыма осы «Далалық мегалит» – «Мегалит мәдениеті» оралды. Бұл тегін емес, оның терең сырын даналықты «Далалық мегалиттің» қай­нарынан қанып ішіп, қос алтынның қос­пасы сынды Азия мен Еуропаның, жалпы, бүкіл адамзат өркениетінің інжу-маржандарымен көмкере алған Нұр­сұлтан сынды ғұламаның кемел ойлы кемеңгерлігінде.

Түйіп айтсақ, Нұрсұлтан – Ел бағына туған Ер, кемел ойлы кемеңгер. Тіреусіз Аспан жаратқан құдіреті күшті, аса мейі­рімді Алла тағаланың Алаш жұртына берген ең үлкен бірінші сыйы – Азаттық, екінші сыйы – Тәуелсіздік туын қиын кезде құлатпай ұстап қалған Нұрсұлтан!

Иә, мезгіл алма ағашы гүлдеген жемісі мол, жеңісі көп тобылғы түстес күрең күз, шаңқай түс.

 

Сәбит ДОСАНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

АЛМАТЫ