Қалдықтарға арналған полигон
Биыл құрылыс қалдықтарын орталықтандырылған жинау және қайта өңдеу үшін полигон құрылысы басталады. Бұл туралы елорда әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев хабарлады.
«Қала шетінде қоқыс үшін рұқсат етілмеген орындарға құрылыс компаниялары заңсыз қоқыс төгуде. Қыста қармен бірге құрылыс қоқыстары да шығарылғаны анықталуда. Тіпті, кәсіпорындардан басқа, пәтерлерге жөндеу жүргізген қала тұрғындарының өздері қоқыс шығарды. Рұқсат етілмеген жерлер экологиялық жағдайды нашарлатады. Экологиялық полиция осындай заңсыз әрекеттер үшін тәртіп бұзушыларға айыппұл салады. Тазалық мәдениетін қалыптастыру қажет», деді қала әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев.
Әкімдік полигон жобасын әзірледі. Қазір орны анықталуда. Бұған дейін елорда әкімі Алтай Көлгінов экологиялық полиция мен аудан әкімдеріне ескерту жасап, заңсыз қоқыс шығаруға жол бермеуді және құрылыс қалдықтарын шығару орнын анықтауды тапсырған болатын.
150 аула абаттандырылады
Нұр-Сұлтанның барлық ауданында аула мен үй аумақтарында абаттандыру жүріп жатыр. Биыл 150-ге жуық аула абаттандырылады. Оның кейбірі 10 жылдан астам уақыт бойы абаттандырылмаған. Солардың ішінде «Жастар» шағын ауданындағы барлық аула абаттандырылады. Бұл жерде барлығы 16 аула бар. Ауданда 50-ден астам тұрғын үйде 14 мыңға жуық адам тұрады. Нөсер кезінде «Жастар» шағын ауданының ішкі ауласына су ақпау үшін жауын-шашын кәріздерін төсеу қолға алынған. «Біз осы аудандарда тұратын тұрғындар үшін аула іші аумақтары мен ойын алаңдарын жасаймыз. Аулаларды абаттандыруда тұрғындардың пікірін ескеру қажет. Бұл үшін биыл барлық аудан бойынша «Қатысу бюджеті» бағдарламасы іске қосылды. Қай ауланы абаттандыру керек екенін және ойын алаңында нені көргісі келетінін тұрғындардың өзі шешеді. Ең алдымен жұмыс тиісті деңгейде орындалуы керек, біз сапасы төмен жұмысты қабылдамаймыз. Сондай-ақ аудандарды көгалдандыруға ерекше назар аудару қажет. Биыл қалада 30 мыңға жуық ағаш отырғызылады», деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі. Айта кететін тағы бір жайт, биыл елордада 50-ге жуық қоғамдық орын (саябақтар, алаңдар және басқа да көпішілік орындар) абаттандырылады.
130 шақырымдық веложол
Биыл елордада 45 шақырым веложол салынса, 3 жыл ішінде 130 шақырым веложол салу жоспарланып отыр. Уақыт өте келе қаланың барлық дерлік негізгі көшелерінде веложолдар салынады. Бұл елорда тұрғындары мен қонақтары арасында велоспортты дамытуға мүмкіндік береді. Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 13 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан қаласында велосипедтерді жалға беру қызметі жұмысын бастады. Пайдаланушылар үшін 50 велостансаға 200 велосипед қойылған. Маусым айында велосипед саны үш есе көбейтіледі. Елорда тұрғындары мен қала қонақтарына 155 стансада 700 велосипед қолжетімді болады. Бұл қала тұрғындары үшін автомобильдер мен қоғамдық көлікке балама болмақ. Велосипедтерді жүйеде тіркеу рәсімін өткеннен кейін ғана жалға ала аласыз. Ол үшін www.velobike.kz сайтына кіру қажет. Жүйеде 16 жастан асқан адамдар тіркеле алады. Абонементтерді 13 мамырдан бастап City Transportation Systems кассаларынан сатып алуға болады. Велосипедті жалға беру жүйесі 24/7 режімінде жұмыс істейді.
Қазақ театры қоныс тойын тойлайды
Театр Елбасының тапсырмасына сәйкес салынуда. Театр құрылысымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры айналысып жатыр. Кешен 800 орынға есептелген, 3 қабаттан тұрады. Ғимарат Ж.Нәжімеденов, А.Байтұрсынұлы және 23-15 көшелерінің қиылысында орналасқан. Қала әкімі Алтай Көлгінов құрылыс жұмыстарының кестеге сәйкес жүріп жатқанын атап өтті. «Аумақты абаттандыруға белсенді кірісу қажет. Барлық жұмыстар санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып жүргізілуі тиіс. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталады», деді елорда басшысы. Сонымен қатар ол Мыңжылдық ауданындағы инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысымен танысты. Бұл жұмыстар ауданды электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бір жылда – 12 мектеп
Жуырда елорда әкімі Алтай Көлгінов екі жекеменшік мектептің құрылысымен танысты. Инвестициялық кеңесте әкімдік білім беру саласындағы 20-дан астам жобаны қолдады. Аталған мекемелерді іске асыру шамамен 25 мың оқушы орнын және 4,5 мың мектепке дейінгі оқу орнын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бахрейн елордада мектеп салуға 3,3 млрд теңге инвестиция құйған. Бұл оқу орны қазіргі уақытта 3,5 мың оқушысы бар №72 мектептегі шамадан тыс жүктеме мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Оқу орны ақысыз негізде қаланың коммуналдық меншігіне беріледі. Мектепте оқу тегін болады. Құрылыстың аяқталу мерзімі – 2021 жыл. Елордада араб мемлекеттерінің қаржыландыруымен салынған мемлекеттік мектептер бар. Бүгінде қалада БАӘ және Қатар мемлекеттерінің мектептері табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында 2017, 2018 оқу жылынан бастап ашылған №85, №84 мектеп-лицейлері бар. Биыл 12 мектеп салынса, 2021 жылы тағы 12 мемлекеттік мектеп салынады. Бірінші кезекте мектептер сұраныс бар жерлерге салынуда. Осылайша, үш ауысымды мектептерге артылған шамадан тыс жүктеме мәселесі шешіледі. Қала әкімі Алтай Көлгінов «қарапайым заттар экономикасын» қолдап, дамыту қажет екенін айтты. Кешенді жоспар аясында 5 жылдық кезеңге 60 мың орындық 50 мектеп (оның ішінде 10-ы мектептердің аумағында) салу жоспарланған. Бұл екі ауысымда 120 мыңға жуық оқушының білім алуына мүмкіндік береді.
Балаларға базарлық – ойын алаңдары
Ел астанасында жаз келісімен аулаларды абаттандыру басталады: жаңа ойын алаңдары пайда болады, қолданыстағы ескілері жаңартылады. Тренажерлер, шағын сәулет формалары орнатылады. Аудандық әкімдіктерде жаңа ойын алаңдары қай жерлерде салынатыны және қандай абаттандыру жұмыстары жүргізілетіні айтылды.
Мысалы, Алматы ауданында 387 аула бар. 2020 жылы 33 ауланың аумағын көркейту жоспарланған. Қордай көшесі №75 үй мен К. Әзірбаев көшесіндегі №10 үйдің аулалары 2020 жылы абаттандыру жұмыстарының жоспарына енгізілген. Қосымша шағын сәулет формалары мен жаттығу құралдарын орнату маусым айында басталады. Айнакөл көшесіндегі №56, 56/1, сондай-ақ Р.Қошқарбаев даңғылы бойындағы №45, 45/1 үйлердің аулаларында кешенді көріктендіру жұмысы жүргізіліп, көлік тұрағы, спорттық және балаларға арналған ойын алаңы салынады. Жөндеу жұмыстарын маусым айында бастау жоспарланған. Ғ.Мұстафин көшесіндегі №15/2 үйдің ауласындағы спорт алаңына биыл ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Бұған қоса Т.Жүргенов көшесіндегі №74 мектептің ауданында гүлзардың құрылысын бастап, оған шағын сәулет формаларын орнатып, жаяу жүргіншілерге арналған жол төсеп, көгалдандыру көзделіп отыр. Ал Байқоңыр ауданындағы «Жастар» шағын ауданы, Абай даңғылы, А.Бараев, Ж.Омаров, Отырар және т.б. көшелердің бойындағы 50 ауланы абаттандыру жоспарланған. Жобаға сәйкес балаларға арналған екі орындық әткеншек, серіппелі тербеткіштер, құм салғыш, спорттық жаттығу құралдары, шағын сәулет формалары орнатылады. Аудан аумағында 235 аула бар, бүгінде оның 67-сін жаңарту қажет. Биыл 50 ауланы жөндеу көзделіп отыр. Елорданың Есіл ауданында 399 аула бар. Биыл 22-сі абаттандырылып, адамдар үшін қауіпсіз және сертификатталған шағын сәулет формалары орнатылады. Қоғамдық кеңістік аясында бір аумақта және 20 аулада бір ойын алаңын жабдықтау жоспары бар. Ал Сарыарқа ауданында биыл 40 ауланың аумағын көркейту жоспарланған. Ол жерде жалпы 540 аула бар. Ауданда барлығы 540 балалар алаңы болса, оның 10%-ын жаңарту қажет. Қазіргі күні аудандағы аулаларды абаттандыру қызметін көрсету бойынша мемлекеттік сатып алулар байқауын өткізуге дайындық жүргізілуде.