Аймақтар • 07 Шілде, 2020

Студенттер үйінің іргетасы қаланды

286 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорда күні қар­саңында және бес әлеуметтік бас­та­маны жүзеге асыру аясында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­верситетінде 1250 орындық заманауи Студенттер үйінің құрылысы басталды.

Студенттер үйінің іргетасы қаланды

Жаңа жатақхананың іргетасын қалау рәсіміне университет басшылығы, инвестор мен құрылыс компанияларының өкілдері, университет оқытушылары мен студенттері қатысты.

Салтанатты шарада сөз алған ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешуге мемлекет ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Бұл маңызды міндетті бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру аясында тұңғыш Президент Н.Назарбаев қойған болатын. Университет осы бағытта дәйекті жұмыс істеуде. Жаңа Студенттер үйінің құрылысын бір жылдан кейін аяқтау жоспарланып отыр. Оның құрылысы мемлекет-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылуда, инвестор – «Baikadam» компания­сы, ал құрылысшы компания «СК Самұрық-Құрылыс» ЖШС. Жалпы көлемі 22,5 мың шаршы метрді құрайтын тоғыз қабатты ғимаратта асхана, компьютерлік сыныптар, демалыс орындары, мәдени-тұрмыстық нысандар болады. Студенттер әжетхана және себезгімен жабдықталатын екі орынды бөлмелерде тұрады.

Соңғы жылдары ҚазҰУ QS жаһандық рейтингісінде 165-орынды иеленіп, әлемнің ең үздік 200 ЖОО-ның қатарына кірді. Бұл күнде ұлттық университетте білім алғысы келетін түлектердің саны да артып келеді, олардың қатарында шетел азаматтары да бар. Көптеген студенттер тұрғын үйге мұқтаж, ал жаңа жайлы жатақхана салу бұл мәселені шешуге мүмкіндік береді.

 

АЛМАТЫ