Экология • 08 Шілде, 2020

Оттегі өндіретін цех салынады

653 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбді­қалықова өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізді. Онлайн ре­жімде өткен шарада аймақ бас­шысы өңірде эпи­демиялық жағ­дайға байланысты атқарылып жатқан шаралар туралы айтып, сауалдарға жауап берді.

Оттегі өндіретін  цех салынады

Облыс басшысы апта басында тұрғындар талабына сай қажетті шараларды күшейтіп, туындаған мәселелерді жедел шешу үшін қаладағы бірқатар ауруханалар мен дәріханаларды аралағанын атап өтті. Аралау барысында инфекциялық және провизорлық төсектік орындар санын көбейту қажеттігі анықталған. Осы күні облыс аумағындағы инфекциялық стационарларда 515, провизорлық стационарда 1730 төсектік орын бар. Одан бөлек, тез арада облыстық фтизиопульмонология орталығы базасында қосымша 120 орындық инфекциялық және Жаңақорған ауданындағы Шалқия елді мекенінен 30 төсектік провизорлық орын ашылады. Облыс басшысы өңірде науқастар үшін орын тапшылығы жоқтығын, егер қажеттілік туындаған жағдайда жеке клиникаларды да оңтайландырып пайдалануға келісім жасалғанын айтып өтті.

– Медицина мекемелерін аралау барысында бірқатар аурухана басшылары негізгі проблемалардың бірі ретінде оттегі баллондарының жетіспеушілігін айтып отыр. Осыған байланысты, өндіруші мекемелермен бірлесе отырып сала басшылары мен қала, аудан әкімдері ауруханаларды үздіксіз және жеткілікті көлемде оттегі баллондарымен қамтамасыз етудің барлық мүмкіндіктерін қарастыруда. Сонымен қатар облыстық көпбейінді аурухана жанынан оттегі өндіретін цех салу жұмыстары қолға алынып, облыстық бюджеттен 80 млн теңге қаржы бөлінді, – деді Гүлшара Наушақызы.

Осы мамыр айында өкпені жасанды желдететін 20 құрылғы алынған, тағы 63-іне тапсырыс берілді. Ел жағдайына алаңдаған жергілікті кәсіпкерлердің де осындай аппараттар алуға қолдау білдіріп отырғаны қуантады.

Дәріханаларда вирусқа қарсы препараттар бар, алайда дистрибьюторлар тарапынан тапсырыста көрсетілген көлем толығымен жеткізілмей отыр. Соңғы бір апта көлемінде облыс дәріханаларында 3 айға жететін дәрі-дәрмек сатылып кетіп, жетіспеушілік туындады. Тек Қызылорда емес, күллі ел бойынша осындай көрініс байқалуда. Медициналық стационарларда 45 күнге жететін дәрі-дәрмек қоры бар.

– Тұрғындар арасында дәріханаларда дәрі-дәрмектердің бағасының ретсіз өсуіне байла­нысты шағым көп. Бұл бағытта облыстық та­уар­лар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті жұмыс атқаруда. Сондай-ақ қала, аудан әкімдіктері және Nur Otan партиясының облыстық филиа­лы жанынан құрылған арнайы топтар дәрі-дәрмек бағасы мен көлеміне қатаң бақылау жасайды, – деді облыс басшысы.

Тұрғындар дәріханаларда дәрі баға­сының ретсіз өсуі туралы деректерді тиісті орындарға электронды түрде немесе 40-00-01, 109 нөмірлі «Жедел желі» арқылы хабарласып, жеткізе алады. «Жедел желі» тәулік бойы жұмыс істейді.

Қазір облыстағы «Жедел жәрдем» қызметіне жүктеме 2 есеге өсіп, диспетчерлер мен қызметкерлердің жетіспеушілігі байқалып отыр. Осыған байланысты облыс­та медицина мамандығы бар жас мамандар мен еріктілерді жұмысқа тарту шаралары қолға алынуда. Ал үйден ем алушыларға қосымша көмек беру мақсатында 50-ден астам дәрігерлік мобильдік топ құрылды.

 

Қызылорда облысы